Жүйелі тәсіл

Уақыты: 08.12.2016
Оқылды: 1473
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу қаншалықты орынды болды, болашақ зейнеткерлер неге сене алады? Осы сұрақтардың бәріне біздің сарапшыларымызбен бірге жауап іздедік.

Өткенге
оралайық...

Біз тек зейнетке шығатын уақыт жақындап қалған кезде ғана еліміздегі зейнетақы жүйесінің қалай құрылғанына мән бере бастаймыз. Интернетті ақтарып, қартайғанға дейін қанша қаражат жинағанымызды шамамен есептейміз, ал егер жинаған ақшамыз біз ойлағандай болып шықпаса, шұғыл әрекет жасауға тырысып жатамыз. Бұлай істеуге де болады, бірақ қартайған шақта құр алақан қалмас үшін басқа жолды таңдауға болады. Оның үстіне бүгінде адам жас болған сайын болашағы да жемісті болмақ. Қазіргі жиырма, отыз жасқа келген буын өкілдері  жас кезінде тапқан ақшасына ғана сене алады. Өйткені бүгінгі Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің қолданатын тәсілі осындай. Әрине, бұрын кеңестік жүйеде бәрі айдан анық болды. Жұмыс істейсің, салық төлейсің әрі қартайғанда аш қалмайтыныңды да білесің әрі оған сенімдісің, өйткені қалай болған күнде де соңғы үш жылда есептелген жалақыңның заңды 60 пайызын аласың. Бәрі түсінікті, басыңды да қатырмайсың. Бүгінгі таңда да көпшілігі «90-шы жылдардың соңында кеңестік зейнетақы жүйесі неге бұзылды?» деген сұрақтар қойып жатады. Бұл не өзі: реформаларға деген ұмтылыс па жоқ  қажеттілік пе? Әрине, қажеттілік. Егер біз сол кездері өз зейнетақы жүйемізді ретке келтіретін шұғыл шаралар қабылдамағанда, сол қайта өзгерістерден кейін жиырма жыл өткенде, яғни, бүгінгі таңда қандай жағдайға түсетініміз белгісіз еді.     
– Иә, ортақ зейнетақы жүйесі тым қарапайым әрі көбінде жақсы болатын, бірақ оның кемшіліктері де көп болды, салдарынан көптеген проблема орын алды. Адамның қайда және қанша уақыт жұмыс істегені туралы барлық ақпарат еңбек кітапшасына жазылды, бірақ оның жалақысы көрсетілмейді. Жалпы алғанда Кеңес одағы кезінде әр адам қазынаға қаншалықты қаражат аударып жатыр деген ұғым болмаған. Барлық ақша бір қазанға түсіп тұрды, одан әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктерге, оның ішінде қарт кісілерге төлем жасау үшін де бөлініп тұрды, – деп түсіндіреді біздің сарапшымыз – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінің актуарлық орталығының басшысы Сайран СЕЙДИГАЗИМОВ. – Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда ортақ жүйенің қолданылуы жалғасын тапты, бірақ көп ұзамай жаңа экономикалық және демографиялық ақиқатта елдің барлық зейнеткерлерді қамтамасыз ете алмайтыны және тәсілдерді жылдам ауыстыру керектігі түсінікті болды. 
Бұл әбігершілікке толы, толқымалы тоқсаныншы жылдар еді. Буыны бекімеген экономика, мұнай бағасының құлдырауы (олар әрқашан шешуші рөл ойнады), жұмыссыздық, әлеуметтік шиеленіс т.т. Бұл жағдайларда ортақ зейнетақы жүйесі (азаматтардан қанша ақша алатынымызды дұрыс білмейміз, бірақ тиынына дейін беруі керек) өмір сүруге бейімсіз болып шықты. Жұмыс істеп, салық төлеп жатқан қазақстандықтар саны барған сайын азайып, қарттардың қатары көбейе берді. Мемлекет шоттар бойынша төлей алмайтын жағдайға жетті, зейнетақы кешіктіріліп төлене бастады. Бюджеттегі ақша мүлде жетпеді. Оның үстіне демографиялық фактор барған сайын қатты сезіле бастады. 2005 жылдан бастап зейнеткерлердің саны күрт өсті (олар 1945 жылдан кейін өмірге келген адамдар еді, ол кезде бала туу көп болған). Олар үшін жұмыс істейтін жастар саны мүлде жетіспеді (90 жылдардың басындағы бала туудың төмендеуін еске түсіріңіз). Және бір көрсеткіштен басқаға көшкен кезде біз демографиялық алшақтықты байқадық. Қазынадан көп ақша берілу керек болды, ал қаражат түсімі барған сайын азая берді. – 1998 жылы қазақстандықтар жалақыдан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады әрі жекеменшік қорлар пайда болды – деп жалғастырды Сайран Сейдигазимов өз сөзін. – Барлығы да дұрыс жүрген сияқты еді. Бірақ әлемдік дағдарыс, ел ішіндегі проблемалар, сол демографиялық факторлар зейнетақы жүйесіне де әсерін тигізді. Осыған байланысты біраз уақыттан кейін барлық зейнетақы қорларын бір мемлекеттік қорға біріктіру туралы шешім қабылданды, сөйтіп ақша да орнында, кепілдік те жоғары. 

...болашаққа
көз жүгіртейік... 

Өз жалақысының 10 пайызын жоқ дегенде 40 жыл аударған адамдар құрметті демалысқа шыққаннан кейін ғана жинақтаушы зейнетақы жүйесі толығымен жетілді деп айтуға болады. Яғни, Қазақстанда осындай алғашқы зейнеткерлер 2038 жылы кездесетін болады. Қазір қырыққа таяп қалған адамдардың барлығы өздері жинаған қаражатты ғана алатын болады. Әрине базалық зейнетақы ешқайда кетпейді, бірақ оның мөлшері тағы да еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Әрі біздің кез келгеніміз 2016 жылдан 2040 жылға қарай оңай өте аламыз. Оған мысал ретінде болашақ зейнетақымыздың мөлшерін есептеп көрейік.
* БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтына кіреміз 
* «Зейнетақы калькуляторы» – «Зейнетақы калькуляторы 1» бөлімін іздейміз
* Ол жерде: жынысымызды, туған жылымызды, 1998 жылға дейінгі өтілімізді, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілімізді, ағымдағы жинақтарымыздың сомасын және жалақымыздың мөлшерін көрсетеміз.  
* «Есептеу» тетігін басамыз және қартайған кезде бізді не күтіп тұрғанын бағалаймыз. Жүйе пессимистік, реалистік және оптимистік деген үш сценарий береді.
Калькулятор менің болашақтағы зейнетақымды болжаммен көрсетеді. Несі бар, жаман емес. Ең болмағанда қандай да бір нәрсені білеміз. Бірақ тағы бірнеше тұстарын анықтағымыз келеді. Мысалы 2038 жылға қарай зейнеткерлердің шоттарында болатын жинақтар он алты жылға жететіндей етіп бөлінеді, адамдар құрметті демалысқа шыққаннан кейін орта есеппен алғанда осынша жыл өмір (80 жасқа дейін) сүреді екен. Өкінішке қарай, кейбіреулері одан ерте қайтыс болады. Сол кезде олардың ақшасы мұрагерлеріне қалады. Ал одан да ұзақ, мысалы 90 жасқа дейін өмір сүретіндер не істейді?! Бүгінде ондай адамдарды ортақ зейнетақы құтқарып отыр. Бірақ болашақ зейнеткерлерге оны төлеу тоқтатылады. Не істеу керек? Ең төменгі базалық зейнетақыны қанағат тұтып жүре береміз бе?     
Қазір одан шығудың жолы – ерікті жарналарды аудару. Қызық болсын, өз сомаңыздың шағын бір бөлігін осы бөлімге кіргізіп, алдында айтылып өткен калькулятормен өзіңіздің болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін есептеп көріңіз. 
Өкінішке қарай, мұндай тәсіл танымал емес.  Сондықтан біздің қартайған шағымыздың қамын ойлауды мемлекет қолға алды. 2018 жылғы    1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің БЖЗҚ-да арнайы ашылған шартты зейнетақы шоттарына жалақыларының 5 пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын аударатын болады. Осы жерде айта кетейін, бұл ақша мұраға қалдырылмайды. Қайтыс болған адамның немесе елден кеткен адамның шотындағы осы қаражат қалған барлық азаматтарға автоматты түрде бөлінетін болады. Бұл төлемдер өмір бойы жүргізіледі. Бұл ұзақ өмір сүретіндер үшін нағыз сақтандыру. 
… Бүгінгі күнге
шолу жасайық

Ал ең басты сұраққа көшейік. Өзінің маңдай терімен, еңбектеніп тапқан және кәрілік шағына қалдырылған ақшаны кім сақтайды? Жинауын жинадық, ал біз оны аламыз ба? Зейнетақы шоттарында ақшасы бар көптеген адамдар мен жастарды да мазалайтын сұрақ осы емес пе? Біресе девальвация, біресе зейнетақы қорындағы ақшаны әртүрлі инвестициялық жобаларға жіберу жөніндегі жаңалықтар. 
– Құнсыздану деңгейіндегі кірістілік есепке алына отырып, зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беріледі деген ұғым бар. Ол заңда анық жазылған, – деп түсіндіреді Сайран Сейдигазимов. – Біз өз тұтынушыларымыздан «мен бір жарым миллион жинадым, бірақ девальвациядан кейін олар құнсызданып кетті...» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Бірақ, сіздердің барлық жарналарыңыздың сақталатыны және құнсыздану деңгейінен төмен болмайтын кірістіліктің  қамтамасыз етілетіні жөнінде Сіздер білулеріңіз керек әрі түсінгендеріңіз абзал. Бұл жыл сайын қайталанбайды, тек  зейнетке шыққан кезде ғана қайта есептеліп шығарылады. Егер бір кездері зейнетақы жинақтары құнсызданып кетсе, онда олар кейін қайта есептеліп, аталған ақша кем дегенде құнсыздану деңгейінде қайтарылады. Бұл айырманы мемлекет өтеуге міндетті.  
Ал Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысы туралы тәуелсіз сарапшылар не ойлайды?
Светлана ХАЙРУЛЛИНА, экономист:
– Қазір ортақ жүйеден кету  бүкіл дүние жүзіне тән болып отыр, Қазақстанның да көштен қалғысы жоқ. Көптеген елдер де осы жолмен келе жатыр. Әрине, мемлекет қандай да бір жүкті өзіне алған, бірақ оның көп бөлігі зейнетақы аударатын азаматтарымыздың өздеріне жүктеледі.    
Сондықтан да, скептиктер не десе де, айта кетейін: дүние жүзіндегі бір де бір зейнетақы жүйесі кемшіліксіз жұмыс істеп жатқан жоқ. Әрине, табысты зейнетақыға алмастыру кооэффициенті барынша жоғары елдер бар. Бірақ барлық жерде өз артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Экономика кезеңмен дамып келеді және дағдарыс орын алған кезеңдерде инвестициялық табыстың инфляцияны жабатын қажетті деңгейін қамтамасыз етпейді. Сондықтан, қазіргі кезде көптеген елдер өз зейнетақы жүйелерін жетілдіруге әрі жаңғыртуға барынша күш салып жатыр. Әдеттегідей олардың кейбіреуінен толық бас тартып жатқан жоқ, қайта мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың тікелей қатысу үлесін дұрыс бөлу және үйлестіру қолға алынды. Ол бізде де жүріп жатыр.  
Қазір еліміздегі қолданыстағы жинақтаушы жүйе нашар жұмыс істейді деп айту, әрине, қате. Құрметті демалысына шыққан соң өзінің зейнетақы жарналары есебінен ғана зейнетақы алып отырған бір де бір зейнеткер жоқ. Ал олардың сақталуына келетін болсақ, еске түсірейік, 2013 жылға дейін зейнетақы жинақтары жеке қорларда сақталып келіп, кейіннен ғана БЖЗҚ-ға берілді.  Зейнетақы активтері уақтылы берілді әрі сол уақытта қаражаттың қандай да бір бөлігінің жоғалғаны туралы мәселе туындаған жоқ. Әрине, инвестициялық табыс әртүрлі қалыптасты, себебі, бір қор жақсы жұмыс істеген болса, басқа қордың жұмысы нашар болды. Бірақ жалпы алғанда, сол кезде де, қазір де заңнама зейнетақы жарналарын сақтау бөлігінде толығымен орындалды. Тәуекелдерді бақылау жүйесі нақты жұмыс істейді. Кез келген салымшы БЖЗҚ сайтынан Ұлттық Банктің ақшаны қайда және қалай инвестициялайтынын көре алады, тіпті, өзінің зейнетақы шотын да тексере алады. Неліктен көпшілігінің бұл жүйеге сенбейтінін де түсінемін. Өкінішке қарай, «біз ол ақшаны бәрібір де көрмейміз, олар не күйіп кетеді, не құнсызданып кетеді» деген сөздерді  жиі естіп жүрміз. Мүмкін бұл сонау Кеңес одағынан қалыптасып қалған ой-пікірі шығар. Ол кезде көпшілігі өз жинақтарын жоғалтқан еді. Бірақ  қазір уақыт өзгерді, сондықтан біздің зейнетақы жүйесіне деген көзқарасымыз да өзгеру керек. Аға буын мемлекеттің көмегіне сүйеніп үйренген, бірақ бұл да өткеннің еншісінде қалып барады. Жастар көбінесе өздеріне сену керек әрі мұны түсініп, жаңа өзгерістерге бой үйрете бергені жөн. Бүгінгі таңда заңнаманы, өз құқықтарын білетін әрі қорғайтын, өз өмірін жақсартуға ұмтылатын жаңа, жас ұрпақ қартайған шағында бақуатты өмір сүретініне сене алады. 
Ерлан БУРАБАЕВ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басқарушы директоры: 
– Әдетте адамдар үнемі ұмытып кетіп жататын бірнеше маңызды сәттер бар. Мен соларды еске салып өтсем деймін. Егер Қазақстанда, яғни, елімізде ортақ зейнетақы жүйесі сақталып қалған болса, онда табыс салығы да  көп болатын еді. Еске түсірейік, Кеңес одағы кезінде салық 25 пайызға дейін жеткен болатын, ал біз қазір тек он пайыз ғана төлеп отырмыз. Зейнетақы қорына біз аударып отырған ақша – біздің (салымшылардың) ақшамыз, яғни, жекеменшігіміз, тек оны біз біраз уақыт өткен соң пайдаланамыз.  Оның үстіне бүгінде кепілдік берілген ең төмен зейнетақы жүйесі енгізіліп жатыр, оған қоса, жұмыс берушілер еңбекақы төлеу қорынан бес пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын аударатын болады. Бұл да өз кезегінде болашақ зейнеткерлерге арналған алдын ала сақтандыру түрі, былай қарағанда ортақ зейнетақы жүйесінің өзгертілген үлгісі. 
Ал аударымдардың сақталуы қалай болмақ? Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекет аударымдардың сақталуына ғана емес, сол секілді жинақталған құнсыздануға да кепілдік береді. Ал егер мұны есептейтін болсақ, онда бұл – адам құрметті демалысына шыққан кезде алатын қомақты ақша. Бізде адамдар ақшаны долларға шағып есептегенге бой үйреткен, сондықтан да, «осы ақшаны қолыма алғанда, мен оларды валютаға инвестициялайтын едім» деушілер де бар. Бірақ біз аударымдарды теңгемен саламыз және оған мемлекет кепілдік береді. «Мен тек өз қалтама сенемін, болашағым жайында ойлауым керек» деген секілді біржақты пікірде болмау керек.  Біреулер оларда осындай... бізде мұндай... деп Батысқа меңзейді, дегенмен, кейбір жайттарды естен шығарып алады. Біз өз елімізде қолданатын кез келген үлгіні еліміздегі ақиқаттарға бейімдеуге тиіспіз. Себебі, бізде салық салу, шегерімдер және т.т. жүйелері мүлде басқа. Басқа елдерде сәтті шыққан жүйелерді бізге әкеліп қолдана салуға болмайды. Олардың да өз ерекшеліктері бар.  Мен оптимиспін және әруақытта тек жақсылыққа сенемін. Біз жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгіздік және оны дамытуға тиіспіз. Қазір біз БЖЗҚ активтерін бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушылардың басқаруына беру керек деп ойлаймыз.  Бұл жалпы әлемдік тәжірибе – бұл жерде реттеуші Ұлттық Банк бір өзі ғана басқарушы болмау керек. Жарналардың сақталуы қамтамасыз етілсе, табыс та болады. Адамдар қазір де зейнетке шығып, жинақтарын алып жатыр. Олар көп емес, бірақ аударымдар да жақында жасала бастады. Ал жинақ кезеңі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым болашақ зейнеткерлердің шоттарындағы ақша да көп болады.  


Асия Демисинова.