КОРОНАВИРУС: "АСЫЛ АРМАН" ТҰРҒЫНДАРЫНА ТЕГІН АЗЫҚ-ТҮЛІК ҮЛЕСТІРІЛДІ

Уақыты: 05.04.2020
Оқылды: 1268
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарасай ауданында карантинге жабылған «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің отбасыларына әкімдіктен тегін азық-түлік тауарлары таратылды. Бұл жайында Алматы облысы әкімінің ресми сайтында жарияланды.

- Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес, карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесу барысында бірінші кезекте біз азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені, карантиннен бөлек, тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Оған қоса алдағы уақытта шешімі қарастырылатын бірқатар тұрмыстық мәселелер талқыланды, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев. – Біз оларға бұдан былай да қолдау көрсетеміз. Мұқтаж адамдардың тізімі басқарушы компаниялардан келіп түсуде. Азық-түліктен басқа, тұрғын үй кешеніне 10 мыңдай бір реттік бетперде апарып берік. Олар тегін таратылуда.

Алғашқы азық-түлік пакеттері 1215 адамды қамтитын 240 пәтерге берілді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қарт адамдар және жұмыссыз қалғандар сияқты халықтың әлеуметтік әлсіз топтары ескерілді. Тұрғын үй кешеніне азық-түлік тарату ісіне кешенде тұратын тұрғындар арасынан шыққан волонтерлар белсенді қатысуда.

- Жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз жұмыссыз қалдық, өмір сүруге керекті қажеттіліктерге зәруміз. Уайымдай бастап едік, бірақ әкімдік бізді қиындықта жалғыз қалдырған жоқ. Қолдап, көмек көрсетіп жатыр, - деді «Асыл арман» тұрғыны Александр Цой.

Атап өтсек, тұрғындардың көпшілігі үйлерін ипотекамен алғандықтан, жергілікті билік ипотека төлемінің мәселесін қарастыруда. «Бұл мәселе әр жағдайды жеке-жеке алып, қарастырылатын болады», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев. Сол сияқты тұрғындар карантин аяқталғаннан кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша да жұмысқа тұра алатындығы айтылды.

Жалпы, қолдаудың қосымша шараларының арқасында жұмыстан шығып қалған және жұмыссыз азаматтар үшін 68 мың жұмыс орны ашылатын болады. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланған. Жұмыс орындарын құруда Мемлекет басшысының Жұмыспен қамту жол картасына 1 трлн.теңге бөлу туралы шешімі зор ықпал етеді. Сол қатарда біздің облысқа 109,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаржыға 22,8 мың жұмыс орнын құратын 977 жоба жүзеге асырылмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы