ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАРҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ? ҚАУЫМДАСТЫҚ ӨКІЛІМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1444
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әлем елдерін жайлаған экономикалық дағдарысқа қатысты туындаған жаһандық қатерлердің, соның ішінде бүкіл адамзат баласын былтырдан бері алаң күйге түсірген коронавирус індетінің қандастарымызбен арадағы қарым-қатынастың, соның ішінде көші-қон үрдісінің де біршама бәсеңдеуіне әсер еткені жасырын емес. Бұл орайдағы қарым-қатынасты жандандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда, ең бірінші кезекте қандай маңызды мәселелерге мән беріліп отыр. Жақында ғана Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары болып тағайындалған Құрметбек Сансызбаймен арадағы сұхбатымыз осы мазмұнда өрбіді.

– Құрметбек Сансызбайұлы, сіз ұзақ жылдар көші-қон саласы бойынша мемлекеттік қызмет атқарған кәсіби мамансыз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегерісіз. Сондықтан бұл салада қызмет істеп, қандастарға, отандастарға қамқорлық жасаудың, қолдау көрсетудің сіз үшін қиындық тудырмасы анық. Жаңа қызмет құтты болсын! Соған орай Жетісу өлкесінің оқырмандарына «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының жұмысы туралы айтып берсеңіз?

– «Отандастар» қоры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша берген тапсырмалары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам құру туралы» 644-ші қаулысы негізінде құрылған.

Қордың мақсаты оралмандарға, шетелде тұратын этникалық қазақтарға, сонымен қатар шетелдерге тұрақты қоныс аударған отандастарға ақпараттық қолдау көрсетіп, заңнамалық кеңес беру, басқа сөзбен айтқанда жан-жақты қолдау көрсету. Қор шетелдегі және Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету аясында мемлекеттік тапсырыс жобасын жүзеге асырып, қандастарды тарихи Отанға шоғырландыру, шетелдегі отандастарды қолдау, шеттен келген қандастардың ортаға бейімделуіне көмектесу бойынша жұмыс жүргізеді.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы республикалық мәртебесі бар халықаралық қоғамдық ұйым. 1992 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласында тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылған. Қауымдастық президиумының төрағасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев.

2017 жылғы 23 маусымда Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қауымдастықтың Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев, Төрағаның бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков сайланды.  Қауымдастықтың негізгі міндеті – шетелдерде тұратын қазақ ұлты өкілдерімен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында тығыз байланыс жасау.

– Қауымдастықтың Алматы облыстық филиалының мақсат-міндетін ашып айтып берсеңіз?

– Біздің мақсат-міндетіміз Қор мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жүзеге асырып жатқан жоба, іс-шараларына Алматы облысындағы отандастарымызды және солар арқылы әлі де шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуға ниетті туысқандарын қатыстыруға барынша ықпал ету, заңнамалық кеңес беру, насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сол үшін облыс, аудан, қалалардағы мемлекеттік мекемелермен «дөңгелек үстел», кездесулер, қоғамдық қабылдау іс-шараларын бірлесе өткізуге күш саламыз. Күнделікті қоғамдық қабылдауға келген немесе телефон, электронды пошта арқылы хабарласқан қандастарымызға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес ақпараттық және консультативтік қолдау көрсетіп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береміз. Жүгінушілердің мәселелері нақты шешілгенше мүмкіндігінше сүйемелдеп, мемлекеттік органдармен және құрылымдармен өзара әрекетте боламыз.

Тарихи Отанға оралуға жәрдемдесу тәжірибелерін зерттеп, зерделеп, заңнаманы жетілдіру бойынша жоғарғы орындарға ұсыныстар дайындап береміз. Көшіп келген қандастар мен отандастардың, ішкі көші-қонға қатысуға ниетті қандастардың барған орталарына тез бейімделіп кетулеріне көмектесіп, оларға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен көшіп келу квотасы берілетін солтүстік өңірлердің қалаған елді мекендеріне қоныс аударып бару жолдарын көрсетіп, қолдау жасаймыз.

