"ӘКІМДЕР ЖАУАПТЫ": АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Уақыты: 23.03.2020
Оқылды: 1127
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Азық-түлік бағасын қадағалау, бағаны тұрақтандыру - аудан, қала әкімдерінің негізгі міндеті". Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қала, аудан әкімдерімен өткізген селекторлық жиында осылай мәлімдеді.

Бірқатар ауданда жүргізілген мониторинг нәтижесінде қант, күріш, картоп және сүт өнімдерінің бағасы көтерілген. Осы жағдайды алға тартқан облыс әкімінің орынбасары әкімдерге тұрақты түрде тауарлардың бағасын бақылауды қатаң тапсырды. Алдағы уақытта әкімдер "Азия Агро-фуд" компаниясымен келісімге отырып, тұрғындарға қалыпты бағада, яғни, келісі 130 теңгеден ұн беретін болады. Арзандатылған ұн әр отбасын қамтуы тиіс.

- Бүгінгі таңда облыс бойынша әлуеметтік маңызды тауарлардың барлығы жеткілікті. Алаңдауға еш негіз жоқ. Алайда аудан, қала дүкендеріндегі тауарларға сұраныс артты. Осы сәтті пайдаланған саудагерлер бірқатар тауардың бағасын қымбаттатып үлгерген. Салдарынан халық ішінде түсініспеушілік орын алуда. Жергілікті жерде тауарлардың бағасы қымбаттаса, бұған бірінші қала, аудан әкімдері жауап беретін болады. Сондықтан да, бағаның тұрақты болуын күнделікті қадағалаңыздар. Аудандар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мәселен, Райымбек ауданының қорында картоп өнімі бар. Балқаш ауданы арзан бағада күріш берсе, Қаратал ауданы мен Қапшағай қаласынан пияз алуға мүмкіндік бар. Халыққа қорда азық-түлік бар екенін және баға да тұрақты қадағаланатынын түсіндіру - бәріміздің міндетіміз. Бұл іске немқұрайдылық танытпаңыздар, - деді Серікжан Бескемпіров.

Облыс бойынша күнделікті көтерме сауда мен сатылымдағы тауарлардың бағасына мониторинг жасалып отыр. Барлық сауда орындарындағы азық-түлік бағасы бақылауға алынған. Бұл іс алдағы уақытта да басты назарда болады.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды