ЕЛІМІЗДЕ ЕҢ ТӨМЕНГІ БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 02.01.2021
Оқылды: 1932
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2020 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» №379-VI Заңына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы мөлшерлері алып жүрген зейнетақы мөлшерінен 7 пайызға көбейтіледі. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мемлекеттік базалық зейнетақы, төлемақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерлері 2021 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейтіледі. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, жаңадан белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне пайыздық арақатынасы бойынша көбейтіледі.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері 43272 теңге мөлшерінде (2020 жылдың 1 сәурінен 40441 теңге болған). Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 2021 жылда 17641 теңгеден 18524 теңгеге дейін көбейтілді. Жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері  базалық зейнетақыны қосып есептегенде 2021 жылдың 1 қаңтарынан 61796 теңгені кұрады.

Заңға сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 34302 теңге, ең төменгі жалақы - 42500 теңге. Айлық есептік көрсеткіш 2917 теңге болып  белгіленді.

Заида ІЛІМЖАНОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы

Сурет - ғаламтордан