ЖАҚСЫ ҰСТАЗҒА МАҢЫЗДЫ ЕКІ НӘРСЕ КЕРЕК: ТЕРЕҢ БІЛІМ МЕН ҮЛКЕН ЖҮРЕК

Уақыты: 11.02.2021
Оқылды: 960
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан, небір қарапайым еңбек адамы ұстаз алдынан өтетіні, мұғалімнің өнегесін бойына сіңіретіні шындық. Сондай ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде Сая Сейітқожаеваны айтуға болады.

Қосағаш орта мектебіне жетекшілік ететін Сая Аңсағанқызы оқушылары мен ұстаздарының білім-біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киім киісіне де қатаң талап қоя біледі. Мектеп басшысы ұжымына ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі екенін, білімді ұрпақ тәрбиелеуді әрбір мұғалім қастерлі парыз деп ұғынуы қажеттігін үнемі ескертіп отырады. Мектеп – бұл тек білім беру ұйымы ғана емес, сонымен қатар, мәдени орталық десек те қателеспейміз. Өйткені, онда жас ұрпақты қоғамдық өмірге бейімдеу, тәрбие мен мәдениет ұғымдарын қалыптастыру жұмыстары қатар жүреді.

«Мектебімізді сау, берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт», – деп ұлы педагог М.Жұмабаев айтқандай, біздің болашағымыз ұстаздардың қолында екені даусыз. Расында, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Сая Аңсағанқызы ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетінін біз жұмыс барысында үнемі сеземіз, сезінеміз, басты ерекшеліктерін іштей мақтан тұтамыз.

Қазақ тілімен бірге орыс, ағылшын тілдерін меңгеру – жас ұрпаққа қойылар жаңа талап. Үштұғырлы тіл саясаты ауыл немесе қала мектептері деп бөліп-жаруға жатпайтын, Қазақстанның білім беру жүйесіне ортақ игі қадам. Көп тіл білген адамның білім көкжиегі ғана емес, таным-түсінігі, мәдениеті, ойлау қабілеті де тереңдей түседі. Сондықтан, жаңа ғасырдың ұрпағын тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет те, талап та жоғары. Мектеп басшысы осындай ұлы міндет арқалаған мұғалімдерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, біліктілігін шыңдауға, мүмкіндігін ашуға көп көмектеседі.

«Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас» деп  текке айтылмаса керек. Иә, Сая Аңсағанқызы жақсы адам, ел-жұрттың сыйына бөленген  жан. Бұл – менің ғана емес, бүкіл ұжымның, айналасындағы адамдардың ортақ пікірі. Дана халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деп осындайда айтса керек.

Сая Аңсағанқызы бәрімізге үлгі ұстаз ғана емес, сонымен бірге, отбасында сүйікті жар, ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы, инабатты келін. Иә, 29 жыл бойы ұстаздық қызметте жүрген тұлға мені де оқытты. Бүгінде менің шығармашылығымды шыңдауым үшін таудай көмегін көрсетіп, қанаттандырып келеді.

Өз басым жақсы ұстазға маңызды екі нәрсе керек екенін ұқтым. Оның бірі – терең білім, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббатты әр сөзінен көрініп тұратын Сая ұстаздай үлкен жүрек иесі ғана өз еңбегінің жемісін көрері сөзсіз.

Айым АСХАТҚЫЗЫ,

Қосағаш орта мектебінің педагог-дефектологі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы