"МЕКЕМЕГЕ БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ": 42 МЫҢ 500 ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ?

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1688
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында «42 мың 500 теңге жәрдемақы және азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтарды кім алады?» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.

Жиынға Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева, Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжан Оспанова, «Азаматтарға арналған үкімет» ҚР ҰК ҰА филиалы, Талдықорған қаласының Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы  Гүлсара Қадырова қатысты.

42 500 теңге жәрдемақыны алудың жаңа тәсілі туралы Бақыт Тоқтарқызы түсіндірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 наурыздағы тапсырмасында 4 санат бойынша төлем алу көрсетілген. Кейін Мемлекет басшысы біраз өзгеріс енгізіп, 7 санатқа ұлғайтты. Алғашқы ереже бойынша бірнеше құжатты тіркеу қажет болса, қазір ол тізімнен көп құжат алынып тасталды. Азаматтар тарапынан өтініш жасау жолдары мен тәсілдері барынша қарапайым жасалды. Қосымша жаңа техникалық-цифрлық шешімдер қарастырылуда. Алматы облысы бойынша 14 мыңға жуық адамға 42 мың 500 төлем алуына арнайы хабарлама келіп, мемлекет қамқорлығын сезініп жатыр. Қазір өтініш пен тізімді «Еңбек», «Еңбек.кз», «Телеграмм-бод» арқылы ала алады. Бұл көмекті бала күтімінде отырған аналар ала алмайды. Себебі, олар бала 1 жасқа толғанға дейін тағайындалған қаражатты алып отыр. Баласы 1 жастан асқан жағдайда бірыңғай жинақ төлемді төлеп, әлеуметтік төлемді алуларына болады. Атаулы әлеуметтік көмекті аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектер, жасынан мүгедек балаларға қарайтын, жұмыссыз жүрген азаматтар алады. Олар міндетті түрде жұмыспен қамту орталығының тізімінде болуы керек. Азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін екі айлық есептік көрсеткіштен бөлінген санаты бойынша ақшалай қаржы аударылады, – деді.

Мамандардың айтуынша, жалдамалы қызметкерлер карантин енгізілген қалаларда жалақысының сақталуынсыз еңбек демалысына жіберілді. Ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері, жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер, жеке адвокаттар, нотариустер, сот орындаушылары, медиаторлар әлеуметтік төлемді ала алады.

Бірақ көпшілік өтінімді дұрыс беру жолдарын түсінбей жатқан сияқты. Ол үшін мәліметтер (ЖСН, карта есебі және аты-жөні) дұрыс енгізілуі керек. Себебі, ақша сіздің тегіңізбен, карта иесімен салыстырылады. Екінші талап бойынша, соңғы 12 айда Әлеуметтік сақтандыру қорына ең болмаса бір әлеуметтік төлем немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір зейнетақы аударымы жасалуы тиіс. Себебі, ақша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленеді.

Алайда көп адамның мұндай әлеуметтік аударымдары жоқ болуы мүмкін. Себебі, ол адамдар бейресми жұмыс істеген, олардың еңбек келісімшарттары жоқ, салық та, ешқандай аударымдар да төлемеген. Бірақ олардың да 42 мың 500 теңге алуларына болады. Олар ең әуелі өзінің статусын ресмилендіруі керек. Ол үшін сіз бірыңғай төлемді төлесеңіз жеткілікті.

Бұл төлем қалалықтар үшін 2651 теңге, ауыл тұрындары үшін 1325 теңгені құрайды. Бір рет төлем жасаған соң сіз келесі күні-ақ ай сайын 42 мың 500 теңге алу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл бейресми жұмыс істегендердің барлығына қатысты. Бұл төлем тек төтенше жағдайға байланысты ғана төленеді деді мамандар.

Қазіргі таңда 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етілген аудан, ауыл саусақпен санарлық. Сол себепті ауыл тұрғындары бұл төлемді әлі де рәсімдей алмай жатқаны шындық. Тіпті, қала тұрғындарының да қол жеткізгендері шамалы.

Осы мәселе бойынша Гүлжан Амангелдіқызы бірыңғай төлемді ауыл, қала тұрғындары үйден шықпай-ақ Халықбанк, Fortebank, Сбербанк, Jysan bank, BankCenterCredit, Каспибанктің мобильді қосымшаларында және "Қазпошта" бөлімшелерінде БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеуге болатын мобиль қосымшалары бойынша жасауға болатындығын айтты.

Дәл қазіргі уақытта әлеуметтік төлемді алу үшін мемлекеттік мекемелерге барудың қажеті жоқ. Үйіңізде отырып барлық жұмысты атқаруыңызға болады. Құжат тапсырмай-ақ өтінім берсеңіз болғаны. Өтінімде төлемді алу үшін барлық ақпарат (мәліметтер, толық аты-жөні, ЖСН, карта есебі) көрсетіледі. Жұмыс беруші тек өз жұмыскерлерінің тізімін ұсынады. Өтінім электронды түрде тапсырылады.

Оқырмандарымыз өтінімді беру, ЭЦҚ қосу қиын екенін және Egov порталы жүктелмейтінін жиі айтып, көмек сұрауда. Сондықтан, бұл мәселені шешуге арналған бірнеше техникалық шешімді назарларыңызға ұсынамыз.

БІРІНШІ - "ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ" ПОРТАЛЫ

Сервис арқылы әр адам өзінің мәліметтерін толтыруы қажет. Енді бұл өтінімге қандай да бір файлдарды қосу қажет емес. Маңыздысы – осы өтінімнің болуы. Оған ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Егер ЭЦҚ болмаса SMS арқылы құпиясөз алумен қол қоюға болады. SMS арқылы құпиясөз қалай алынады? SMS-ке жауап ретінде әлеуметтік төлем салынатын карта есебін жіберу туралы хабар келеді.

ЕКІНШІ - АРНАЙЫ САЙТ

Бүгінде Egov сайтына адам көп кіретіндіктен жүктемесі тым көп болып кеткен. Сондықтан Еңбек министрлігі BTS компаниясымен бірлесіп 42 мың 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем үшін арнайы сайт әзірледі. Одан бөлек, әлеуметтік төлем аласыз ба, жоқ па Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әзірлеген сілтеме арқылы ЖСН енгізіп тексере аласыз.  Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерге өтініштер беру үшін https://42500.enbek.kz сілтеме бойынша пайдалануға болады.

TELEGRAM-БОТ

Telegram-бот арқылы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алуға өтініш жасау үшін келесі әрекеттерді орындау қажет: Өтініш беруші Telegram-ға кіріп, "EgovKzBot2.0" іздеп тауып, "Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу" қызметін таңдап, өтінішті қалыптастыру үшін қажетті деректерді толтырып, жібереді. Өтініш "Еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне келіп түседі, 1 күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтініштері тексеруден өтпейді). Жіберілген ақпарат "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-қа өтінішті өңдеу үшін "Е-Макет" ақпарат жүйесіне 1 күн ішінде түседі. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтініш жібереді. Telegram-ға әлеуметтік төлемнің тағайындалуы туралы жауап келеді.

Міне, осындай жеңілдетілген тәсіл арқылы өтінішті толтырып, әлеуметтік төлем алуыңызға болады.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды