"АПТАЛАП КҮТПЕЙСІЗ": ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТТЕР САНДЫҚ ЖҮЙЕГЕ КӨШТІ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 767
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстанда жер қатынастарына қатысты қызметтер цифрландырылды. Бұл туралы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Атап айтқанда, Қазақстандағы жер қатынастарына байланысты тағы бес мемлекеттік қызмет онлайн режимге ауыстырылды. Енді «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «МЖК ААЖ графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау және беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді болады.

Қазіргі таңда барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп, қызметтер egov.kz порталында тестілеуден өтіп жатыр. Нормативті актілер күшіне енгеннен кейін кез келген азамат бұл қызметтерді онлайн түрде сұрата алады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы бойынша филиалының орынбасары Абдурасул Кулдашовтың айтуынша, жер қатынастарына байланысты қызметтерді алу қашанда қиындықтарымен ерекшеленіп келген.

- Жер бойынша көрсетілетін қызметтердің көп бөлігі тек қағаз түрінде және қызмет алушының мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне тікелей баруымен ғана ұсынылды. Цифрлық технологиялар дәуірінде тұрғылықты жерге байланып, қызметтің нәтижесін бірнеше күн, тіпті, бірнеше апта күту, әрине, орынсыз. Сондықтан жер қатынастары саласында ең көп сұранысқа ие қызметтердің көрсетілу мерзімі қайта қарастырылып, барынша азайтылды. Сонымен қатар, egov.kz порталы арқылы алу мүмкіндігі оларды тұрғылықты жеріне қарамастан әлемнің кез келген жерінде отырып алуға жол ашады. Басты талап – электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы, – деді А.Кулдашов.

Мәселен, егер бұрын МЖК ААЖ графикалық мәліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сәйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Барлық бес қызмет бойынша да солай.

Айта кетейік, жаңа қызметтер egov.kz порталының «Жылжымайтын мүлік» бөліміндегі «Жер қатынастары» тармағында қолжетімді болады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында бизнес-процестерді мүмкіндігінше цифрландыруды тапсырған болатын.

Айта кетейік, биылғы жылдың 9 айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы жер учаскесіне 31 696 астам акт, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау бойынша 1 578 қызмет, мемлекеттік жер кадастрынан 97 мыңға жуық ақпарат, жердің сапасы туралы жарты мыңға жуық ақпарат берілді. Сондай-ақ, шамамен 9 534  мың жер учаскесі келісілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"