МҰҚАҒАЛИ ДӘУІРІН БАЯНДАЙТЫН 700 БЕТТІК ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 08.02.2021
Оқылды: 1100
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұқағали мен оның сан иірім заманы туралы тыңнан түрен тартқан, бір-бірімен іркес-тіркес сюжет желілерін жалғай салса, тұтас бір әдеби-көркем роман-эпопеяға сұранып тұрған, жанры ерек, жүйеленуі де өзгеше, стилі тіптен соны тың туынды жарық көрді. Бұлай сүйіншілей жеткізудің мәні тереңде, астары арыда жатыр. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» деп ат қойылып, айдар тағылған қалың кітапты белгілі публицист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ бәдіздеген. Жүрек тербеген туындыны түгесе оқи отырып, Алаштың ақиығы, Тәңіртауда туған тау тұлға хақында тағы бір тұжырым түйдік. Кәлламызға тағы бір дерек қостық. Ең бастысы, қазақ әдебиеті үлкен олжамен толыққанын түсіндік. Ала-құла ақпараттар алқымнан алып, тіршілік пен технократия тірсектен тістеген, кітап оқып, көркем ойлауға мұрша бергізбей, діңкелетіп әкететін мына дәуірде 700 бетке жете-қабыл шығарманы бас алмай оқып шығу қалайда қиындық тудырары анық еді. Бірақ басы бүтін Мұқағали бейнесін соныдан сомдаған суреткер оқырман санасын қасаң қағидалармен бүркелемей, әңгімелей жеткізудің жаңа жолын тапқан. Автордың Мұқағали һәм Мұқағали заманында өмір сүрген тұлғалар жайлы толғанысы, олар жайлы тарау-тарау сөз саптасы әдеби жанр жағынан ғана емес, тарихи тұрғыдан да шынайылығымен баурап алады.

***

Кітапта Мұқағалидың жүріп өткен өмір соқпағы ғана қамтылып қоймай, тұтас замана үні, сол кездегі қоғам тынысы толық айшықталады. Жаңа кітаптың басты артықшылығы да осы. Кітаппен танысқан адам автордың ақын жайлы баспа бетін көрген, одан қала берді ауызекі тараған деректерін ұзақ жылдан бері жинастырып, бір ізге жүйелегені байқалады. Мұхтар Әуезовтің Абайдай хәкімді жазуы үшін ширек ғасыр шамасында дайындалғаны секілді Мұқағали да Жақыпжан Нұрғожаевқа оңайға соқпағаны белгілі. Мәселен, кітаптың бірінші бөлімі әйгілі «Мәңгілік аза күй» атты реквием-хикаятымен басталады.

Бұл шығарма өз уақытында әдебиетке сілкініс әкеліп, оқырман тарапынан жоғары бағаланған. Қазақтың аңыз адамдары Мұқағали мен Асқар Сүлейменов арасындағы диалог, шығармашылық ізденіс үстіндегі кесек-кесек пікірлер, Моцарт әлемі, музыка ырғағындағы үнсіздік – оқырманның ары қарай не болар екен деген ынта-ықыласын оятады. Екі алыптың диалогында әлем әдебиеті қозғалады. Адамзатқа ортақ ойлардың тиегі ағытылады. Автор Мұқағали мен Асқардың өзара әңгімесі арқылы білім, ізденіс, соған сай шығармашылық жұмыс деген ұстанымның мәнін аша түседі. Оқырман көркем шығармаға көз жүгірте отырып, Мұқағали әлемінде қатысты тың деректерге қанығады. Әсіресе, «Құдіретті комедияның» қалай аударылғаны, қалай жарияланғаны жайлы әңгіме ешкімді бейжай қалдырмайды.