– Сізге тікелей хабарласу мүмкіндігінің бірқатар қандастарымыздың қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сізбен қалай хабарласуға болатынына тоқтала кетсеңіз?

– Талдықорған қаласындағы «Қаратал» шағын ауданы, 36 «А» мекенжайында орналасқан «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» күнделікті қабылдау жүргізіледі. Ұялы телефон: 8 701 935 95 55. Эл. пошта: qurmetbek.s@gmail.com

– Шетелдерден көшіп келіп жатқан қандастарымыздың қатары соңғы жылдары сиреп кеткендей сезіледі. Көш қарқыны арту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– 2020 жыл шыға әлем елдерін дүрліктірген коронавирус індеті замандастарымыздың қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Көп елдерде карантин режимі орын алды. Осыған байланысты отбастарымен толыққанды көшіп келу саябырсыды. Десе де мұны уақытша үрдіс деуге болады. Өйткені, жаңа заман талабына сай адамдардың ақыл-парасаты мен ой-сана, сезім-түйсіктері өзгерді.

Соған орай әркім өзіне қажетті қорытынды жасап, өткеннен сабақ алып, алға асығыс ұмтыла бермейтін болды. Шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыз жайында да солай деуге болады. Олар да әлемде, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайды, экономикалық өсім мен әлеуметтік қал-ахуалдарды бұқаралық ақпарат құралдарынан зерделеп отыр деуге болады. Яғни, қазір әлем де өзгерді, адамдар да өзгерді. Енді келгісі келетін қандастардың өз күнімді өзім қалай көремін деген есеппен келгені абзал. Күнделікті өмір шындығы осыны көрсетіп тұр.

Бұл жердегі айтпағым, көші-қон саясаты аясында қазақ көшін басқару жүйесін жетілдіру қажет. Кімдер қайда, қай өлкеге келсе де оларды қайта даярлау, жұмысқа орналасуларына барынша қолдау көрсету, қолжетімді бағамен жалға баспана беру мүмкіндігін жасау керек. Сонда ғана олардың қоныс аударуға деген ынта-жігерлері артады.

Тарихи Отанына көшіп келген әрбір қазақ өз елінің демографиялық өсіміне ерекше үлес қосып, атакәсібіміздің өркендеуіне белсене атсалысатын болады. Олардың киіз үй жабдықтарын, жеке кәсіпкерлік жүргізуге қатысты қондырғы техникаларын, өз аттарындағы автокөліктерін шегарадан салық төлемінсіз алып өтетін мүмкіндікке ие болулары қажет. Сонда ғана олар атажұрттарына келе өз кәсіптерін жалғастыра беретін болады. Нақты қолдау, көмек дегеніміз де осы болар еді.

Соңғы жылдары көші-қон саласында қызмет көрсететін мемлекеттік қызметкерлер шеттен келген қандастардың  құжаттарын тек ХҚКО арқылы қабылдайтын болды. Яғни, олар көші-қон мекемесінің кадрларымен тікелей байланыста болып, заңнамалық кеңес, ақпараттарды бетпе-бет отырып ала алмайды. Жаңадан көшіп келген немесе шет елдегі қандастардың интернет арқылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарынан толыққанды ақпарат ала алмайтындығын ашып айтуымыз керек.

Бұл – өмір шындығы. Сондықтан қандас ағайындардың негізінен «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жүгінетіндері анық. Сол үшін де көші-қон саласындағы мемлекеттік мекемелер бізбен қоян-қолтық жұмыс жасаса көптеген мәселелер өзінің нақты шешімін тауып, қандастардың әуре-сарсаңға түспесі айдан анық.

Біздің де бар мақсат, міндетіміз, жоғарыда айтып өткеніміздей, отандастарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары мен нормативтік актілері, стандарттар мен қағидалар бойынша ақыл-кеңес беріп, ақпараттық қолдау көрсету болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Алматы облысы