ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ТӘЖІРИБЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Уақыты: 04.02.2025
Оқылды: 526
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатында «Табысты оқыту – озық тәжірибелер нәтижесі» атты  семинар өтті. Онда Гиннес рекордтар кітабына енген қазақстандық математика мұғалімі Муаммер Гюль өз тәжірибесімен бөлісті. Шараға аудан, ауыл мұғалімдері қатысты.

Шара шымылдығын облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов түрді. Ол барлық қажетті жағдайлар жасалғанына қарамастан ауыл мектептеріндегі білім сапасының әлі де төмен болуы үнемі мазалайтынын, өңірде оқу сапасы төмен мектептерді тиімді жұмыс істеу режиміне көшіру, білім алушыларға олардың тұрғылықты жеріне қарамай тең білім алу мүмкіндіктерін туғызу мақсатында «Табысты мектеп» жобасы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

– Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні облыстағы 315 мектептің 256-сы ауыл мектептері.  Айта кету керек, ауыл мектебінің әрбір екіншісі шағын жинақты. Білім алушылардың 54%-ы ауыл мектебінде білім алады.   Сондықтан біз ауыл мектептерін дамыту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуға аса мән берудеміз, – деді Марат Бекбосынұлы.

Семинар аясында Муаммер Гюль «Олимпиадаға дайындық, үздік тәсілдер,  жетістікке апарар жол» деген тақырыпта баяндама жасады. Табысты бала тәрбиелеудің қыр-сырымен бөлісіп, жиынға қатысушылар мен олимпиадаға оқушы даярлау бойынша құнды ақпараттар берді.

– Мен Ақтөбе, Астана қалаларында жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Алматы қаласында математикадан білім берудемін. Жылына 30 баланы тәрбиелеп, математикаға жан-жақты даярлаудамын. Үнемі олимпиадаларға қатысып тұрамыз. Математикадан республикалық, халықаралық олимпидаларда қаншама рет чемпион атандық. 1 жылдың ішінде көп алтын медальді менің даярлаған шәкірттерім алған екен. Сол үшін де Гиннесс рекордтар кітабына енгізді. Балаларды олимпиадаларға әрмен қарай да жібере береміз. Басты мақсат – алдағы уақытта өтетін білім додаларында жеңіске жету, – дейді Муаммер Гюль.

Айта кетейік, дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары үшін биыл жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары басталады. 300 орынды оқу нысанын 2027 жылы қолданысқа беру жоспарлануда.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: Жетісу облысының білім басқармасы