КӨРКЕМ ЕҢБЕКТІ ЖАҚСЫ МЕҢГЕРГЕН ОҚУШЫ ҚАТЫГЕЗДІККЕ БАРМАЙДЫ

Уақыты: 05.03.2021
Оқылды: 1423
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көркем еңбек пәнінің бала тәрбиесінде алатын орны зор. Оқушы сурет және кескіндеумен айналысқан сайын сұлулыққа құштарлығы артады. Әлемді әдемі жағынан көре бастайды. Қатыгездікке бармайды. Дүниетанымы кеңейеді. Жүрегін жылылық баурайды.

«Халық кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», - деген екен этнограф-ғалымы Шоқан Уәлиханов. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесін негізгі орынға қойған. Ұл-қызының сөзге шешен, өжет, батыл, өнерлі болып өсуіне көңіл бөліп, бағыт беріп отырған. Сондықтан, білім шаңырақтарында балалардың эстетикалық тәрбие алуы үшін көркем еңбек сабағына ерекше мән берілуі керек.

Мен дәріс беретін Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта-мектеп гимназиясында сурет сабағына барынша көңіл бөлінеді. Сурет салудан сыныпаралық байқаулар өткізіліп тұрады. Жеңімпаздарды іріктеп, облыстық, республикалық жарыстарға үкілеп қосамыз.

Мысалы, біраз уақыт бұрын халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы мен «Ізденіс жолы» республикалық ғылыми-ақпараттық, педагогикалық журналының ұйымдастыруымен «Елдік пен ерлік мекені» тақырыбында жас суретшілер байқауы өтті. Бірнеше оқушым топ жарды. Кіл мықтылар қатысқан жарыста «Абай портреті» номинациясы бойынша Төкен Қуаныш жеңіске жетті. «Қиял әлемі» номинациясы бойынша Байтөре Рысаков алдыдан көрінді. Искандер Дастанұлы бірінші дәрежелі диплом, Аян Ақашева 2-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Дәлелхан Дулат, Жақып Арнұр, Мәулен Иманәлі, Ислам Құндақов атты оқушыларым марапаттқа ие болды.

Талдықорған Көркемсурет галереясында әйел-аналар мерекесіне орай «Менің анамның бейнесі» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды. Бірнеше оқушым тақырыпқа орай салған суреттерін бәйгеге қосты.

Нәтижесінде, Дидар Қазақбай, Асқар Рахым ұйымдастырушылар тарапынан алғысқа бөленді. Балаларды көркем өнерге баулығаным үшін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Дарын» интеллектуалды клубы өзімді арнайы диплом және Алғыс хатпен марапаттады.

Көркем еңбек сабағының ой-өрісті жетілдіруде берері мол. Адамның мақсаты алдымен қиял арқылы жетілетінін ұмытпайық. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халықтың ұрпағымыз. Ендеше, көркем еңбек сабағына ерекше мән берейік.

Талғат СҮЛЕЙМЕНОВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі

Талдықорған қаласы

Сурет - ғаламтордан