"ӨЛСЕ ӨЛЕР МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ": БҮГІН АҚИЫҚ АҚЫН 90 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 09.02.2021
Оқылды: 2933
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!»
– деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса, 90 жасқа толатын еді. Небары қырықтың бесеуінде мынау жарық дүниеден ғайып болып кете барған аяулы ақынның екінші мәңгілік жыр ғұмырының жалғасып келе жатқанына, міне, 45 жыл болды. Туған Отанын, ыстық мекенін, елі мен жерін жанындай жақсы көріп кеткен ақын ғұмырының тым келте болғанына шын мәнінде жанымыз ауырады.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, –
 деп жырлаған ақын қалың қазағының жүрегінде. Жырын қастерлеп, өлеңін пір тұтқан оқырманы тауындай тұлғалы, даласындай кең, бұлақтарындай тұнық, гүлдеріндей көркем мінезді ақынын жадынан шығарған жоқ. «Мұқағали – ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны», – деп Қазақстанның Халық жазушысы Әбділда Тәжібаев көзі тірісінде шынайы бағасын берген.

Мұқағалидың талантын бағалаған, ақындық құдіретін мойындаған қалың оқырманының жүрегінде өлеңдері бірге жасасып келеді. Осынау қасиетті Қарасаз топырағында туып, өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақ Мұқағалидай ақын аталарының жырымен сусындап, өлеңінен қуат алып, қалыптасқан азаматтар болып үлкен өмірге қанаттанып жатыр.

Қастерлі топырақтан ақын жырын жатқа айта алмайтын бірде-бір балапанды кезіктіре алмайсың. Тіпті, Қарасазды айтпағанның өзінде ауданның аумағында, Жетісудің жерінде, республика көлемінде ақын жырын жатқа білетін, өлеңді сүйетін, өнерді қадір тұтқан жастарымыз жетіп артылады. Біз бұған шын көңілімізбен қуанамыз. Небары қырық бес жасында өмірден өткен ақын аз ғұмырының өзінде артындағы елі-жеріне мол мұрасын қалдырып кетті. Ақынның кез келген тақырыпта жазған өлеңдері жүректің төріне бірден ұялайды. Мынау жарық ғаламда түрлі сезімдер құшағында жүрген жандар ақын жырымен тілдесіп, ақынның үнімен үндесіп, сырласып, мұңдасып жатады. Мұқағали жырларынан жанына жұбаныш іздейтін, жарық күннің шуағындай сәуле іздейтіндер көп. Мұның бәрі ақын өлеңдерінің шынайылығы, жүрекпен, сезіммен жазылған жырларының құдіреті деп білеміз.

...Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен! – 
деп ақын тебіренсе, дәл осы сөзді әркім өзі туып-өскен жеріне айтары, Мұқағалидың тілімен тілдесіп, жүрегімен үндесіп толқып кетері шындық.

Ақын құдіреті осында, ақын өлеңінің өлмес өміршеңдігі осында. «Қайран, Қарасазым-ай, Үйрек ұшып, қаз қонған» деп жанары жұмылғанша ет-жүрегін елжірете, сағынышты сезімін мөлдірете жырлап кеткен қастерлі де қымбатты Қарасазына тағы келдік. Дәл осы топыраққа аяғымыз тигенде ақын мұражайын бір аралап, көріп кетпесек, көңіліміз тыншымайтындай. Әр бұрышы, әр тұсынан ақынның тау тұлғалы алып бейнесі көз алдыға келіп, әлеуетті үні мен өлмес жыры жамырай тіл қататындай мұражайда болу – бір бақыт.

Ақынға деген сарытап сағыныш. Жырына деген іңкәрлік пен құштарлық. Поэзия көгінде Шолпан жұлдыздай мәңгі жарқырап тұрған өлеңіне деген құрмет. Ақын мұражайынан шыққанда бір жеңілдеп сала бересің. Бір қуанышқа бөленгендей күй кешесің. Мөп-мөлдір сезімнің құшағына енесің. Көз алдыңа аяулы ақын бейнесі қайта-қайта келе береді.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім!
– дейді ақын. Шын сөз. Шынайы тұжырым.

Қазақ поэзиясы жаңарған жаңа толқынымен жаңа ғасырда көрікті көшін түзеп келеді. Өлең өлкесінің асқақ Хантәңірі шыңындай Мұқағалидың жырын тұмар етіп түйген жыр көші көгілдір толқындардай көз тартады. Соған қуанамыз. Соған жұбанамыз.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Қарасаз ауылы,

Райымбек ауданы

Алматы облысы