"ОРЫНДЫҚТЫҢ СИҚЫ МЫНАУ": АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫНА КІМ ҚҰЛАҚ АСАДЫ?

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1369
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауылдық пошта ғимараты – тұрғындардың айына бір немесе одан да жиі бас сұғатын, сан алуан қызмет түрін пайдаланатын маңызы зор бірден-бір әлеуметтік нысан. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың ажары әрі айнасы іспетті. Сондықтан болар, ауыл тұрғындарының пошта үйі мен пошташыға деген құрметі әркез ерекше. Ауылдық поштаның заманауи талапқа сай жабдықталып, жарқырап тұруы поштаға келген тұрғындардың да көңіл-күйіне айрықша әсері болары хақ. Ал олай болмаса ше?

Талдыбұлақ ауылдық поштасына шаруамен атбасын бұрған едім. Расы керек, Мақатаев көшесіне орналасқан пошта ғимаратын әзер таптым. Тапқаныма қуанып, ауласына аяқ басқанымда, тіпті, көңілім құлазып сала берді. Ауылдық «Қазпошта» бөлімшесінің табалдырығынан төріне дейін тозығы жеткені көзге ұрып тұр. Ескі ғимараттың едені тозып, қабырғаларындағы сылақтары сыпырылып түсе бастаған. Керегесі ойдым-ойдым, ала шұбар. Сұрықсыз көрінісі мен сыздан денем тоңазып кетті. Соған қарамастан іштегі пошта қызметкерлері келген тұтынушыларға кідіріссіз қызметтерін көрсетуде. Карантин талаптарына сай әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, кезегім келгенде ішке ендім. Амандықтан соң тілшілік әдетпен поштаның тозып кеткенін бірден тілге тиек еттім.

– Осы ғимаратта жұмыс істеп келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Ғимарат «Қазақтелекомның» иелігінде, жалға алынған осы екі бөлмеде еңбек етеміз. Талдыбұлақта халық саны жылдан-жылға артып келеді. Қазірдің өзінде 7 мыңға жуықтап қалды. Тұрғындарға зейнетақы, жәрдемақы түрлерімен қоса, сәлемдемелер, төлемақы түрлерін қабылдап, тапсырамыз. Бөлме тар, компьютерлік техникаларымыз ескі. Қыста суық, электрлі жылытқышпен отырамыз, – дейді пошта қызметкерлері.

Халық санынының артқанымен, пошташы штаты сол қалпы. Ауыл тұрғындарына небәрі екі пошташы табанынан тоза қызмет көрсетеді. Оның бірі - ширек ғасырға жуық табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі пошташы Гүлнұр Асқарова. Ал оператор Фарида Әбдірахманованың да орныққанына бес жылдан асқан.

Алайда ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан пошта қызметкерлері бүгінінен ертеңгі күндерінің жақсы боларынан әлі де үміт үзбеген. Себебі, жыл сайынғы ауыл, аудан әкімдерінің ел алдындағы есептерінде Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік пен Талдықбұлақ ауылдарына жаңа пошта ғимаратын салу мәселесі күн тәртібінен түсіп көрмеген. Бұл өзекті мәселе айтылудай-ақ айтылғанмен, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде.

- Ғимараттың халыққа қызмет еткеніне 40 жылға жуықтады десем, артық етпес. Осы ауылда туып-өстім, көзімізге оттай басылады. Бірақ бүгінгі тозығы жеткен қалпы жанымызға батып жүр. Себебі, ауылымызда 6 мыңнан астам тұрғын болса, соның ішінде, мыңнан астам зейнеткер ай сайын осы поштаға келіп, зейнетақысын алады. Бірін-бірі көріп, хал-жағдай сұрасып, мәре-сәре болып жатады. Сондықтан, бұл поштаны әлеуметтік нысан ғана емес, ауыл адамдары шүйіркелесетін мәдени орталық деуге болады. Зейнетақысын алуға келген жасы үлкен кісілер күні бұрын жазылып, кезекке тұрады. Тізе бүгетін орындықтың сиқы мынау. Тар бөлмеде екі адам айнала алмайды. Адам шошырлық ахуалына куә ауыл тұрғындары жыл сайын жаңа пошта салу мәселесін көтеруден шаршамаған. Тіпті, жоғарыға дейін хат жолдадық, нәтижесінде жер мәселесі де шешім тапқандай болған. Кейіндеп сол көздеген жердің 1 соттығына мобильді байланыс операторы телемұнара (телевышка) орнатып қойды. Салдарынан ауыл поштасының жай-күйін көтерген тұрғындардың жанайқайы тағы да жарты жолда қалып тұр, – дейді Талғар аудандық мәслихат депутаты, ауыл тұрғыны Айтжамал Нұрбатырова.

Елдің мұңы мен үніне құлақ асар жан пенде болса, бұл мәселе баяғыда шешімін табуға тиіс еді. Жылда «әне-міне» деген құрғақ уәдеге құлақтары үйренгендей. Ауыл поштасының ахуалын айтқан халықтың жанайқайы қашанғы желге ұшады? Ойлана-ойлана, сүреңсіз пошта ғимаратынан алыстай бердік.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талдыбұлақ ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы