БАСҚАРМА БАСШЫСЫ 42 500 ТЕҢГЕ КІМГЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕТІНІН ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 1097
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, кәсіпорындар жұмысы жартылай және толық тоқтады. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған жандарға жәрдемақы төленетінін айтқан болатын. Бұл дәл қазіргі сын сағатта халық үшін үлкен қолдау мен қамқорлыққа ие шешім болды.

Мемлекет басшысы: "Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері яғни, 42 500 теңге көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады", – деді. Әлеуметтік төлем ең алдымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жүзеге асырылатындығын атап өткім келеді. Оқырман тарапынан төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі деген заңды сұрақ туатыны анық. Әлеуметтік төлемдер жұмыстан шеттетілген мынадай санаттағы азаматтарға беріледі:

1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері;

2) карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;

3) жеке кәсіпкерлерге;

4) жеке практикамен айналысатын адамдар. Оларға  адвокат, нотариус, жеке сот орындаушысы, кәсіби медиатор мамандары жатады.

5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;

6) азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар.

Осы аталған санаттағы азаматтар елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға толық құқылы.

Халықтың аталған 6 санаттағы азаматтарына қолдау көрсету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әлеуметтік төлемдер алу ережесі әзірленіп, №110 бұйрығымен бекітілді. Ережеде әлеуметтік төлемді алу үшін төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде қызметінің шектеулеріне байланысты табысын жоғалтқан адамдардың тізімін қоса бере отырып, жұмыс беруші немесе қызметкердің өзі жүгінуге құқылы екендігі нақты көрсетілген.

Тұрғындарға түсінікті болу мақсатында әлеуметтік төлем алу үшін не істеу қажет екенін айтқым келеді. Әлеуметтік төлемді беру алгоритмі негізінен 3 қадамнан тұрады:

1.Төтенше жағдай кезінде қызметінің шектеуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдардың тізімін қоса бере отырып, жұмыс беруші немесе қызметкердің өзі аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш білдіреді. Өтінішті арнайы бөлімге бармай-ақ үйде отырып, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жібереді. Қажетті құжаттың сканерленген нұсқасын қамтитын электрондық файл қоса беріледі және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады. Жұмыс беруші өтінішпен бірге қызметтен шеттетілген қызметкерлердің тізімін ұсынады. Ал қызметкер немесе жеке кәсіпкер өзі өткізсе, оның жеке мәліметі өтінішке енгізіледі.

2.Өтініш аудандар мен қалаларда құрылған штабтардың қарауына шығарылады. Штаб құрамына осы мәселеге қатысы бар мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік кірістер департаменттерінің, кәсіподақ ұйымдарының, кәсіпкерлер палаталарының өкілдері кіреді. Аудандық, қалалық штаб қызметкерлері барлық келіп түскен өтініш пен ұсынылған құжаттың толықтығын тексеріп, қорытынды шығарады. Қорытынды шешімде төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде қызметтің шектеулеріне байланысты табысынан айырылған адамдардың тізімі көрсетіледі. Бұл құжаттар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшелеріне жолданады. Барлық рәсім 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

Егер төтенше жағдай кезінде жұмыстан босатылған қызметкер болса, ол жұмыс берушіні күтпей-ақ өзі өтініш жаза алады. Бірақ мұндай кезде ол өзінің жұмыссыз қалғанын растайтын құжаттарын ұсыну керек. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелуге, жұмыстан шыққанына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау жөніндегі өтініш жазуы қажет. Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген болса, "электронды үкімет" порталында әлеуметтік төлем алуға өтініш қалдыра алады. Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алғысы келетін жандарға әлеуметтік төлем және зейнетақы қорына ақша салынғаны туралы анықтама керек емес. Мұны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы автоматты түрде тексереді.

Әрбір адам бойынша жеке әлеуметтік төлемді тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешімнің жобасын қалыптастырады. Электрондық іс макетін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына жіберген соң 1 жұмыс күні ішінде электрондық іс макетінің шешім жобасын қарайды және тағайындау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Әлеуметтік төлемдер күн сайын төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде жүзеге асырылады. Қор филиалы қабылдаған шешім 1 жұмыс күні ішінде адамдарға хабардар етіледі.

Бүгінгі таңда облыста 22 штабтың отырысы өтті. Облыс бойынша 142 жұмыс берушіден және 201 қызметкерден өтініш түсті. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшелеріне 98 жұмыс берушілердің және 523 қызметкердің штабпен қаралған қорытынды шешімдері жолданды. Нәтижесінде 126 адам 42 мың 500 теңге әлеуметтік төлем алды.

Төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік төлем алу туралы қосымша сұрақтарыңыз болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе Call-орталықтың 1414 нөміріне хабарласып, нақты әрі толық жауап алуларыңызға болады.

Зайда ІЛІМЖАНОВА,

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы