АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: "БІРДЕ-БІР БЛОГЕР МЕНІҢ АБЫРОЙЫМДЫ ТҮСІРЕ АЛМАЙДЫ"

Уақыты: 17.02.2020
Оқылды: 2181
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Халықтан түсетін арыз-шағым көрсеткіші бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында тұрған көрінеді. Бұл туралы бүгін Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауына Alem Social жүйесін таныстыра келген Ерлан Мейрамбаев жеткізді.

Аталмыш жүйе барлық танымал әлеуметтік желідегі шағым, жағымсыз жазбалар және мемлекеттік мекемелерге жазылған өтініштерге мониторинг жүргізеді. Әсіресе, білім, денсаулық, қауіпсіздік, ТҮКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы) және тағы басқа салалар қамтылған. Аймақ бойынша бір айдың ішінде 1 500-ден астам шағым түсіпті. Ерлан Мейрамбаев осы жүйемен келісімшарт жасасып, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Аталмыш жүйенің айлық құны 2 миллион теңгені құрайтын көрінеді. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев:

- Амандық Ғаббасұлы, республика бойынша шынайы ақпарат беретін осындай ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы ұйымға былтыр жүйені дамыту туралы ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Бір жағынан ақысы қымбаттау, - деді. Ал Амандық Ғаббасұлы:

- Мәселе онда емес. Нақты жағдай көрініс тапса, 10 миллион теңге болса да қабылдар едім. Олар біздің не істеп жатқанымызды біле ме? Жақсы, мыңдаған адамды жинайық, мен де шығайын. Жағымсыз жазба жариялаған блогерлер де келсін. Халықтың бағасы қандай екенін өз көздерімен көрсін. Барлық ауданға өзім барамын. Халықпен кездесемін. Қай жерде қандай мәселе бар екенін жақсы білемін. Керек десеңіз, жасалған жұмысты сапалық та, сандық тұрғыда да дәлелдеп беремін. Сіздердікі жалған ақпарат. Бұл дұрыс емес, - деп кейбір блогерлердің жазбаларына сын айтты. - Бір блогер мен туралы: «Камерадан қорқады», - деп жазыпты. Бір мерекенің өзінде 11 баланың тұсауын кестім. Неге екенін білесіз бе? Қазақ – ырымшыл халық. «Сізге ұқсасын» деп айтады. Ана блогер жазғандай мен камерадан қорықпаймын. Осыған дейін абырой жинадым. Менің кім екенімді бәрі біледі. Құрылысшы, спортшы екенім барлығына аян. Менің абыройымды ешқандай блогер түсіре алмайды. Өзімнің қандай екенімді, қалай жұмыс істейтінімді білемін. Түсіндіңдер ме? Осыны басқаларға да айтып бар. Менен үлкен сәлем деңдер.

Қабылдауда Амандық Ғаббасұлы өзіне ешқандай атақ-абыройдың қажет еместігін, халықтың шын берген бағасы бәрінен биік екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол желі арқылы жүргізілген рейтингтер де жұмыстың көрсеткіші бола алатынын сөз етті.

Облыс әкімі Alem social жүйесінде көрсетілген шағымдармен мұқият танысып, онда көтерілген мәселелерге, пікірлерге тоқталды. Өз сөзінде ол аймақтың оң көрсеткіштерін мысалға келтіріп: "Жаңадан ашылған жұмыс орындары, ауылшарушылығының табысы, іске қосылған зауыт, туризм туралы неге жазбайсыңдар?" - деді.

Осыдан кейін қабылдауға кірген қайырымдылықпен айналысатын Сәкен Алтынсарин облыс әкімі Амандық Баталовқа Жамбыл ауданында болашағы зор нысан тұрғанын, сол ғимаратқа қаржылай қолдау көрсетілсе, әлемде теңдесі жоқ шипажай ашуға болатынын жеткізді.

Елуден астам азаматты қабылдаған Амандық Ғаббасұлы барлығының өтініш, шағым, тілектерін тыңдап, мәселелерді шешуге көмектесетінін айтып, солардың көзінше жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы