"АТА-АНАЛАРЫ АТ ІЗІН САЛМАЙДЫ": СЫРТҚЫ ӘЛЕММЕН БАЙЛАНЫСЫ ЖОҚ БАЛАЛАР

Уақыты: 11.06.2020
Оқылды: 1119
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Нұрғали Тортаев бастаған комиссия «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесін тексеруге барды.

Біздің мемлекет қайырымды. Ешкімді сырт теппейді. Әсіресе, көмекке мұқтаж жандарды барынша қамқорлыққа алады. Он екі мүшесі сау адам өз тамағын өзі тауып жеуі тиіс. Жалқаулар қай заманда да ас-суының жетіспеушілігіне басқаны кінәлап өткен. Ал денсаулығы жоқ, өз қатарынан кем туған адамдар ше?  «Қамқор» мекемесінде дүние есігін ашқаннан сыртқы әлемнің әсемдігін көріп, біле алмайтын балалар тіршілік кешуде. Балалардың біразы өз әлемімен ғана өмір сүреді. Оларды аутист дейді.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай балалар жеке басына басқалардың әсер еткенін қаламайды. Ойыншығын, ыдысын өзге адам ұстаса ашу шақырады. Ал жақтырмаған адамын мүлде байқамағансиды.

«Қамқорда» жүріс-тұрысы мен ақыл-есінде кемшілік бар ұл-қыздар да өсіп жатыр. Олардың кейбіреуі жан-жағындағы адамдармен шама-шарқынша қарым-қатынас жасайды. Ойнайды, әсем әннің ырғағында билейді. Тәрбиешілердің көмегімен жүріп-тұрады.

Мекемеде ауыр топ саналатын бөлім бар. Ондағы балалар сал кеселімен туғандар. Бүлдіршіндердің кейбірі жарық дүниеден мүлде хабарсыз. Туғаннан сана-сезімі жетілмей қалғандары қаншама?! Жаратқанның ісіне шара бар ма?! Бүлдіршіндер тек жатады, өздігінен қозғала алмайды. Олардың тамағы, төсек-орнын күтушілер беріп, ауыстырып тұрады. Осындай мекемеде жұмыс істеп, өз бетінше қозғала алмайтын балалардың бабын тауып, бағып-қағып жатқан мамандарға риза боласың.

Мекеме меңгерушісі Меруерт Жиенбекованың айтуынша, мұнда бүгінде 101 бала бар. Балалардың 66-сының ата-анасы бар. Ал, 41 баланың әке-шешесі жоқ. Бір әттеген-айы, балалардың 26-сының ғана ата-анасы келіп тұрады. Қалғандарының ата-аналары мекемеге ат ізін салмайды.

Орталық олардың барлық жағдайын жасап, өсіріп жатыр. Мекеменің ішкі жұмысын тексеруге барған Нұрғали Бекенұлы бүлдіршіндер ішетін тағам, төсек-орын, қоймадағы керек-жарақтардың сақталуы мен жеткіліктігіне назар аударды. Бәрі айнадай таза. Жабдықтар артығымен тұр. Тек қоларбаның жолы дұрыс жасалмаған. Шығып-түсу қиындық тудырады. Осы жағына тексерушілер жағынан сын айтылды.

«Қамқордың» тұрақты қамқоршылары бар. Жекелеген адамдар жыл сайын мерекелерде балаларға тәттілер әперіп, керек-жарақтарын түгендеп береді. Жүрегі ізгі адамдарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тексеру нәтижесінде «Қамқор» мекемесінің жұмысы дұрыс жолға қойылғандығына көз жеткіздік.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Фото - ғаламтордан