СЕКСЕННЕН АСҚАН АҚЫН АПАҒА "ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 880
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес, белгілі ақын, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Қызжібек Жарқынбаева «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атанды. Сексен жастың сеңгіріне шыққан ақынға аудан әкімі Бағдат Әлиев құрмет көрсетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Руханият саласына айтарлықтай үлес қосқан қаламгерді құттықтаған аудан әкімі: «Біз ақынын аялаған елдің ұрпағымыз. Оқырманына сыршыл жырларымен танылған Қызжібек әпкеміздің орны бөлек. Жамбыл ауданынан шыққан ақындар қатарында бұл кісінің де есімі зор құрметпен аталады. Осынау марапатқа сіз әбден лайықсыз», – деді.

Қызжібек Қожахметқызы 1939 жылы 5 желтоқсанда Қарақыстақ ауылында туған. 1956 жылы орта мектепті бітіріп, 1963-1967 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқып, кітапханашы мамандығын игереді. 1963-1988 жылдары Қарасу ауылындағы кітапхананың меңгерушісі қызметін зор жауапкершілікпен атқарып, мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосты. Бірнеше өлең кітабының авторы. Кейінгі шыққан жыр жинағы «Сырғалы сезім» деп аталады.  Өлеңдерінде сыршылдық пен нәзік сезім атой салып, оқырманын ерекше әсерге бөлейді. Поэзиясы туған жерге деген сүйіспеншілікке, махаббатқа толы. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Қызжібек Жарқынбаева айтыскер ақын ретінде де Жетісу өңіріне танылған. Өмір бойы қағаз бен қаламын серік еткен жан он саусағынан өнер тамған шебер қолөнерші де.

Алтын құрсақты ана төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бес баласынан немере-шөбере сүйген ардақты ана.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы