Талдықорған жолдары қырық жамау: Биыл тағы 107 жаңа көше төселмекші

Уақыты: 18.03.2025
Оқылды: 2241
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл  сайын көктем шықса болды, Талдықорғанның жолдары тозып, ой-шұңқырға айналады. Жарықта, күн ашық кезде байқауға болар, ал жаңбырлы күндері қазандай тесікті аңдамай тарсылдатып өте шығасыз.  Зардабын көретін, әрине, көлік тізгіндегендер.

Содан дейсіз бе, жол бойында  жарылған дөңгелегін жамап отырған жүргізуші мен көлігіне қосалқы бөлшектер іздеп табаны тозған қала тұрғындарын көресіз жиі. 

Басқасы басқа дерсіз, бір жылдың ар жақ бер жағында жаңадан төселген асфальттар бір қысқа шыдас бермей ойылып жатса халық күймей қайтсін дейсің.

Мысал десеңіз, Талдықорғанның сотүстік ауданында былтыр Жаңа ғасыр деген көше толығымен қырылып, асфальт төселді. Ал қазіргі жағдайын көрсең, өз көзіңе өзің сенуден қаласың. Ойдым-ойдым.

Ал Желтоқсан, Ақылбеков, Нұрмолда Алдабергенов, Шоқан Уәлиханов, Ғабдул Сланов сынды көшеге көз жүгіртсеңіз, апаларымыздың баяғы құрақ көрпесін еске түсіреді. Жамаудың үстіне жыл сайын жамау түседі.  

Ол аз десеңіз, жылу жүйесі үшін қазылған жерлердің қайта қалпына келуі мұң да мұң көп көшеде. Келсе де белдеу-белдеу. Темірғали Рүстембеков, Юрий Гагарин деген көшелер соның айқын дәлелі.

– Мына жолдармен жүрудің өзі мұң ғой. Байқаусызда дөңгелегін түсіп кетсе ол жерден аман шықпайсың. Медеу, Қабыл Иса Жырау, Құрманов көшелерімен жүріп өтсең көресің, қандай шұңқыр болып жатқанын. Жыл сайын жөндейді, бірақ қайта сол қалпына түседі. Түсінбейсің, сапа деген болу керек қой, – дейді қала тұрғыны Ерлан Аманбаев.

Қала іргесіндегі Өтенай ауылындағы жолдардың сапасы да сын көтермейді. Тілек Абжалиев көшесіндегі жағдай тіпті адам шошырлық. Асфальттің мына ашылып кеткен тұсы (суретке қараңыз) тек көліктің дөңгелегін ғана зақымдап қоймай, түн баласында адам өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Кемі көліктің "көйлегін" жыртып қолыңызға ұстатардай сыйқы.

Облыс орталығындағы жолдар жайлы сауалымызды тиісті мемлекеттік мекемеге жолдадық. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаевтың сөзінше, биыл Талдықорғанда 70 шақырымнан аса жол ретке келтірілмек.

Атап айтқанда, «Құлагер», «Бірлік» шағын ауданына, «Жастар 1» және «Солтүстік-Батыс» тұрғын үй алабына 53,9 шақырым болатын жаңа жол құрылысы жүргізілмек. Осылайша жаңа бой түзеп жатқан аудандарда 107 жаңа көше салынады.

Сондай-ақ, биыл 21,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтпек. Бұған қоса, жол жамылғысын ауыстыруды қамтитын орташа жөндеу 27,9 шақырым ұзындықтағы 28 көшеде жоспарланған болса, ал 17450 шаршы метр жол ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Қаланың ішкі көше жолдарын жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, тамыз айына дейін жалғасады.

Біз жоғарыда мысалға келтірген Жаңа ғасыр көшесіне байланысты сауалымызға нақты жауап берілмеді. Ол жерге жөндеу жүргізген мердігер, оған бөлінген қаржы, сапасын, ендігі жағдайы қалай болатыны белгісіз күйде қалды. 

Мәулен Әнербай
Фото, видеоны түсірген автор