БАЛАНЫ БІР МИНУТҚА ДА ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМАУ КЕРЕК

Уақыты: 02.08.2020
Оқылды: 1377
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бала ашық тұрған терезеден құлап кетуі мүмкін. Олар бұған көбіне қызығушылықтың әсерінен ұрынады. Осының салдарынан жарақаттанады немесе қайғылы жағдайға ұшырайды. Мұндай оқиға көбіне қалалы жерлерде орын алады. Оған себеп – үлкендердің балаларды назардан тыс қалдыруы!

Облыстық ТЖД қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты «Біз балалардың қауіпсіздігі үшін» акциясын іске қосты. Мақсат – балалардың жарақаттануы мен қаза болуының алдын алу және олардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу. Аталған акция аясында ТЖД қызметкерлері көпбалалы отбасылар үйіндегі терезеге ашу блокираторын орнатуда. Осындай акцияның бірі Алакөл ауданында да өтті. Арнайы қорғау құрылғылары орнатылып қана қоймай, ата-аналарға өзінің таныстарына осындай құрылғылардың бар екендігі мен тиімділігі туралы кеңес беру ұсынылды. 
Акция барысында көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындарға биіктіктен сақтық шара-лары туралы жаднамалар беріліп, тұрмыстағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында облыстық ТЖД қарапайым ережелерді орындау баланың терезеден құлауының алдын алып, денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектесетінін еске салады. 
Құрметті ата-аналар!
Терезелерді ашық қалдырмаңыз, терезені тиісті қорғаусыз маса торларын пайдаланбаңыз. Себебі, бала алдында қандай да бір кедергіні көріп, оған сенімді түрде сүйеніп, салдарынан тіпті бір жастағы баланың салмағына есептелмеген тормен бірге құлап кетуі мүмкін. Баланың терезеге шықпауы үшін жиһазды терезенің жанына қоймаңыз, әсіресе, терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнап жүрген баланы қараусыз қалдырмаңыз. Сондай-ақ, оған төсекке немесе терезеге жақын орналасқан басқа да жиһазға секіруге жол бермеңіз. Бастысы, баланы бір минутқа жалғыз қалдырмау керек. 
Осы ережелерді сақтау қайғылы оқиғаға жол бермеуге көмектеседі. 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі