Ажырасу - күнә

Уақыты: 09.01.2017
Оқылды: 2328
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Соңғы уақытта елімізде керегемізді кеңейтеміз деп асыр салып той жасап, артынан шаңырағы шайқалып, бір-бірін түсінбей ажырасып жататын жастар жиілеп барады. Тіпті, бұл келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз. Бөгде елдің есіргендеріне еліктеп ата салтымыздан аттап, ажырасуды сәнге айналдырып алдық. Сонда «адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымның мән-мағынасы жоғалып бара жатқаны ма? 

Бағзы дәуірден бері жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халықтың ұрпағы едік қой. Өткенімізге үңілсек, қазақта ажырасу деген ұғым болған емес. Өйткені,  қайта келген қыз жаман деп жалғыз оралған қызды ата-анасын ұятқа қалдырды деп сөгетін. Сол заманның жастары да «қызым қайтып келді», «ұлым ажырасты» деген сөзді естіртпеген. Отбасын құрар алдында ауылдың қазыналы қарттары: «Қосағыңмен қоса ағар», «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», – деп батасын беріп шығарып салған. Қыз жат жұрттық болғандықтан барған үйдің ошағының түтінін түтетіп, отын сөндірмеуді басты мақсат тұтады. Баяғының келіндері төсек орнын түгендеп, төркінге кетуді таңсық санауының бірден бір себебі осы. Қанша қиыншылықты басынан өткерсе де біріне-бірі сүйеу болған. 
Бүгінгінің жастары үйдің ішінде дау-дамайдың ұшы шықса, қиыншылықтан арылмай-ақ қойдым деп титтей кикілжіңге төзбей ажырасып кетіп жатады. Бабаларымыз: «Үйлену оңай, үй болу қиын», – деп текке айтпаса керек. Отбасын құрып үй болған соң ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды. Бірақ осы күні әйелі ерін бағаламай, күйеуі жарын баласының анасы ретінде аяламайтындарды да көз көріп жүр. Бұл отау тіккен ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйласымдылықтың жоқтығы.
Дінімізде де некені қасиетті санаған. Құранда: «Бір-біріңе сыйлы болыңдар, жақсы қарым қатынаста болыңдар», – делінген. Пайғамбарымыз: «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады», «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қияметте мен сендердің көптігіңізбен мақтанамын», – дейді. 
Иә, бұрынғы бабаларымыздың тілегі де отбасының береке- бірлігі мен олардың бүлдіршіндерінің көп болғаны. Егер үйде ұрыс бола қалған жағдайда әке-шешелері: «Ұлым-қызым, кейін арттарыңнан ерген ұрпақтарың болады, соларды ойлаңдар. Болашақтарың алдыда, біз де сондай қиыншылықтарды өткергенбіз деп ақылын айтып отыруы соның дәлелі. 
Бүгінгілер қит ете қалса: «Қызым, қандай отбасынан шыққаныңды есіңе ал. Өзің ұнатқан адамың, мен сендерді қосқан жоқпын», – деп айтудың орнына «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, бала болмай тұрғанда ажырас» деп ақыл берер ата-аналар жоқ емес осы қоғамда. Қызын үйіне алып келгенімен өз үйіне сыйыса ала ма? Ұшқан ұяма қайтып келдім деп, ол жердің берекесін қашырса не болады? Кешегі «сыртыма да сыяды» деген анасы өз баласынан теріс айналатыны анық.
Жақында бір танысым осы себеппен үйіне оралды. Алғашында дұрыс шешім қабылдағандай болған жанның ойы келе-келе өзгере бастады. Басында тату-тәтті тұрған отбасының бір-ақ күнде ойраны шықты. Ақыры үйіне қайтып келді. Өмір өтіп жатты. Әйтсе де, бұрынғыдай жылулық жоқ. Болмашы дүниеге ренжісіп, атасымен де сөзге жиі келісіп қалатын болды. Жатырына сыйған қыз енді шатырына сыймай қалды. Әу баста қызын алып келмей қайтарып жібергенде бұндай оқиға орын алмас еді. «Өз анама да сыймадым. Оданда күйеуіммен ұрысып жүргенім жақсы еді ғой», – деп қыз да жылады.
Қазіргі кезде қасиетті некеге немқұрайды қарап жүргендер бар. Ең сорақысы жастар виртуальды некеге көшті. Шетелден келген бұл індет бізге де еніп келеді. Әлеуметтік желімен танысып, тез арада некеге отыру сәнге айналды. Ғаламтор арқылы қауышып бақытын тапқандар да бар. Бірақ басым көпшілігі көп ұзамай айырылысып жатады. Бір-бірін түсінбей жүрген қоғамда танымай үйлене салғандардың тағдыры алаңдатарлық мәселе. Оны ойлап жатқан жан жоқ. Ал, бұрындары бесіктен үйлендіргендер бақытты ғұмыр кешіп жатты. Өйткені бабаларымыз екі нәрестені атастырғанда ата-анасының қандай адам екенін білген. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер». Ал, бүгін ата-анасы тұрмақ ерлі-зайыптылар бірін-бірі жөнді танымай ажырасып жатыр. Ең сорақысы, бұзылған некенің салдарынан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас үзіліп, тіпті бір-бірін танымайтындай деңгейге жетуі мүмкін.
Өзгенің қаңсығын таңсық қылып, ұлттық салт-дәстүрімізді жоғалтып алмайық. Некелесу – сүннет, ажырасу – үлкен күнә. Дінімізде де ерлі-зайыптылар ажырасудан аулақ болуын сұрайды. Күнәға батып иманымызды әлсіретпейік. Қазаққа ажырасу жат қылық болуы тиіс. Ойланайық. 

Айдар ҚАЛИЕВ