Автор «Құдіретті комедияның» әу бастағы атауы «Тәңір тәлкегі» болғанын, оның тақырыбын кейін белгілі жазушы Мұхтар Мағауин өзгертуге ұсыныс айтқанын келтіріп, бұл сөзді ақынның өз аузына салады. Дәл осындай қызықты деректер әр бетте ұшырасады. Аталған хикаятта Мұқағалидың күнделіктерінен үзінділер беріліп, шығармамен байланыста талданады. Мұқағалидың ауруханаға түскені, реквиемнің тағдыры жайлы жазбалар еріксіз оқырманды күрсіндіреді. Ал Моцарт пен Мұқағалидың байланысын зерделеп, терең ойған кеткен Асқар Сүлейменовтің бейнесі тіптен шынайы бедерленген. «Гениально», – деді бір уақта, газеттен басын көтеріп. Қалтасынан сіріңке шығарып, бағанадан бері ерніне қыстырып отырған темекесін тұтатты. Темекі түтінін аузы-мұрнынан будақтата шығарып, қалың ойға батты», – деген сөйлемдер Асқардың өмірдегі кескін-келбетін дәлме-дәл айшықтаған. Реквием соңындағы Мұқағали қазасынан кейінгі Асқар, Зейнолла, Әбіш арасындағы әңгіме де әсерлі. Осы шығарма турасында Жақыпжан Нұрғожаевтың өзі журналистерге берген сұхбатында жан-жақты тоқталып өтеді.

"Несін жасырайын, реквием-хикаяттың фабуласы менің ойыма ертеректе келген еді, – деген автор Мұқағалимен алғашқы таныстығы қалай басталғанын алға тартады. Жақыпжан Нұрғожаев әскери міндетін өтеп, елге қайтқан жолында Мұқағалиды кезіктірген. Кеген ауылына дейін көлік күтіп тұрған ақынмен амандасып, екеуі жүк машинасымен жетіп алған. Ары қарай Кегендегі туысының үйінен шай беріп, ақынды Бөлексазда тұратын қайынағасына жеткізіп салған. – Мұқағалидың өлімі мені қатты күйзелтті. Өкінгеннен не пайда? Сол тұста көзі тірісінде аса мойындала бермейтін Мұқағали Мақатаевтың шығармалары көптеп басылып, ақиық жайлы әртүрлі жарияланымдар жиі көріне бастады. Оның көзін көргендер ауызша естеліктер де тарататын. Мен кейін бір кәдеме жаратармын деп, басқасын былай қоя тұрғанда, қадірлі ағаларым Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Асқар Сүлейменовтердің аузынан талай мағлұмат естідім".

Автор осы сұхбатында бүгінде 686 беттік кітаптың алғашқы нобайы қалай жасалғанын сөз етеді. Болашақта осы жанрдың ізімен Мұқағали жайында үлкен томдық құрастыруды ойлап жүргенін ірікпей айтады. Сол жоспар, міне, орындалып, мұқағалитану ғылымына қосылған мол үлес болып отыр. Сондай-ақ, сұхбатында ол Мұқағали мен Асқардың бір-бірімен шығармашылық турасында өрбіген диалогына куә болмаса да, бітім-болмысының ұқсастығын, рухани үндестікте өмір сүргенін жақсы білген. «Қос арыстың кейде ұзақ толғап, кейде қысқа қайырып айтқан терең ойлы пікірлерін тірі пенде түсіне алмас еді. Білімдері ұшан-теңіз еді ғой. Біз аты-жөнін естіген-естімеген әлдебір ойшылдардан, ақын-жазушылардан (Кафка, Брехт, Белль, Миллер) үзінділер келтіргенде, небір оқығандардың ауызы ашылып, көзі жұмылып, отырып қалушы еді», – дейді Жақыпжан Нұрғожаев.

Сиясы кеппеген кітап осындай арыстарды топтастырған, олардың Мұқағалимен байланысын әдіптеген үлкен екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Мұқағали мен Асқар, Мұқағали мен Нұрғиса, Мұқағали мен Шәмші, сондай-ақ, Мұқағали мен Бексұлтан Нұржеке-ұлы арасындағы қызықты дерекке толы әңгіме желісі құрылса, кітаптың екінші тарауында да ақын есімімен қатар өрбіген эсселер жинақталған.

***

Кітап авторы Нұрғиса мен Мұқағали арасындағы жарқын естеліктерді жүйелеп, «Аққу-арман» деген атпен көлемді хикаят жазып шыққан. Бұл шығарма да «Мәңгілік аза күйден» асып түспесе, кем емес. Хикаяттың басталуы да тартымды. Автор Нұрғисаның ақынды іздеп келуін, үйінің мекенжайын жазып беріп, дастарқанға шақырғанын бір суреттеп алады да, ары қарай жаңа тақырыппен негізгі бөлімге ойысады. Онда сазгер ақынның өмір жолымен танысады. Мұқаметқали деп ат қойылған сәби шағынан есейгенге дейінгі аралықтан әңгіме тиегі ағытылады. Тиын апаның ат қою рәсімі, қосағы Мақатайдың көкпар тартып жүріп, аяғын сындырып алғаны, оны әйелінің балтамен шауып, бөле салғаны жайлы мәліметтер Нұрғисаны таңқалдырады. Одан кейін сазгердің балалық шағы сөз болып, «Нұр құйса» ниетпен қойылған есімінің мағынасы ашылады.

Екі алыптың балалық шағы бір-бір кітапқа арқау болар ауқымды оқиғаларға толы. Мұқағали Сүлеймен әкесінің соғысқа аттанғанын, соңынан «қара қағаз» келгенін, ауыр қайғыны бала жүрегі қалай қабылдағанын әңгімелейді. Сол уақыттарда шығарған алғашқы өлеңін де оқып береді. «Ал, балам, енді үйдегі ересегіміз сенсің!» – деп айтқан әкесінің соңғы сөзі өмір бойына жүрегінде сақталып қалады.

Нұрғиса мен Мұқағалидың арасындағы рухани үндестік дастарқан басында жанданады. Автор Нұрғисаның зайыбы Дариға арқылы да Мұқағалидың сом бейнесін сөзбен тұрғызуға үлес қосқан. Нұрғисаның Дариғаға ақынды таныстыруы, оның сыртынан сан түрлі гу-гу әңгіме айтылғанымен, талантына тең келер ешкімнің жоқтығын айтуы, одан кейін алғашқы әннің өмірге келуі – бәрі бір-бірімен ұштасып, оқырманды еліктіріп әкететін әдемі эпизодтар. Автор балаларға арналып жазылған: «Нұрын төккен маған, Шуағымсың – сен! Айналайын, мамам, Қуанышыңмен!» – деп басталатын өлеңді де сәтті келтіреді. «Мұқағали ертеңіне-ақ Тілендиевтер үйінің табалдырығын тағы да аттады. Амандық-саулықтан кейін Нұрағаңа: «Аға, текст дайын», – деді жаймен жымиып. Ол болса, қанеки деп жалма-жан Мұқағалиды рояльға қарай сүйрей жөнелді. Рояльға отыра салысымен әндетіп кетті», – деп жазады жазушы.

Бұл өлеңді сыртынан естіп қалған Дариға да таңданысын жасыра алмай, Мұқағалидың дарынына сыртынан бас иіп жүреді. «Менің әйелдік бір ішкі түйсігім алдамайды-ау, – деп ойлайды Дариға іштей. – Аңғарғаным – Мұқағали мен Нұрағаңда бір ұқсастық бар. Біріншіден, көзге түсетіні екеуі де тұлғалы, бойшаң. Екіншіден, шаштарын артқа қайырып тастайтын қимылдары ұқсайды. Үшіншіден, бойларында сыртқа теуіп тұратын бір ерекше күш, екпін бар».

Ең қызықтысы, автор «Дариға, домбырамды берші маған» деген ғажайып туындының қалай шыққанын өзінше өрнектейді. Нұрғисаның әйеліне: «Дариға, домбырамды берші маған. Мұқағалиға бір күй тартып берейін», – деуі үлкен шығарманың тууына түрткі болады. Ал Нұрғиса мен Мұқағалидың Бауыржанмен жүздесуі тіптен қызық. Онда Нұрғиса Тілендиевтің соғыстағы ерлігі, 1943 жылы қанқұйлы шайқас жүріп жатқанда әскери тапсырмамен Бауыржанға хат әкеп тапсырғаны жайлы ақпараттар айтылады. Бұл көптеген оқырман үшін тың деректің бірі екені анық. Бірақ автор ондай жаңа мәліметтерді жар салып, екпін түсірмей, көркем шығарманың ішінде жүйелеп қана жеткізеді. Мұқағали Бауыржанмен кездесуден үлкен әсер алып, тағы бір өлеңін өмірге әкеледі. Нұрғиса ыстығы басылмаған жаңа туындыға саз шығарып үлгереді.

Ақиық ақын Нұрғисамен кезекті кездесуінің бірінде ән салып береді. Автор ақынның әнге жақын болғанын, қазақтың сал-серілерінің шығармаларын сүйсіне орындағанын көркемдік әдіспен сәтті шиырлаған. Ақын Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» шырқайды. Нұрғиса болса, Мұқағалидың дауысына таңданып: «Әй, бәсе, музыкаға етене жақындығыңды сезіп едім. Әйтпесе, әнге сөз, сөзге ән сұранбас еді. Жүрек алдамайды ғой. Алдамайды мына жүрек!» – деп таңданады. Расымен де, ақын мен сазгердің бірлесуінің арқасында тарихта мәңгі қалатын қаншама ән туды?! «Сөнбейді, әже, шырағың», «Сарыжайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Есіңе мені алғайсың» секілді мәңгілік шығармалар әлі күнге тыңдағанның құлақ құрышын қандырып, рухани ләззат сыйлап келеді. Екеуара өрбіген әңгіме тек нота мен өлең төңірегінде ғана емес, әдебиеттің терең иірімдеріне қарай ұласады. Қазақ тарихы, ұлт тұлғалары жайлы тарқатылған әңгімеден қос алыптың білімдарлығына, парасат-пайымына еріксіз тәнті боласыз.

Иә, қос алыптың кездесуі ұзаққа жалғасады. Арнайы шығармашылық байланыста жүріп, бірталай ән өмірге келеді. Ол – тарихи факт. Осы факт Жақыпжан Нұрғожаевтың қаламынан күнделікті өмір ағысынан ауытқып кетпей, жүлге-жүлгесімен тізбектеле төгіледі. Көз алдымызға Мұқағали мен оның замандастарының бейнесі қаз-қалпында келіп, бейнебір солардың ортасында отырғандай күй кешесің. Бұл, сөзсіз, Жақыпжан Нұрғожаетың шеберлігі, қаламының ұшқырлығы болса керек. Автор ақынға қатысты ауызекі әңгімелерді, тасқа басылған басқа да деректерді, көз көрген, құлақ естіген естеліктерді жинастыра жүріп, бір-бірімен қалай сабақтастыру жағын да назардан тыс қалдырмаған.

Мәселен, бір Асқар Сүлейменов пен Нұрғиса Тілендиевтің төңірегінде немесе атақты сазгердің жары Дариғаның айналасында қаншама штрих қолданғанын таразылап көріңіз. Барлық деталь Мұқағалидай алыптың болмысын ашуға жұмыс істейді. Ақынды айналасындағылардың аузымен, араласқан ортасындағы әралуан пікір, айтылған сөз, берілген баға-тұжырымдармен қаншалықты биікте самғағанын көрсетуге тырысқан. Көзі қарақты оқырман астары терең диалогтардан, мән-мағынасы зор монологтардан Мұқағали әлеміне бойлай түседі. Өз заманында ақынның жолын кескендер, шетке қаққандар, шығармашылығына іштарлықпен қарағандар жайы да кітаптың әр тарауында кездесіп отырады. Онда да автор ақынның торығуын, ішкі сырын күнделігіндегі үзінділер арқылы, жазған өлеңдері негізінде өрнектеп отырған.

Кітапта Лашын мен Дариғаның, тау тұлғалардың жарларына айрықша орын берілген. Олардың ұлы шығарма тудырған таланттардың алғашқы сыншысы болғаны, асүйдегі өзара сырлары оқыған жанды баурап әкетеді. Автор Дариға мен Лашынның өмір соқпақтарын, ұлылармен алғашқы танысқан сәттерін, ақын мен сазгердің пәк сезімін, мөлдір махаббатын жайып салады. Сүйсіне оқып, олардың жастық шағына бойлайсыз. Бірақ өмір қысқа. Уақыт шектеулі. Бір-бірімен сырласқан алыптар да өмірден өтті. Соңында төбесіне көтерген туған елі, ұрпағы, жарлары қалды. Автор осындай қайғылы сәттерді де қаламынан өткізген. Автор Нұрғисаның қызы Дінзуһраның ата-анасы, Мұқағали жайлы сағынышқа толы сөздері арқылы хикаятты түйіндейді.

***

Мұқағали мен Шәмшінің арасындағы үндестік өз алдына бір төбе. Кітап авторы бұл жолғы әпсана-хикаятын «Гәкку-ғұмыр» деп атапты. Бұл шығарманың да кіріспесі қызық. Шәмшінің құлағынан басталады. «Білетіндер маған ақыл айтты. Бірақ мен олардың тілін алмадым. Олар маған партияны жырла деді. Ал мен жырламадым. Партияны әніме қоспадым. Мен халықтың өз әнін өзіне сыйлап бердім. Мен халықтың жүрегін тыңдадым. Өйткені, мен халықтың құлағымын, Мұқаш», – дейді әлгі құлақ. Содан кейін қазақтың рухын көтерген «Менің Қазақстаным» әні естіледі. Сосын... Алматыдағы алаң көз алдына келеді. Қол ұстасқан жастар әлгі әнді шырқап тұр. Жалаң қол жастарға лап қойған қарулы жасақ. Көтерілістің қақ ортасында Айбар жүр. Кәдімгі Мұқағалидың ұлы. Міне, кітаптағы үшінші хикаят осындай елес-оқиғалармен өрілген.

Сөйтсек, төсекке таңылған Мұқағалидың әр нәрсені елестетіп жатқан сәті екен. Хикаятқа бұл эпизодтардың қосылуы да текке емес. Ары қарай ақынға ұлы Жұлдыз, жары Лашын кіріп келеді. Ал Мұқағалидың есіне «Ана туралы жыр» түседі. Шәмшінің көрегендігіне, әулиелігіне, дарынына сүйсінеді. Хикаяттың келесі бөлігі Шәмшімен өрілген сұхбаттарға ұласады. Екеуара әңгімеде Шығыстың ойшылдары, Мұқағали мен Лашынның махаббатары, орыс және әлем әдебиеті, «Сыған серенадасы», «Менің Қазақстаным» әнінің жазылу тарихы жайлы кеңінен сөз болады. «Қолыма түскен барлық дерек көздерін салыстыра қарап, Әлішер Науаидың 1441 жылы ақпан айының 9-ы күнінде қазіргі Ауғанстан аумағындағы Ғират қаласында туғанын анықтап білдім. Пай-пай, шіркін, енді араға тура 490 жыл салып, дәл сол күні қазақтың ешкім білмейтін алыстағы Қарасаз дейтін ауылында ешкім танымайтын Мұқағали деген ақын дүниеге келеді. Міне, мәселе қайда, Шәкем-ау?» – дейді бір сөзінде Мұқағали.

Мұқағалидың қазақ әдебиетін былай қойып, шетел классиктерін, оның ішінде, Шығыс пен Батыс қаламгерлерін түгелге дерлік тауысып оқығаны дау тудырмас ақиқат. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ шетел әдебиетімен жете таныс еді. Шалғайдағы ауылда, қалың қазақтың ортасында өз бетімен орыс тілін меңгеріп, сол қабілетімен Кеңес билігінің жүрегі – Мәскеуде оқуы (ҚазМУ-дің филологиясына да, Шет тілдер институтының неміс тілі мамандығына да оқуға қабылданып, кейін аяқтамай шығып кеткен) шынында да, ізденімпаздығымен қоса, Құдай берген дарынын да байқатса керек.

