Жанарға жас тұндырды

Уақыты: 08.06.2017
Оқылды: 1992
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарт тарихпен танысқан сайын кешегі қанды ғасырдың қасіреті мен санаға салмақ салған оқиғалардан жүрегің шайлығады. Ал, сол зобалаңды бастан өткергендер ше?! Олар басы байлауда, тағдыры айдауда болса да елін ойлаған, ұрпақ қамы үшін күрескен нағыз қайраткерлердің өзі еді. Амал не, солақай саясаттың сілтенген селебесінен аты мен заты суық әлемге аттанып кете барды. Құбылаға бет түзеді. Қазақ үшін туылып, қайсар халықты ойлағаны һәм ұлт қамы деп тірлік кешкені үшін құрбан болды.

Сол қаны қастерлі, жаны аяулы құрбандарымызды бүгінде ел болып еске алудамыз. Оған дәлел, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінің мәжіліс залында көрерменге ұсынылған «Бір уыс бидай» фильмінің премьерасы.
«Аспанда теңгедей бұлт көрінбейді», – деп басталатын «Бір уыс бидай» атты әңгіме қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин­нің ашаршылық құрбандарына сөзбен орнатқан мәңгілік ескерткіштей көрінеді. Сан ғасыр өтсе де санада сақталар осы бір қасіретті кезең, яғни ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орын алған зұлматтарды сөзбен жеткізу мүмкін емес-ті. Сол тұста текті жұрттың 5 миллиондай перзенті бақилыққа бет түзепті. Осы бір деректің өзі ұлтын сүйген жандардың жүрегіне шаншудай қадалар ақпар екені даусыз. Ал, бір ғана ашаршылық уақытындағы бір шаңырақтың тағдыры баяндалған М. Мағауиннің әңгімесі желісінде түсіріліп, жетісулықтарға жолданған қысқаметражды фильм көрер­меннің көңілін толқытып, сол қасіретті кезеңдерді тағы бір мәрте көз алдына алып келді.
Ауыр тақырыпты арқалаған фильм бастан-аяқ кө­рер­меннің санасына ерекше әсер етер көріністермен өрнектелген. Шөмеледен бидай дәнін іздеп отырған ананың сұлбасы, келіні мен немересі тойдыра алмай шара­сыздықтан өксіген қария келбеті, шарасыз хәлі жүрек шымырлатады. Теңгедей бұлт жоқ аспандағы өлексені шолған қарғалардың өзі киноның мазмұнын арттырған. Ал қу медиеннен ашқұрсаққа талғажау болар дүние таппай, адам қолын ас ету үшін қапқа салған арыстай азаматтың азғындық көрінісі, тіпті, тіксіндіреді. Адам етін жеп өмірін жалғап жүре-тұра, дүниеден баз кешуге шақ қалған қарияны азғырып: «Өмір сүру үшін немереңді же», – деп ишара жасауының өзі, тарихтың айтып жеткізе алмас ақпарынан туындағаны ақиқат. Ал, орыстың айдағанына жүріп, айтқанына көнген опасыз шолақ белсенді Қағазтай, Арқатбайлар – қай заманда да оқтын-оқтын төбе көрсетер жандардың жанды образы. Осындай кейіпкерлердің жиынтығынан тұрған, ойлы да қасіретті оқиғаны арқалаған қысқаметражды фильм, тірегі жоқ сәбидің зарлы даусы мен аянышты көрінісімен мәресіне жеткен.
Баяндаса бір тарау болар кино мазмұны, ондағы оқиғалар ақиқаттың алтын өзегі ретінде көрерменнің көңілін толқытқан дүние. Ал бұл еңбек қазақ халқының жоғын жоқтау, тарихын түгендеу барысында жасалған жұмыстың бірі деп бағалауға тұрарлық. Көрнекті жазушының шығармасы желісінде түсірілген фильмнің сценариін облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары, республикалық «Парасат» журналының бас редакторы Серік Әбікенұлы жазса, фильмді «Елсақшы.кз» шығармашылық тобы мен «Жетісу» телеарнасы бірлесіп түсірген. Бұл тарихи кино облыстық Б. Римова атындағы драма театры және Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры актерлерінің қатысуымен көрермен назарына ұсынылды.
Фильм соңында сөз алған зиялы қауым туындыны жоғары бағалап, көңіл толқытқан, көзге жас үйірген сәттерін тебіреніспен толғаса, сценарий авторы: «Бұл қатпар-қатпар тарихымыздың қанды кезеңіндегі зор зобалаңы. Бір шаңырақтың тағдыры арқау етілген туынды болғанымен, азапты күллі қазақтың тартқаны белгілі. Сондықтан да «Бір уыс бидай» саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіш деп білемін», – дей келе фильм түсіру барысында елеу­лі еңбек еткен ұжымға, театр актерлеріне деген алғысын білдірді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