2025 жылдың алғашқы үш айында Жетісу облысында асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін 130 өтініш қабылданды.
Бұл жәрдемақы қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне тиесілі.
КІМДЕР ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ?
Мемлекеттік жәрдемақыны келесі санаттағы азаматтар ала алады:
18 жасқа толмаған балалар және осы жастан асқан, бірақ 18-ге дейін мүгедек деп танылған балалар (оның ішінде асырап алынған, өгей балалар, аға-інілер, апа-сіңлілер мен немерелер).
Зейнеткерлік жасқа жеткен ата-аналар, жұбайы немесе бала асырап алушылар.
Қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларына күтім жасайтын және жұмыс істемейтін ата-анасы, жұбайы, атасы, әжесі немесе аға-інілері мен апа-сіңлілері.
Зейнет жасындағы атасы мен әжесі, егер оларды асырауға міндетті басқа адам болмаса және күнкөріс көзі жоқ болса.
Күндізгі бөлімде оқитын 18 жастан асқан студенттер, егер олар оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ 23 жасқа толмаған болса (академиялық демалысқа шыққандарды қоса алғанда).
Жәрдемақы алу үшін, отбасы мүшесі қайтыс болған адамның толық асырауында болғаны немесе одан негізгі күнкөріс көзі ретінде тұрақты көмек алып отырғаны дәлелденуі тиіс.
ҚАЛАЙ ӨТІНІМ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?
Жәрдемақыны ресімдеу үшін:
Жетісу облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бару;
немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы онлайн өтініш беру қажет.
ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР:
Жеке басын куәландыратын құжат;
Асыраушының қайтыс болғанын растайтын құжат (өлім туралы куәлік, хабарлама, немесе сот шешімі);
Туыстық қатынасты дәлелдейтін құжаттар (туу, неке, әке/ана болуды анықтау туралы куәлік және т.б.).
Ескерту: Құжаттар мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынуы мүмкін болған жағдайда, оларды қағаз түрінде ұсыну талап етілмейді.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен