"ЫСТЫҚ ТАМАҚ ЖЕТКІЗЕДІ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЕРІКТІЛЕРГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ

Уақыты: 28.03.2020
Оқылды: 919
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Талдықорған қаласының маңында 4 санитарлық пост орнатылып, ондағы қызметкерлерге біздің еріктілер белсене көмек көрсетуде.

Ыстық тамақ, шай, басқа да бірінші кезектегі қажеттіліктерді жеткізіп, алғы шептен көрінді. Мен өз атымнан жəне барша облыс тұрғындарының атынан еріктілерге алғыс айтамын.

Біз ең алдымен осы санитарлық посттардың қойылу себебі - індеттің таралуына жол бермеу екенін ұмытпауымыз керек. Вирустың таралуын тоқтатуға əр азамат үлес қосып, қауіпсіздік шарттарын қатаң сақтап, мүмкіндігінше артық қозғалысты доғарып, үйде отырған абзал.

28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Осыған орай, біз де осы қағиданы басшылыққа алып, індетті тоқтатуға атсалысайық!

Өзіңіздің жəне жақындарыңыздың денсаулығы үшін үйде болыңыздар, құрметті жетісулықтар!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі