ТАЛҒАР АУДАНЫНДА 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 02.10.2020
Оқылды: 1980
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде жігерлі де іскер жастарды қолдау бағытындағы бірқатар бағдарламалар мен жобалар бар. Соның бірі – «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді.

Нәтижесінде, жұмыссыз жастар қалаған кәсібін бастап, дамытуға мүмкіндік алып отыр. Аталған жобаның ең тиімді тұсы – әр жобаға бір миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат беріледі.

- Мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру және пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жұмыссыздарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жұмыс істегенмен табысы төмен жастарға басымдық берілді. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына болады, – дейді аудандық жастар орталығының жетекшісі, жоба тәлімгері Замира Қалымбетова.

Үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткен жастар 1 миллион теңгелік грантты ұтып алып, өз жобаларын жүзеге асыруға белсене кірісуде. Алты айдан кейін қатысушылар құрал-жабдықтарды тегін өз иелігіне алып, кәсібін жалғастыра беруіне болады.

«Zhas project» жaстар корпусын дамыту жобасы бойынша, облыстан 155 жоба, 500-ден астам қатысушы болса, соның ішінде, Талғар ауданынан 13 жоба иегерлері жеңімпаз атанған.

Жеңімпаздарды құттықтау салтанатына Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев арнайы келіп, №7 мектеп-гимназиясының фоэсіне жайғасқан жоба иелерінің жұмыстарымен танысты. Аталған жобаның жеңімпаздары атанған жастардың алға қойған мақсаттарының айқын да ауқымдылығы бірден назар аудартты.

Айталық, мүмкіндігі шектеулі Айдос Аукен 7 мен 29 жас аралығындағы жанарында, құлағында, аяқ-қолында кемістігі бар жастарды тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорт түрлеріне баулуды мақсат етіпті. Жобадан ұтқан қаржыға мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы спорттық құралдар сатып алыпты. Қазіргі кезде 10 бала аптасына бес күн келіп, ұлттық ойындарды үйрене бастағанын қуана жеткізді. Өзінің де кемтарлығына қарамастан өмірге құштар Айдос тоғызқұмалақ ойынынан тартысты додаларға қатысып, бірқатар белестерді бағындырған. Бүгінде Алматыдағы туризм және спорт академиясының тоғызқұмалақ факультетінде 1-курста білім алуда. Осы ойын түрінен спорт шеберлігіне үміткер Айдос Аукен 2018 жылы «Жас ғалым» номинациясын ұтып алып, «Тоғызқұмалақ» атты кітап шығарғанын да тілге тиек етті.

- Біз отандық өнеркәсіптің дамуына аз да болса үлес қоссақ деген ниетпен ісмерлікті қолға алдық. Яғни, төсек жаймаларын тігуді бастап кеттік. Жобада көрсетілгендей жалпы саны 70 дана төсек жаймасын тігуіміз керек болса, бүгінге 15-ін бітірдік. Оларды ауылымыздағы тұрмысы төмен зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға үлестіруді көздеп отырмыз. Қолымызға алған қаржының алғашқы бөлігіне тігін шеберханамызға қажет іс машинасын, фурнитуралар мен маталар сатып алдық. Келешекте осы кәсібімізді кеңейтуді армандаймыз, – дейді Қызылқайрат ауылының жастары, «Zhastar Textile» шеберханасының шеберлері Анар Нұрғалиева мен Айжан Жолмағанбетовалар.

«Жас келсе іске» деп бекер айтылмаған. Жоба жеңімпаздарының қатарында ауданның ауылдық округтерінде жылжымалы кинотеатр ұйымдастыруды діттеген Максим Дорохов бастаған команда бар. Бесағаштық әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына арнап киім-кешек тігіп, 70 балаға тегін таратуды бастаған «Алисан текстиль» шеберханасы, Кеңдаладағы тұрмысы төмен, қамкөңіл 80 баланың шашын түзетіп беруге ниетті «Кондор» шаштараз салоны, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тегін жеке би сабағын өткізуді мақсат еткен балалардың би және гимнастика студиясы, нан өнімдерін өндіріп, 85 отбасына тегін үлестіруді бастаған «Дайана тәттілері» сынды тізбелей берсек, он саусаққа сыймайтын 13 жобаның болашағы үміт күттірерлік.

- Барлықтарыңыздың бұл жұмыстарыңыз үлкен еңбектің жемісі. Бастаған істеріңіз баянды болсын! Ең бастысы – әлеуметтік маңызы зор шаруаларды қолға алған екенсіздер. Әрқайсысы да сұранысқа ие болары сөзсіз. Мұндағы ағаштан түйін түйетін шеберлер қолынан шыққан бұйымдардың мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына, жетілуіне қосар үлесі зор. Сондай-ақ, шала туған сәбилерге арналып тоқылған киімдердің де маңызы мен пайдасы ерекше екен. Қазіргі карантин шектеулеріне орай шағын адамға жылжымалы кинотеатрдың қызмет көрсетуі қажеттілікті өтейді. Шаштараз да осы орайда үлкен сұранысқа ие болады. Тігін, тоқыма күнделікті тұрмысқа қажет заттар болып табылады. Сол себепті, осы бастаған істі табанды түрде дамытып, кәсіптеріңіздің керегесін кеңейтулеріңізге тілектеспіз және бұл жолда сіздерге әрдайым демеу болуға дайынбыз, – деген аудан әкімі Серікжан Қазиұлы жоба жеңімпаздарын құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.

Ендігі мақсат та, тілек те – жобада жеңіске жетіп, қаржылай қолдауға ие болған жас кәсіп иелерінің істерінің ілгерілеуі. Елімізде отандық бұйым мен киім шығаруға қабілет-қарымы, ақыл-ойы жетерлік жандардың қатары көбейе түссе, ақсап жатқан өнеркәсіптің ұсақ тамырларына қан жүгірген болар еді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы

Алматы облысы