ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНДЫ АУЫЗДЫҚТАҒАН

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1387
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жылдың жаңалығы – жаңа айдар. Бұл ата басылымның мызғымас қағидасы. Бұл айдардың мақсаты – әр салада қызмет атқаратын жұмысшының ел білмейтін қырларын және негізгі айтыла бермейтін құпиялы сырларын ашып көрсету. Мұның ішінде техника мен қызметкердің негізгі рөлін айшықтап және сол арқылы бұқараның толық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету жайы да бар.

Әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар. Өмір мен өлімнің арасында лаулаған жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілердің жұмысы тіптен ерек. Олар жайлы «өрт орнына жай келді, суы таусылып қалды», – деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Алайда, оның да өзіндік себептері бар. Осындай жаңсақ пікірден арылу үшін біз бұл жолы өрт сөндіруші қызметкерлерімен жолығып, жұмыстың жай- жапсарын білген едік. Олай болса маманның сөзіне құлақ түрейік.
Өрт сөндіру мекемесіне бас сұқтық. Барлығы әскери тәртіппен екен. Рұқсатымызды алып, ішке ендік. Арнайы киімдерін киген қызметкерлер жұмыс үстінде. Кезекші бөлімнен басталды. Шырылдаған телефон аппараты. Тынымсыз қоңырауға жауап қатып жатқан кезекші қызметкер. Алғашында ойлап қалғанымыз бар. Мына қоңыраудың барлығы өртті тіркеп жатыр ма дегендей. Сөйтсек олай емес басқа да ақпараттарды беріп отырады екен. Бір сөзбен айтқанда қалыпты жағдайды баяндайды. Ал бізге керегі өрт сөндіруші қызметкері. Көкейімізді тесіп бара жатқан сауалдарға кім нақты жауап айтады деген ой. Сонымен басшылықтың рұқсатын алып 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Дәурен Исаевпен жолықтық. Өзі де мығым жігіт екен.  Болмысы нағыз өрт сөндіруші қызметіне арналғандай. Өз ісінің маманы. Онысы сырт көзден-ақ байқалып тұр. Біздің келетінімізді алдын ала ескерткен болу керек. Ілтипат танытып, жұмыс кеңсесіне апарды. Тізбектей берсек әңгіме көп, нақты іске көшейік. Қызметтің негізгі мақсаты да сол. Бірден іске кірісу. Өрт сені күтіп тұрмайды. Олай болса біз де сауал қоюға асықтық. 
Сауалымыздың негізгі ауаны өрт қызметінің жұмысына кеңінен тоқталсаңыз, ең бірінші өрт сөндіру қай жерден басталады, жалпы алғанда өрт жағдайы туындағанда сізде қалай және қандай әрекет істейсіздер деп төтесінен тарттық. Ағамыз да нақты іске көшті.
– Сіздердің не білгілеріңіз келіп тұрғанын түсініп отырмын. Расында сауалыңызға қарап, өзім де көп істің бетін ашқым келеді. Қарапайым жұрт өрт сөндіруші дегенде: «Олар өрт сөндіру көлігімен келеді, шлангасын алып, лаулаған өртке су шашады, содан ол от сөне қалады», – деп ойлайтыны анық. Ол дұрыс емес. Қызыл жалын оңайшылықпен ауыздықталмайды. Оған көп еңбек, тер төгесің. Оның да өзіндік әдістері бар. Суды лақ еткізіп құя салады деуге келмейді. Су шашудың да арнайы әдісі бар. Сондықтан басынан бастайын.
Ең бірінші кезекші бөлімге қоңырау түседі. Дәл сол жерден дабыл қағылады. Осы дабыл арқылы біз өрттің шыққанын білеміз. Сол сәттен бастап, жылдам өрт сөндіру көлігі тұратын тұраққа 1 минуттың ішінде жетуің керек. Тездетіп арнайы киімді киесің. Осы уақытта өрт болып жатқан нақты жерді, яғни, мекенжайды және оның қандай ауқымды шарпып жатқаны жайлы да мәліметке назар аударасың. Мәселен, егер сауда орталықтары, көпқабатты үй өртеніп жатқан болса, онда арнайы автосатысы бар «Ал-30» көлігі, көпқабатты үйлердің арасына оңай кіруге ыңғайлы «Абр-2» көлігі немесе таулы аймақ өртенген жағдайда        5 тонна суды арқалаған жол талғамайтын «Аса-20» көлігі жіберіледі. Міне, осыдан басталып, өрттің соңына дейін небір кедергілер болады. Мәселен, көпқабатты үй өртенді. Барлық мәліметке қанық болғасын бірден сол аймаққа жол тарттық. Енді осы жерде бір нәрсені ескере кетейік. Жолдағы жүргізушілер өрт сөндіру қызметі көлігінің дабылына аса мән бере бермейді. Жол беріп, өткізіп жіберу дегенді назарға алмайтыны қиынға соғады. Сіз ойлаңызшы, дәл осы уақытта көптеген адамның тағдыры қыл үстінде тұр. Өрт ішінде қалған адамның өмірінің үзіліп кетуіне санаулы секунд жеткілікті. Міне, осыны жолдағы көлік жүргізушілер назарға алмайды. Осыдан барып, біздің де уақыт созылады. Елдің кешігіп келді дейтін наразылығының тууына бірден-бір себеп осы. Жеке көлік жүргізушілер өрт қызметкерлеріне арнайы қызмет көлігіне сыйласымдықпен қарап, жол беріп жүргені абзал. Одан кейін бағдаршам. Өрт сөндіру қызметкерінің бағдаршамның қызыл түсіне тоқтайтын кезі де, тоқтамайтын кезі де болады. Егер өрт адам өміріне немесе маңайына үлкен қауіп төндіретіндей ауқымды болса, онда қызыл түске тоқтамауға қақымыз бар. Ал, қауіпсіз, маңайына жайылмайтын, қоқыс немесе елді мекеннен аулақ тұрған нысан өртенген жағдайда бағдаршамға аялдаймыз. Егер тоқтамай өтіп кеткен тұста тексеріледі және адам өміріне, қоршаған ортаға залалы тимейтін өрт барысында жол ережесін бұзды деп бізге айыппұл салынады. Осы тұста бағдаршамда тұрып қалған өрт сөндіру көлігін көрген көпшіліктің ішінде теріс ой болуы мүмкін. Ана жақта өрт болып жатқанда мына қызметкерлер асықпай, бағдаршамға аялдап тұр деген. Осындай ел біле бермейтін қыр-сыры бар екенін айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Ойпырмай, мына кісінің айтып отырғаны жөн. Расында да менің де санама сан мәрте осындай ой келгені бар. Бағдаршам тұсында тұрған көлікті көзім шалған. Бұлардікі не тұрыс, өтіп жүре бермей ме? Өрт сөндіру қызметінің мәшинесіне рұқсат емес пе деген кезім көп болған. Естімеген елде көп деген осы шығар. Енді білетін болдым. Көшеден көріп қалсам, ә, қауіпсіз өртті сөндіруге бара жатыр екен деп іштей ой түйем және маңайыма да айта жүремін. Ағамыз әңгімесін ары қарай жалғады. 
Өрт болып жатқан жерге жеттік дейік. Мұнда ең бірінші біздің міндетіміз, өртке оранған ғимараттың ішіндегі адамдарды құтқару. Қызыл жалынға су шашпастан бұрын, өрттің ішінде адамдардың қалып қалмағанына көз жеткізу керек. Бұл тұрғыда қызметкерлер өрт болып жатқан үйге кіріп, ішін аралап шығады. Жабық тұрған есіктерді бұзып кіріп, улы газға тұншыққан адамдарды сыртқа шығарады. Сөзімнің басында айтқандай үлкен өртке екі-үш көлік жұмылдырылады. Адам саны да көп болады. Әрқайсының өз міндеті бар. Арнайы киім киеді. Оны барлығыңыз да білесіз. Отқа төзімді киім. Сонымен қатар, арнайы ауамен қамтамасыз ететін балондар болады. Ол өзіңмен бірге жүреді. Онсыз мүмкін емес, улы газға тұншығып қалмау үшін. Қызыл жалынның ішінде жүру оңай емес. Адамдардың барлығын шығарып болған соң өртті сөндіруге кірісеміз. Көліктегі суды шашу үшін арнайы шлангаларды жалғап, оның басына оқпан киіледі. Ол оқпанның рөлі жоғары. Басы бұралып, судың шашылу үрдісін өзгертіп тұрады. Мысалға суды бас-көз жоқ шаша салмайсың. Ең бірінші қызыл жалынды басу үшін шашыратып шашасың. Осы кезде қызметкерлердің бірі маңайдан су құбырын іздейді. Оның да өзіндік қысымы болады. Кей тұстарда қысымы жоғары, кей кезде төмен болады. Бұл бізді сумен қамтамасыз етеу үшін. Жаңағы сөзімді жалғайын. Шашыратып, қызыл жалынды басқасын өрттің шығып жатқан жерін анықтаймыз. Яғни, негізгі ошағын. Міне, осы тұсты байқаған бетте суды қатты күшпен тігінен шашамыз. Бұл дегеніміз оттың көзін ауыздықтау. Қызыл жалынды шоққа айналдырып, түп-тамырымен құрту керек. Осы уақытта бағанағы сегіз тонна суыңыз үш минуттың ішінде бітіп қалады. Секундына 40 литр суды атқанда бөшкедегі суыңыз көзді ашып-жұмғанша түбі көрінеді. Халықтың айтып жүргені осы. Көліктері сусыз келіпті, бос келген немесе суы аз-ақ екен. Бір шашқаннан таусылып қалды деп. Қалың отқа қарсы тұру оңай емес, біздің көліктегі су біткен тұста, су құбырына жалғанып, үздіксіз су шашылады. Мұның барлығы бір уақытта атқарылады. Бірінші көлікті тауысып алып, содан барып құбырға жалғанбайды. Барлығы үздіксіз болу керек. Осылайша үлкен отты сөндіреміз. Тұрғындарға оның барлығы таңсық екені рас. Оны нақтылап айта бермейміз. Біздің басты міндетіміз қызыл жалынды ауыздықтап, адамдардың өмірін сақтап қалу. 
Міне, ағайын, мақаламызға арқау болған айдар «Мәлім де беймәлім» дегеніміз осы. О, тоба, сегіз тонна судың үш минутта түбі көрінеді дегенді Дәурен ағамыз айтпаса сенбес едім. Мәлімі суды әкелу де беймәлімі үш минутта шашылуы болып тұр-ау. Бағдаршамға тоқтап тұруы да беймәлім тұс. Ал суды шашу әдісі ше? Әдетте біз ойлаймыз, қолға түскен оқпанды отқа қаратып ұстап тұрса болғаны, су өзінен атқақтай береді деп. Жоқ, оның шашыратып және қысыммен атқақтатып шашу дегенін  білмейміз. Рсында да, сырт көзге бәрі оңай секілді. Суды шашу былай тұрсын, жанып жатқан оттың ішіне кіріп, адамдарды іздеуді айтсаңшы. Оның ішінде не болып жатқанын бір Жаратушының өзі ғана біледі. Мүмкін газ балоны өртеніп жатқан болар. Ол кірген бетте жарылып кетсе не болады? Немесе төбенің ағашы құлап, үйіндінің астында қалса ше? Өзге емес, өз өмірі де қиылды емес пе? Басын өлімге тігіп, жанқиярлық ерлік жасау деген осы шығар. Біз міндеті дейміз. Әй, бірақ оған да жүрек керек. Мен іштей бұл міндет менің қолымнан келмейтінін сездім. Осы тұста сондай ерліктің бірін еске түсіріңізші деп қолқа салдық.
Ондай ерлік көп болды. Қайсы бірін айтасың. Барлығы біздің міндет болғасын айтудың өзі әбестік. Жалғыз менің ғана емес, осында қызмет жасап жүрген барлық қызметкердің басынан өтеді деп ойлаймын. Одан гөрі мен мына бір жағдайды айта кетейін. Бірде өртке оранған тұрғын үйге бардық. Міндетіміз бойынша тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, өрт ішін бақылауға кірістік. Сол жерде бір үлкен кісі (әйел адам) балам ішінде қалып қалды деп жылап жүр. Біз де жалма-жан үйге кірдік. Сөйтсек баласы анасын сыртқа шығарып, газ балонды алып шығуға талпынған екен. Өкінішке орай газ балонның үстіне келіп кеудесімен жатып қалып, жантәсілім болыпты. Бұл қайғылы жайт. Оны айтып отырған себебім, көпшілік өрт қауіпсіздік ережесін білмейді. Төтенше жағдай туындаған кезде қандай шараны қолдану керектігін ескермейді. Тікесінен тік тұрып жүгіреді. Олай болмайды, улы газ үстіңгі қабатта орналасады. Сол себепті бірінші жер бауырлап жүру керек. Сол кезде газға тұншықпайды. Ең бірінші адам өзін сабырға шақыру керек. Артық байбалам, істің теріс шығуына әкеп соғады. Мұнан соң біздің қызметкерлер үнемі сақтық шаралары жазылған парақшаларды таратады. Міне, осыны оқып есте сақтау керек. Көпшілік оны назарға алмайды. 
Расында да, мұндай қағаздар біздің де қолға бірнеше рет түскен болатын. Бірақ, зер салып оқымайтынымыз анық. Бұл біз үшін керек екені белгілі. Басымызға іс түспей артық қимыл жасамайтынымыз бар. Оны мойындау керек. Осыдан кейін, мұндай парақшаны назарда ұстаймын деп өзіме-өзім уәде еттім. Ал ерлік істеп жүрген ағаларымыздың еңбегі қалай бағаланады деген сауалды алға тартып едім. Ағамыз оған байсалды жауап қатты.
Әрине, марапатталып, кеудесіне белгі тағылып жатқанға не жетсін. Ондай құрметке кез келген өрт сөндіруші қызметкері лайық деп ойлаймын. Әйтсе де, бұл біздің міндет. Сондықтан ерлік жасау үшін емес, халықтың өмірі үшін қызмет жасаймыз деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді.

«Көпті жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра»,  деген осы шығар. Дәурен ағамыз біраз әңгіменің түйінін тарқатты. Қайсарлық пен қаһармандық көрсетіп жүрген өрт сөндіруші қызметкерлерге деген құрметім еселене түсті десем артық айтпағаным. Беймәлім тұсты ашып айтып, істеген ерлігін менің басты парызым деп қарапайым ғана жауап берген қызметкерлерді марапаттау кезінде назардан тыс қалдыратынымыз көңіліме қаяу түсірді. Жә, ол бөлек әңгіме. Десе де, маманның айтқаны мен ісіне разы болып, біз де елге айта жүретін ой түйіп қайттық.

Айдар Қалиев