Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енді зейнеткерлердің банктер алдындағы берешегін қатаң бақылауға алады. Бұл шара азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізілмек.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, қазір Мәжілісте банкроттық рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Егер ол қабылданса, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған шағын несиелер бұрынғыдай реттелмейді, ал банкрот деп тану процесі жеңілдейді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтардың жәрдемақысы мен әлеуметтік төлемдері сот шешімінсіз бұғатталмайды. Алайда зейнетақы бұл санатқа кірмейді, сондықтан қарызды өтеу мақсатында оның 50%-ға дейінгі бөлігі ұсталып қалуы мүмкін. Ұлттық банк егер зейнетақыны толық қорғау енгізілсе, банктер зейнеткерлерге несие беруді шектеуі мүмкін екенін ескертті.
Көшербаевтың пікірінше, қарыздарды кешіру масылдыққа әкеліп, қаржы тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе қолданыстағы заң аясында ғана қарастырылады.
Фото: atr.kz