МҰҚАҒАЛИҒА АРНАЛҒАН "ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК" БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 10.02.2021
Оқылды: 1150
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неғып жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай», –
деп жырлаған ақиық ақын, Тәңіртау мұзбалағының биыл 90 жылдығы. Өлеңдегідей емес, бүгінде дүйім қазақ ақын мерейтойын тойлап жатыр. Банкетті халқы жасап, ХХІ ғасыр құрдасы екенін тағы бір дәлелдеді. Өлеңнің иісі аңқыған Талдықорған өңірінде той шымылдығы «Жастар» саябағындағы Мұқағали ескерткішіне гүл шоғын қою шарасымен ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

9 ақпанның аспаны аппақ ұлпамен әшекейленді. Құдды қара өлең жауғандай әсерге бөледі. Қапалақтап түскен қар әр адамның көкірегіне жыр құйып, поэзия бесігінде тербеді.

- Мұқаң қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген бірден-бір жарық жұлдыз. Ол мәңгілік тұлға, мәңгілік поэзияның жалынды жүрегі. Қазақ деген халық барда Мұқаңның поэзиясы өлмейді, өшпейді, - деген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы жайлы толғады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ақ батасын берсе, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев Жетісу жерінде өтіп жатқан шаралармен таныстырды. Мұнан соң өлең сүйер қауым Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жол тартты. Онда ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден ІІІ Республикалық «Жырлайды жүрек» әншілер арасындағы байқауы өтті.

Байқау эстрадалық, дәстүрлі ән деп аталатын екі номинация бойынша ұйымдастырылды. Ән додасына еліміздің 14 облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 82 өнерпаз онлайн қатысты. Қорытынды сынға көмейлеріне бұлбұл ұя салған 20 үміткер жолдама алды.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен жаңа орындаушыларды анықтауға бағытталған, халықтың өнерге деген құштарлығын арттыруды көздеген байқау осыған дейін облыстық деңгейде өтіп келген.

Биыл ақынның 90 жылдығына арналып, Республика көлемінде ұйымдастырылды. Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттауды міндет еткен қатысушылардың өнерлерін қазақ руханиятының өркендеуіне еңбек етіп жүрген қазылар алқасы саралады. Үздік шыққан үміткерлерге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлия Жақыпбекова, ҚР Еңбек сіңірген артісі Ұлжан Айнақұлова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов және ҚР мәдениет саласының үздігі Сая Есенгелдинова баға берді.

Әншілер бар өнерлерін сарп етіп, Тәңір тарту еткен таланттарын ортаға салды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар жеңіс мәресін бірінші болып кесіп, бағалы сыйлықты қанжығалады. Сахнаға шығып, ізгі тілегін ақтарған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли осы сынды шаралар үздіксіз өткізіле беретіні, ақынның туған топырығында да осындай игі істер ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

Дәстүрлі ән номинациясы бойынша Алматы облысының өнерпазы Есбол Шаңбаева бас жүлдені ұтып, 500 мың теңге иеленді. Жетісулық Нариман Абдрахманов пен Шымкент қаласынан Қылышбек Сынабай бірінші орыннан көрініп, 200 мың теңгеден алды. Алматы облысынынан шыққан Ақжол Өсербай мен Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Еркебұлан Қарыпов екінші орынды иеленіп, 150 мың теңгемен марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Айбала Бейсенова мен Түркістан облысынан келген Алмас Қырғызалиев үшінші орынды қанағат тұтып, 100 мың теңгеден алды.

Эстрадалық ән номинациясы бойынша жетісулық Назерке Нұраддинова бас жүлдені ұтса, Мәулеш Әбжапаров бірінші орынды иеленді. Атырау облысынан келген дуэт Жалғас Сағындықов пен Ермек Айсынов та бірінші орыннан көрінді. Алматы облысынан қатысқан дуэт Нақыпбек Жарас пен Айдана Ұшмамбетова және Солтүстік Қазақстан облысынан келген Нариман Жолдасбеков екінші орынды иеленді. Үшінші орынды Алматы облысынан бақ сынаған дуэт Әлімбек Бексұлтан мен Ақерке Құрбан және Жамбыл облысынан қатысқан Мәди Шекербеков ұтты. Аталған өнерпаздарға да жоғарыдағыдай ақшалай сыйлық табысталды. Қос номинация бойынша өнерімен ерекше көзге түскендер арнайы жүлде арқалап қайтты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы