Тәуелсіздіік тартуы

Уақыты: 06.06.2017
Оқылды: 1452
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Мемлекеттік Рәміздердің 25 жылдығына орай «Рәміздер – Тәуелсіздік белгісі» атты мерекелік шара өтті.

Жиын қала әкімі Бағдат Қарасаевтің алғы сөзімен бастау алды.  
– Баршаңызды мерейімізді асқақтатып отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, тұғыры биік Туымыз бен ел тарихын әлемге танытар Елтаңба және кез келгеннің патриоттық рухын көтеретін мемлекеттік Гимнімізбен айбынды ел бола білдік. Халықтың рухын, ұлттық салт-санасын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізген осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір азамат терең түсініп, оны қастерлей білуі керек, – деп тебірене сөйледі.
Сондай-ақ өңір басшысы 16 жасқа толған жастарға салтанатты түрде жеке куәлік табыстады. Сонымен қатар жастардың патриоттық қабілетін арттыру мақсатында ант қабылдау рәсімі өтті. Оны Талдықорған қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жанар Қалдыбаева, Алмас Барлыбеков, Талдықорған қаласы Еркін ауылдық округінің қаржы, экономика және салық бөлімшесінің жетекші маманы Айым Еркінқызы атқарды.
Осыдан кейін жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Күміскөмей әншілер қоңыр дауыспен патриоттық ән шырқап, дүйім жұртты жігерлендіріп, бір серпілтіп тастады. Мемлекеттік рәміздер күнінде ұлттық нақыштағы киімдер де көздің жауын алды. Әсіресе, мың бұралған бишілердің өнері көрерменді тамсандыры. Жиын соңында салтанатты шараға келген жұрт «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамбль әншілерімен «Елім менің» әнін бірге шырқады. Халықтың қуанышында шек жоқ. Өйткені Рәміздер – бабалар аңсаған тәуелсіздіктің тұмары. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