Көмекке зәру жандар көзден таса қалмайды

Уақыты: 26.01.2017
Оқылды: 1578
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әлемде қалыптасқан дағдарыстарға қарамастан мемлекетіміздің әлеуметтік салаға, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты ұстанған саясаты, сол саясат негізінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағыттағы реформалары еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында тұр. 

Облыс бойынша өткен жылы 7746 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылды. Стационар жағдайында қызмет көрсететін тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруға арналған 9 мекеме жалғызбасты қарттар мен мүгедектер үшін, психоневрологиялық дертке шалдыққан науқастар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жұмыс істейді.
Сондай-ақ, облыста мүгедектерге қызмет көрсететін әлеуметтік ұйымдардың желісі кеңейтілуде. 2016 жылы Қаратал ауданында балаларға арналған 60 орынды күндіз болатын орталық ашылып, онда мүмкіндігі шектеулі өрендерге медициналық, педагогикалық және психологикалық оңалту көмектері көрсетілуде. Аталған мекемелер арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрімен қамтылған. 
Жүйелі де жемісті жұмыстардың нәтижесінде арнаулы әлеуметтік орындарға кезекте тұратын азаматтар саны азаюда. Мысалы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2013 жылы 203 адам кезекте тұрса, 2016 жылы 50 адам ғана тіркеуде қалған. Интернат үйлеріне орналасуға ниет білдірген жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің азаюына байланысты, Сарқан қарттар мен мүгедектер үйі психоневрологиялық интернатқа ауыстырылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен, Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылында психоневрологиялық сырқаттары бар мүгедектерге арналған интернат үйі салынып бітіп, 157 адам аталған мекемеге орналастырылды. 
Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2011 жылы тұрғындардың арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылу деңгейі 77,2 пайыз болса, 2016 жылдың қорытындысына сәйкес, бұл көрсеткіш 99,4 пайызға жетті. Сондай-ақ, осындай мекемелерге бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де жылдан-жылға ұлғаюда. 2016 жылы әлеуметтік мекемелерді ұстауға 2645,1 млн. теңге бөлініп, мемлекет қамқорлығындағы бір адамды ұстауға арналған шығындар  жылына орта есеппен 1204,0 мың теңгені құрады.
Қамқорлықтағы тұлғаға тәулігіне көрсетілетін қызметтердің орташа құны жылдан-жылға ұлғаюда, егер Стандарт енгізілген уақытта, яғни 2009 жылы қызметтердің құны 2016 теңгені құраса, 2012 жылы – 2696 теңгені, 2013 жылы – 2905 теңгені, ал 2016 жылы 3298 теңгені құрады.
Бұл  мекемелерде өздерінің лабораториялары және физио, массаж кабинеттері, жаттығу құралдарымен жабдықталған залдары, кітапханалары, фитобарлары, стоматологиялық кабинеттері, имандылық бөлмелері, шахмат-дойбы клубы, бильярд залы бар. Сонымен қатар, психологиялық-эмоционалдық жағдайларын қалыпқа келтіруге арналған сенсорлық зал, жанды зообұрыш, еңбек терапиясы сынды кабинеттер жұмыс істейді.
Өмір заңына байланысты, «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 2015-2016 жылдар аралығында 105 адам қайтыс болған. Оның 5-і денсаулығына байланысты мүгедек жандар болса, 100-і егде жастағы қарттар. 
Республика бойынша халықтың өмір сүру  ұзақтығы орташа есеппен алғанда  72 жас, ал Алматы облысында 72,4 жас болса, аталған мекеме бойынша өмір сүру ұзақтығы 78-79 жасты құрап отыр. Бұл қарт адамдар мен мүгедектердің денсаулықтарын оңалтуға арналған іс-шаралардың үзбей жасалынуының нәтижесі деп білеміз.
Дегенмен, аталған мекемелерде 2015 жыл мен 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мүгедектердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнаманың қолдануына байланысты Алматы облыстық прокуратурасының тексеруі кезінде бірқатар кемшілік анықталды.  Осы тексеру кезіндегі олқылықтардың басым бөлігі мекемелерде көрсетілетін медициналық қызмет сапасының төмендігімен байланысты болып отыр. 
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты барлық мекеме өкілдері  облыстық прокуратураның заңбұзушылықты жою туралы ұсынымымен таныстырылды. Басқарманың алқа мәжілісінде тексерудің қорытындысы, орын алған әрбір кемшіліктер жеке-жеке талқыланып, таразыланып, олардың орын алу себептері екшеленді. Нәтижесінде облыста орын алған кемшіліктерді анықтау, оның  себептері және оны жою үшін іс-шара жоспары бекітілді. Осы жоспардың аясында бірқатар ескертулер жойылып, алдағы уақытқа атқарылатын жұмыстар белгіленді.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында кемшіліктерге жол берген 55 адамға тәртіптік шара (17-не ескерту, 20 адамға сөгіс, 18-не қатаң сөгіс) қолданылды. Ал 18 қызметкер жұмыстан босатылды, оның ішінде 15 мейірбикенің сертификаттарының расталмағандығынан осындай шешім шығарылған.
Алдағы уақытта аталған мекемелердің жұмыстарын құрамына  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енетін қоғамдық кеңестер де бақылайтын болады.
Бүгінгі нарықтық қатынас кезінде экономикада түрлі ауытқулардың болатыны заңдылық. Осы орайда Елбасының сындарлы саясатын қолдап, сөзден гөрі нақты іс-қимыл жасап, қолда барды үнемдеп, іздену қажет. Сонда ғана «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қандай қиындық болмасын еңсеретініміз анық.
Күнделікті ортамызда жүрген әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар – қашанда біздің Қазақстан сынды зайырлы қоғам назарында. Алдағы уақытта да оларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіле беретін болады. Сондай-ақ, ондай  жандардың өмірден өз орындарын табу, оларды еңбекке тарту және сауықтыру, үнемі сапта жүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарымыз жібін үзбей жалғасын тауып, жіті бақылауда болмақ.

Қаныбек АЙТЖАНОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.