Кітап авторы Мұқағалидың осындай білімпаздығына, ойының ұшқырлығына, қабілет-қарымының шексіздігіне ден қояды. Әсіресе, шығарма жазар кездегі дайындығын, толғанысын сәтті суреттейді. Мұқағали қандай өлең жазса да, ұзақ дайындықпен жұп-жұмыр етіп шығарған. Атап айтқанда, поэма жазардағы ізденісі, ойға берілуі, оқиғалар желісін құрап, өлең тармақтарын қағазға түсіруі өзінше бір тақырып. Шәмшімен әңгімесінде Мұқағали «Райымбек! Райымбек!» дастанын жазуға дайындалып жүргенін ақтарады. «Халқын қалмақтан қорғап қалған батырлардың бірі Райымбек туралы поэма жазуыма түрлі ойлар итермеледі. «Менің пірім – Сүйінбай» деп Жамбыл-Жәкем жырлағандай, өз пірім көретін Мағжанның «Батыр Баян» атты поэма жазғанынан хабарым бар. Бірақ ол қолыма түспеді», – деген ақын Райымбек батыр жайлы Тиын әжесінен көп естігенін, ел ішіндегі аңыз әңгімелерді топтастырып, дастан жазу болашақ ұрпақ үшін өте-мөте қажет екенін алға тартады. Сөйткен Мұқағали да, Шәмші де жоқ ортамызда. «Қайран, Шәмші! Өле-өлгенше аққудың сыңарындай болған мұңлық досы Мұқағалидың атын аузынан тастамай өтті», – деп аяқтайды автор.

***

Мұқағали мен Бексұлтан Нұржеке-ұлының арасындағы таныстық қалай басталған? Жаз жазушыға ақынның көрсеткен қамқорлығы қандай? Кітап авторы бұл сұрақтарға да арнайы тоқталып, «Жыл құсы» деректі хикаяты негізінде жазып шыққан. Бір қарағанда көркем шығарма сияқты көрінгенмен автордың баяндау үлгісінде көп шындық бар. Бексұлтанның «Күнәлі махаббат» повесін Мұқағалидың қолына ұстатқаны, қолжазбаның теруге жіберілгені бәрі-бәрі өзінше бір шынайы. Ал үйге келгеннен кейін Лашынға дүниеге жаңа жазушы келді деп жеткізіп, Бексұлтанды мақтауы Мұқағалидың кеңдігін, кейінгі толқынға деген жанашырлығын көрсетеді. «Өзі мұғалім екен. Мен оның повесін оқып, қатты тұшындым. Әйел жанын соншалықты терең сезінеді екен», – дейді Мұқағали Лашынға. Ал Бексұлтанға: «Повесіңді бір әрпін қалдырмай мен қалай оқысам, сен де осыны солай оқы. Есіңде болсын, өлеңнің де басы мен аяғы болады. Сапар алыс, жол ұзақ, талайларға кездесерміз. Бірақ осы қалпымызда қалуды тілеймін мен. М.Мақатаев. 21 шілде, 66 жыл», – деген қолтаңбамен өзінің кітабын сыйлайды. Кітапта екеуінің хат алмасып тұрғаны, ағалы-інідей болып араласқаны кеңінен суреттелген.

Кітаптың екінші бөлімінде Мұқағали туралы эссе-әңгімелер топтастырылған. Мәселен, «Ақ атан шөккен жер» деген әңгімесінде автор Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасын жазуға қалай дайындалғанын баяндайды. Әсіресе, тақырыбын қою кезіндегі толғанысы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Көлікте келе жатқан Мұқағали поэманың сюжеттерін ойластырып отыр. Көзі жұмулы. Ұйықтап кеткен. «Райымбек! Райымбек!» Өз атын өзі шақырып батыр бабамыз шауып келеді. Ерлікті жырлаған дастанның нобайы, тақырыбы осылай жолсапарда туған.

«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» кітабында Мұқағалидың ұлы Айбармен арадағы нәзік байланысы да баяндалады. Айбардың атқұмарлығы, жайлаудағы серуен, тау-таста оқылған өлең – бәрі бірінен кейін бірі оқырман санасында тізбектеле береді. Ал Олжас Сүлейменовпен, әнші Бақыт Әшімовамен, Төлеген Айбергеновпен, Ғабит Мүсіреповпен, Тоқаш Бердияевпен өрбіген әңгімелері тұлғатану саласындағы ең құнды естеліктердің бірі дер едік. Бақыт Әшімовамен арада өрбіген ән-махаббат, Олжас Сүлейменовпен Шалкөде жайлауына жол тартуы, Ғабит Мүсіреповтің алтын жалатылған қалам сыйлауы сынды бірінен-бірі асқан әсерлі оқиғалар поэзияның Тәңіртауын одан әрі асқақта түседі.

Кітапта бұдан басқа да қаншама тұлғамен өрбіген әңгіме, жылы жүздесулер орын алған. Оның әрқайсысы ертеңгі жас ұрпақ үшін қажетті мұра. Мысалы, Төлеген Айбергеновпен таныстығы, қыршынынан қиылған жас тағдырға егіле жылағаны онсыз да арпалысқа толы Мұқағали өмірін ауырлатып жібергендей әсер сыйлайды. Партия жандайшаптарының ақын жүрегін жаралауы, қызыл билік басындағы жағымпаздардың кедергі жасап, жолын кес-кестеуі, қалам ұстағандар ішіндегі қызғаныш, аяқтан шалу, домалақ арыз жөнелту секілді сасық әрекеттер Мұқағалидың денсаулығына зиян келтіргені анық. Кітап авторы бұл дүниені де көркем шығарманың негізгі сюжетіне айналдырып, әр жерінде қосып отырады.

Су жаңа кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, қолдау танытқан белгілі меценат, алтын жүректі азамат Амангелді Ермегияевтің Мұқағалимен жол үстінде кездесуі де көркем өрілген. Автор Мұқағали мен Амангелді арасындағы тілдесуді қағазға түсіре отырып, әдебиеттегі ақтаңдақтарды, олардың жырларын оқып жүрген сол кездегі жастарды, «Жас тұлпардың» жанкешті жұмыстарын сөз етеді. Мұқағали мен Амангелді арасындағы диалогта да тарихи сәттердің бірқатары қамтылған.

Бір сөзбен айтқанда, Жақыпжан Нұрғожаевтың жаңа кітабын мұқағалитануға қосылған мол үлес немесе ұлы тұлға жайлы хикаяттар желісінен құралған тұңғыш роман-эпопея десек те жарасады. «Дала қоңырауы», «Аққан жұлдыз», «Абай жолы», «Сұлтанмахмұт» секілді ұлыларды ұлықтаған шоқтығы биік шығармалардың санатына осы «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» кітабын қоссақ, қателеспесіміз анық.

Республикалық «Мұқағали» журналының негізін қалап, мұқағалитану ғылымын жандандырған Жақыпжан Нұрғожаев өзгеше жанрдағы хикаяттар топтамасына қатысты: «Мұқағали өмірі – сыр-сандық. Ашып қара, ақтарып қара. Ақынның өткен өмірін жүйелеп, орын-орнына қойсаң, ақын бейнесінің, кескін-келбетінің кеңістігіне тап боласың. Ол – Мұқағалидың ішкі сарайының сәулеттілігінде. Үңіліп көрсең, «әрбір өлеңім өз орнымда тұрсын» деп өзі айтқандай, ақындық жолы саналуан екенін байқауға болады. Оның құдірет сыры – суреткерлігінде, эстетикалық ой-өрісінің, тұжырымдарының философиялық тереңдігінде. Оқыған сайын лирикалық сезім шуағына малындырады. Мен зерттеуші де, мұқағалитанушы да емеспін. Тек Мұқағали өмірінің иірімдеріне, інжу-маржандарына үңіліп, түйсініп-түсінгенімді тілге тиек еттім», – деп ақтарылады.

Келіспеске лаж жоқ. Сөзсіз, жаңа кітап Мұқағали өмір сүрген дәуірді қайта көз алдымызға әкелді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан