ШЕТ МЕРКІДЕГІ СУ ҚҰБЫРЫ: МЭЛС СЫБАНҚҰЛОВҚА ЕСКЕРТКІШ СҰРАЙМЫЗ

Уақыты: 01.03.2021
Оқылды: 3527
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әркімнің туған жері өзіне жұмақ. Топырағын таптап, лай-батпағына аяғыңды малып, шаңын бұрқылдатып жүргенге не жетсін?! Тұп-тұнық ауасын айтсаңызшы! Дегенмен, туған жер айдарын жел ескен айбарлы азаматтарымен, ұрпағының келешегін ойлаған ұландарымен, халқына қамсау болуды қалаған қайраткерлерімен көрікті. Содан болар, ауылға барған сайын жүрегің шымырлап, өткен күндерді, асыл азаматтарды еске аласың, сағынасың.

Бірде Тоғызбұлақ ауылынан шығып, әйгілі Қапез сал Байғабылұлы әнге қосқан Шет Меркіге түсетін тік жолға беттедім. Алыстан көгеріп жатқан жасанды көл көзге түседі. Бұл 1985-1990 жылдары Тоғызбұлақ ұжымшарының қаражатымен Шет Меркі өзенінен шығарылған су. Үлкен темір құбырмен шыққан суға қарап, көп ойландым.

Осы шаруашылықта көп жыл еңбек етіп, кадр бөлімін басқарған, кейіннен кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Қанат Көбеев бір кездескенде:

– Бір күні шаруашылық басшысы Мэлс Сыбанқұлов, партком хатшысы Сәкен Манасұров үшеуміз Шет Меркінің шығыс жақ қабағына шықтық, – деп еске алады артта қалған күндерді. – Бізді ертіп апарған жол бастаушымыз – Мэлс ағамыз қарсы беттегі, алыстан қаптал жол сияқты сұлбасы көрінген арықты көрсетіп:

– Әкем Сыбанқұлдың айтуынша, анау қалмақтар су шығарған «қалмақ тоған». Әркім әр қалай айтады. Біреулер: «Су шыққан» десе, енді біреулер: «Тоған біткен, су шықпаған», – дейді. Әр түрлі әңгіме айтылса да, тоған діттеген жеріне дейін қазылып жеткен. Осы тоғанды қазғанда қалмақтар қандай тәсіл қолданған? – деп бізге сұраулы жүзбен қарады да жауап күтпестен: – Есекті, кәдімгі есекті пайдаланған. Қазіргі Тоғызбұлақ ауылы тұрған жерге есекті жемдеп баққан. Содан кейін Шет Меркі суының басына апарып, арқасына құм артып, есекті бос жіберген. Ауыр жүкті көтерген есек өзінің үйреншікті жұртына қабырға жол салып, қапталдай тартқан. Меркінің осы тұстағы қабағынан шыққан. Осы жолды белгілеп алған қалмақтар, тоғанды қазып, жотадан асып, Беріктасты кесіп өтіп, жазыққа да жеткендей екен. Біз кейін түсіндік, Мэлс аға да суды жоғарыдан шығарып, Беріктас арқылы жазыққа алып өткенін айтты, – деп сөзін аяқтады.

Бұл – кезіндегі Мэлс Сыбанқұловпен жасы кіші болса да үзеңгілес болған Қанат Көбеевтің сөзі.

Өз ой-арманын іске асыруға осы ауылдың түлегі, кезінде ұжымшар экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруге ерекше үлес қосқан Мэлс Сыбанқұловтың ауыл-аймақтың гүлденуін көруге деген ықыласы зор еді. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын, ер мінезді, талапшыл азаматтың бар ойы елінің бай-қуаты артқанын, туған жерінің көгеріп-көктегенін көру болғаны анық.

Көп ойланған ұжым басшысы Шет Меркі суын жазыққа шығарып, астықты алқапты кеңейтуге тәуекел етті. Алдымен өзі басқарып отырған ұжым мүшелерінің келісімін алды. Жобалық құжаттарын жасады. Аудан, облыс басшыларымен келісімге барды. Сол күндерді кезінде ұжымшардың «Тоғызбұлақ» бөлімшесін басқарған, бұл күнде ауыл ақсақалы Әбен Алтыбаев былай еске алады:

– 1985 жылдың ақпан айында аудандық партия комитетінен: «Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары барады, қарсы алыңдар!», – деген қоңырау түсті. Көп тосқызбай-ақ министрдің орынбасары И.Смирнов, аудан әкімі К.Жөргенбаев келді. Бәріміз бірден Шет Меркіге тарттық. Алматыдан келген өкіліміз Меркіге барып, бар жайды өз көзімен көрді, жобамен танысты. Су шығаруға байланысты жұмыстар бүге-шігесіне дейін тағы бір тексеріліп, пысықталған соң жоғары жақтағылар келісімін берді. Кейін Мэлс Сыбанқұлов өзі барып, қазіргі Атырау облысынан қажетті құбырларды алып келді.

Осындай қилы-қилы жолдармен Шет Меркі өзенінің суы жазыққа шықты.

Бір күні Мэлс Сыбанқұлов шаруашылықтың бас прорабы Әбдірайым Ақжолов екеумізді шақырып алып: «Осы сендердің не ойлағандарың бар? Ауылымыздың атпалдай азаматтары әскерге барса суға кетіп, өмірден ерте қайтып жатыр. Мен спорт кешенін салуға бекіндім, жобасын жасауға да келісіп келдім. Онда бірінші кезекте бассейн болады. Осыны қолға алыңдар!» – деп тапсырма берді.

Кейіннен қолға алған спорт кешенін, өкінішке қарай, қызмет бабымен ауысып кетуіне байланысты, бітіре алмады.

Осының бәрін біле тұра үндемей қалу азаматтығыма сын. Мэлс Сыбанқұловтың атқарған, іске асырған бастамаларын, жүзеге асқан әр ісін ауылдастары жақсы біледі.

Біз әңгіме жасап отырған Шет Меркі суын осылайша жазыққа шығаруға үлкен үлес қосқан Мэлс Сыбанқұлов кім еді?!

Мына жалғанда өз биігі, өз сүрлеуі бар асыл азамат не бәрі төрт мүшел жасаса да өз жолын көрсетіп кетті. Билікте жүрген адамда екі сүрлеу бар. Бірі – халқым, тек өскен ортам деген – саналы сүрлеу, тым қысқа. Мэлс ағаның сүрлеуі елім-жерім деген ерекше соқпақты жол еді. Аз өмір сүрсе де артында өрелі істері қалды. Туған ауылы Тоғызбұлақта еңселі Мәдениет үйін, Қапез Байғабылов атындағы орта мектеп ғимаратын, моншаны өзі бас-көз болып салғызды, жол асфальтталды. Ескі мектеп ғимаратына балалар бақшасы, шағын емхана орналасты. Оның өзін ықшамдап, қайта жөндеуден өткізді.

Ауылымызға мәдени-әлеуметтік нысандар салып қана қоймай, дәл соны іске асыратын азаматтарға да көңіл бөлді. Ауыл азаматтары бастаған «Тоғызбұлақ толқыны» атты шағын театр кейін халық театры атанды. Соған режиссер Нағима Таласбаева бастаған өнер иелерін шақырып, ойнатты. Ерлі-зайыпты Жаңыл  Сабаншиева, Тоқтарбай Бірімжановтар бастаған әнші-күйшілерді алдырды. Тіпті, жастарға үй салып беріп, қажетті жағдайын жасады. Осы үрдіс шаруашылықтың басқа бөлімшелерінде де жалғасты.

Міне, Мэлс Сыбанқұловтың есімі осылайша өзі басқарған жылдардағы шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Талапшыл, талантты басшы ақиық қырандай тауға қарап самғады. Туған жеріне туын тікті, ерлігімен, еңбегімен аты шықты. Қарапайым да көпшіл, принципті басшы бола білген ол «Құрмет белгісі», «Еңбек даңқы» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды. Егістіктен және мал шаруашылығынан мол өнім алған еңбегі ескеріліп, «Время» телеарнасына сұхбат берді. 1988 жылы Мәскеуде, Кремльде өткен төртінші бүкілодақтық ұжымшаршылар съезіне делегат болып қатысып, бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды, Алматыда ұдайы өтетін республикалық партия конференциясына шақырылып тұрды.

Сөйтіп, сексенінші жылдың соңына таман Шет Меркі өзенінің суы сарқырап, жазыққа шықты. Қазір судың игілігін жергілікті халық көруде. 1989 жылы Мэлс ағаның қызметі ауысып, өмірінің соңына дейін Алматыда шаруа қожалықтары, жалгерлер және ауыл кооперативтері республикалық ассоциациясы бас директорының орынбасары болып жұмыс атқарды. Кеңестік кезеңде тонналап қызыл бидай өндіріп, картоп алған Тоғызбұлақ ұжымшары ауданнан, қала берді облыстан келетін «мемлекеттік жоспарды» орындауда алдыңғы қатардан көрінгенін ауылдастар әлі ұмыта қойған жоқ.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Байлықты айтып несіне мақтанамын,

Балақ, қойнын несіне ақтарамын?

Жетісудың байлығын білмек болсаң,

Бір уыс топырағын ап қарағын.

Екі құлақ, естісем керең болсын,

Егіншінің бұл жерді даттағанын,

Айналайын, Жетісу – аппақ арым! – деп толғанады.

Аққан суды, жерде жатқан байлықты игере алмасақ диқаншылығымызға сын. Мэлс аға Шет Меркінің суын, жер байлығын «еліне алып беремін» деген саналы оймен өмір сүрді емес пе?! Сол бір қылышынан қан тамған қызыл империя заманында партияның айтқанымен жүріп, нұсқауымен өмір сүрген кезеңде өз ой-арманын иненің көзінен өткізген, тауда өскен арлан бөрідей азамат Мэлс Сыбанқұлов – еліміз тәуелсіздігін жаңа алып жатқан тұста, төртінші мүшелінде жалған дүниеден өтті. Адамға берілер өмірдің қырық тоғыз жылын жасаса да өшпес із қалдырды. Ол жүріп өткен сүрлеуде ел ұмытпас естеліктер жатыр. Олар да кейін жазылар. Дәл қазір бізге қажеті – айнадай жарқырап жатқан көлге қарай шыңыраудан өрлеген темір құбыр маңына, Мэлстің құрметіне көрнекті жерге ескерткіш белгі қою! Сонда ғана әділдік орнап, ізгіліктің іргетасы беки түседі.

Ел аузында «Тоғызбұлақ» ұжымшарын басқарған үш төрағаның аты жиі айтылады. Олар – Жартыбай Қожашев, Кәкен Есмолдаев және жас та болса ел есінде қалған Мэлс Сыбанқұлов.

Мэлс Сыбанқұлов туралы айтқан әрбір әңгіме дәлелді сөздермен нақтыланады. Сондай ойды арнайы өлең арнаған ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан:

«Іздегені атақ емес, ар болды,

Ел жұртына сүйеу болды, жар болды.

Үш Меркінің өзегінен суырып,

Ұлы еліне су әкелді, нәр берді.

 

Оза шаптың, алды болдың қатардың,

Қонаевтай ұлы адамнан бата алдың.

Тоғызбұлақ колхозының арбасын,

Өрге сүйреп заман нары атандың.

 

Келіс мейлің, бұл ойыммен келіспе?!

Жалаңашқа оралды ылғи жеңіспен.

Туған жердің сәбиі де, қарты да,

Атап кетті «Сыбанқұлов Мэлс» деп», – деген тамаша жыр жолдарымен шегелей түсті.

Қорыта келгенде айтарым – Шет Меркіден бастау алған темір құбырды жасаған Мэлстің құрметіне ескерткіш қойып, айтулы азаматтың есімін тірілткеніміз жөн емес пе?! Оның үстіне етектегі өзен суын биікке шығарып, елдің игілігіне жаратуды Мэлс Сыбанқұловтай аңсаған кім бар? Ел игілігін көріп отырған су құбырына жарқын тұлғаның есімін берсек, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Осыған орай келелі істің жауабын Кеген аудандық әкімдігінен, аудандық мәслихаттың шешімінен күтеміз!

Советбек КӨБЕНҰЛЫ

Тоғызбұлақ ауылы,

Кеген ауданы

Алматы облысы