"ЕКІ-ҮШ ЕСЕГЕ ӨСІРГЕН": БАЗАРДАҒЫ БАҒА ЫРЫҚҚА КӨНБЕЙ ТҰР

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 1335
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Дәл қазіргі жағдайда азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Талдықорған қаласындағы базарларға арнайы барып, ондағы бағаларды өзара салыстырып, журналистік зерттеу жүргізді. Сонымен, халық жиі баратын «Калпье», «Көк базар» және халық аузындағы «оптовка» базарларындағы бүгінгі бағаның жайы қандай? Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкен сөрелерінде жеткілікті ме? Жалпы, базардағы баға туралы тұрғындардың да пікірін білгенді жөн көрдік.

Өзіміз жүргізген рейдтің нәтижесін баяндасақ. Алдымен, таңер­теңгілік уақытта орталық базарға бас сұқтық. Бізді тұрғындардың күн­делікті тұтынатын нан, қант, күріш, ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоптың бағасы қызықтырды. Мысалы, «Кальпе» сауда орталығында «Сәлем» маркалы макарон өнімінің бағасы 560 теңге. Ал сұранысқа ие жоғары сортты «Пионер» ұнының 50 келілігі 9500 болса, 25 келісі 6500 теңгеден. Бірінші сорты 1000 теңгеге арзан. Тура осы ұн көтерме базарда 8500, 5500 теңгеден сатылады.

Біз барған сауда орындары ішінде «Калпье» базарында қант қымбаттау болып шықты. Яғни, Көксу қант зауытынан шығатын 25 келілік шекер құны – 6500 теңге. «Баракат» күріші 1850 теңге болса, майдың қымбаты 2300 теңге. Картопты көтерме бағамен алсаңыз келісі 180 теңгеден айналады.

- Бұл базарға үнемі келемін. Басқа сауда орындарына қарағанда, азық-түлік сататын орындар өз жұмысын ерте бастайды. Үйім осы маңайда болғандықтан, "оптовкаға" келген ыңғайлы. Әрине, бағаның арзан болғаны жақсы, алайда оған сатушыларды кінәлай алмаймыз ғой. Десе де, бір жетінің ішінде сұраныстағы азық-түлік қымбаттап үлгерді. Қантты осыдан бір жеті бұрын 5400-5500-ге алып жүрдім, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Лаура Бодықбаева.

Өздерін ерлі-зайыптымыз деп таныс­тырған Елжан мен Аяулым қажетті азық-түлікті осы базардан және орталық базардан алатындарын айтты. Аяулымның айтуынша, базардағы бағаға аса мән бермейді екен. Бірақ аяқ астынан қымбаттаған ұн, май, қант бағасына алаңдағанын жасырмады. Оның үстіне жеміс-жидекке сұраныс артып тұрған уақытта баға түскеннің орнына қымбаттағына алаңдаушылық білдірді. Балалары жесін деп күнделікті алма алып отыратын олар оның бағасы күрт өскендігін жеткізді. 350-450 теңгеден алып жүргендері 500-600 теңгеден тұр.

Келесі барған сауда нысанымыз – «Бастау» сауда орталығы. Мұнда күнбағыс майы «Калпьеға» қарағанда 200-300 теңгеге арзан екен. Осындағы сатушылардың бірі қанттың қымбаттауына байланысты бұл маусымда қант сатуды құп көрмепті. Мұнда да көкөністің түр-түрі көп. Бағалары да алуан түрлі. Қызанақтың келісі 650 теңгеден басталады.

Соңында «Дәулет» сауда орнына да келіп жеттік. Мұнда бізді лимон, сарымсақ (чеснок), зімбірдің бағасы қызықтырды. Белгілі болғанындай, сатушылар бағаны екі есеге, тіпті, үш есеге дейін өсіріп жіберген. Қарапайым сарымсақтың келісін 3700 теңгеге әрең дегенде табасың. Лимон мен зімбір (имбир) тіптен қымбат. 2200-ден, 5000-нан аласыз. Бағаны өсіруге әлеуметтік желіде тарап жүрген ем-дом түрлері де әсер еткен болуы керек. Өйткені, мәтінде лимон, зімбірді пайдаланған адам «коронавируспен ауырмайды» делінген.

Үлкен сөмке арқалап бара жатқан апаны көріп, әңгімеге тарттық. «Шынымды айтайын, бағаларды көріп, жағамды ұстадым. Бір күннің ішінде 100 пайызға дейін көтеріп тастапты. Зімбір, лимонның бағасын айтамын. Иммунитетті көтергенге пайдалы деп зімбір, бал, лимонды күнделікті сатып алатынмын», – деді өзін Алима апа деп таныстырған кейуана.

Біз кірген «Small» мен «Magnum» сауда орындарында тауар бағалары өспеген. «Мұның барлығы уақытша, алдағы уақытта бәрібір тауар бағасы өсетін болады», – дейді сонда азық-түлік алып жүрген тұрғындар.

Міне, біз аралап көрген сауда орындарындағы жағдай осындай. Бұл жерде тек ірі супермаркеттердегі тауар бағаларына ғана бақылау бар сияқты көрінді. Ал базардағы баға ырыққа көнбей тұр. Сондықтан тек ірі сауда орындарындағы бағаны бақылауға алмай, базарлардағы бағаларға да көз қырын салып, қадағалау қазіргідей жағдайда аса маңызды. Бірақ ондағы сауда жасаушылар мұндай қатаң қадағалауға көне қояр ма екен? Әй, қайдам... Оған жұмысын тоқтатуға тырысқан жабайы сауданың өзі мысал болып тұрғандай.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - автор

Талдықорған қаласы

Алматы облысы