Кеше Талдықорғанда қоныс тойы тойланды. Қала тұрғындары үшін басты қуаныш– баспанаға қол жеткізу. Шаттық сыйлаған шараға қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы қатысып, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға жаңа 60 пәтер кілтін табыстады.
Ұзақ жыл күткен шаңырағына қол жеткізген қала тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Риясыз алғыстарын жаудыра жүріп қоныс тойларын тойлады. Қаланың «Бірлік» шағынауданында пайдалануға берілген баспананың 15-і – бір бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 30-ы – үш бөлмелі пәтер. Көпқабатты үйді салған мердігер «Эксклюзив» ЖШС құрылыс компаниясы.
– Бүгін заманауи үлгіде салынған, әдемі, жайлы үй өздеріңіз сияқты біраз жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға беріліп отыр. Пәтерлердің алғашқы легін «Шаңырақ күніне» орай 60 отбасыға облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы келіп табыстап, қуаныштарымен құттықтаған болатын. Енді міне, тағы да 60 отбасыға пәтер кілтін бердік. Бұл үрдістің қарқынын жоғалтпай, жыл соңына дейін тағы да 1500-ге жуық отбасын жайлы баспанамен қамту жоспарда бар, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
11 жыл үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Әйгерім Қайтбекова баспаналы болды. Бұған дейін қаланың әр жерінде пәтер жалдап келген қуаныш иесі бүгін дастарқан жайып, жаңа баспанасына шашу шашып келген жандарға дәм ұсынып, қуанышымен бөлісті. Қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы да Әйгерімнің қонысына бас сұғып, ақжарма тілегін білдірді.
– Біздің отбасымызда ақ түйенің қарны жарылған күн. Себебі жеке баспанаға қол жеткіздік. Бұл 6 баламыздың несібесі. Осындай жақсылыққа кенелткен облыс, қала әкімдігіне алғысым шексіз, – дейді Әйгерім Қайтбекова.
Еске салсақ, өткен жылы тұрғын үй берудің барлық бағыты бойынша Талдықорған қаласында 1283 отбасы баспаналы болды. Биыл 1500-ге жуық отбасы қоныс тойын тойламақ. Жыл басынан бері 248 отбасы баспана кілтін иеленді.
Тұрғындардан бір тілек
Нағима КЕРІМБАЕВА:
– Бүгін шаңырақ шаттығы еселенген күн. Пәтер кілтін алып, қуанған жандарды көру де бір бақыт. 11 баланың анасы ретінде елге амандық, жұртқа тыныштық қана тілеймін. Ел іргесі аман болса, әлі талай жақсылық болары анық. Қазағымның қара шаңырағынан құт кетпесін. Аналардың қазаны оттан түспесін. Елімнің әр азаматына қамқорлық танытқан Президентке, әкімдерге аналық жүргіммен рахмет айтамын.
Орынгүл МҮЛКІБАЕВА:
– Балаларымның несібесіне 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана ретінде 2012 жылы баспана кезегіне тұрдық. Міне, бүгін отбасымызбен өз пәтеріміздің кілтін алып, қуанып жатырмыз. Жалпы баспаналы болу үшін түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту жолы жақсы жолға қойылған. Өз азаматтарын қамқорлықсыз қалдырмаған мемлекетімізге алғысым шексіз.
Марфат ЕРҒАЛИЕВ:
– Мен бұл баспанаға 15 жылдан кейін қол жеткіздім. Үй кезегіне жетімдер санаты бойынша тұрғанмын. Ата-анамнан ерте айырылып, туғандарымның қамқорлығында болдым. Енді менің де жеке баспанам болатын болды. Осындай қуанышқа жеткізіп отырған мемлекетіме ризамын. Барлық қоныс той иесін шын жүректен құттықтаймын.
Медет ЖҰМАБАЙ