Ұлт биігін ұлықтап

Уақыты: 12.06.2017
Оқылды: 2054
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тұлғатану – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де пайдасы зор игілікті іс. 
Нұрлан Оразалиннің Абай, Махамбет, Сүйінбайлардан бастап қазақ рухани жазирасындағы қастерлі есімдердің бірталайына қалам тербеп, қазақ публицистикасындағы портреттер галереясына өзіндік бояуы мен нақышы өте қанық образдар легін қосқаны шүбәсіз. Ақындық үнінің ұстанымы мен арғымақ ойының тізгінін босаңсытпай отырып, шебер талдау, әріден қозғап, ой саралау – Оразалин стилінің басты ерекшелігі дер едім. Бұл орайда, ауыздығымен алысқан жүйріктей ала жөнелетін көркем баяндау мен құнарлы тіл қарқынына көзіқарақты оқушы ғана ілесетіндей. Абай тоқтамына аялдаған сәтінде әдеби төрелік етуден гөрі кейінгі ұрпақ өкілінің кішіпейіл ізгі тілегінің киелі сөз өнеріне деген кіршіксіз махаббатына ұштасатынын анық аңдайсың. «Қазақ үшін Абай қашанда жалғыз» ұғымын интернет иіріміне тұншығып, әдебиет деген жағалаудан алыстай бастаған бүгінгі жастар жетесіне жеткізу оңай емес. «Абай биігі – ұлт биігі» деген тұжырымды темірқазық қып ұстаған  Нұрлан Оразалин ақын философиясын жалпы адамзаттық мәселеге ұласа алатын күрделі толғамдармен түйіндеген.

Кенен сөздің кемел зергері Нұрлан Оразалин 70 жаста​

«Қазақ дейтін халықтың сүйегіне сіңіп, мінезімен біте  қайнасқан» деген анықтама – Махамбет поэзиясын айшықтаудың нақ белгісі ғана емес, оған барудың  бірден бір төте жолы. «Махамбет-жырдың екі ғасырлық» мерзімінің ұзын-ырғасына  бұлайша батыл байлам жасау үшін ақындық жүрек керек. Н.Оразалиннің бұл орайдағы барлауы мен байламы көкірегінде көзі бар қай оқырманның да көңіліне қонымды десек қателесе қоймаспыз. Сарапшының тақырыпқа келу сарыны өзгешелеу. Өз мақаласына арқау еткен ұлы тұлғаның табиғатын тереңнен тарта отырып, таратып айту, асқақтатып айту қай тұста да үйлесіп тұр, жарасып тұр. Тақырыпқа келу ерекшелігі әркімде әрқалай десек те, тұлғаларды қаузауға бәрібір профессионалдық дайындыққа қоса азаматтық жауапкершілік керек. Ол жауапкершіліктің төркініне бойлап, әріден ойлап қараған кісіге тұтастық әлеміне барлау жасаудың қаншама мол мүмкіндігі барын аңғаруға болады. Көркемдік таным, көзқарас сәйкестігі үйлесім тапқанда ғана талдау өз мәресіне жетпек. Ал жалаң тәуекел мен әуесқой тұжырымның қазақ сөзінің мұндай саржайлау кеңістігінің шетпұшпағына аттап басып бара алмайтыны айтпаса да белгілі.  Кей ұғымдар айналымға түсер-түспестен-ақ жаттанды естіліп, құлаққа бойламайтын тұсы бар. Бұл – әттең, үлкен әттең. Нұрлан Оразалиннің нысанасындағы мыңжылдықтар мұрасы – ғасырлар сүзгісі мен сынынан мүдірмей өткен өлең әлеміндегі құбылыстар. Шабытпен талданатын дүйім ұрпақтың сүйіспеншілігін білдіретін жүрек соғысын естиміз.  Махамбеттің өлеңдерін мысалға алғандағы ықыласы бейне өз ішінен  шыққандағыдай ыстық. 
Өмір құбылыстарын аңдау үстінде үйреншікті қабылдау дағдысы көбімізде бар. Ал біз сөз етіп отырған қаламгердің тап бұл жағдайға басқаша тұрғыдан келетін әдеті. «Дүниеге бой алдыру» өлшемін белгілеген Абайдан кейін жалғанға жаңаша ой енгізу үшін тура сол дәрежедегі ақыл-парасатқа заманауи ағыс тамырын тап баса білетін сезгірлік те қажет емес пе? Көркем  құндылықтардың ендігі мен бойлығын жатырқамай бауыр ет перзентінше түсініп елжіреу сирек ұшырасатын мінез. Оразалинде көркем  құндылық біткенді алаламай, ақ, адал сөзін айтып тұрып сүйсініс танытатын жаратылысында  жасандылықтың ұшқыны да байқалмайды. Махамбеттің адуынды ағысындағы жапырлаған ойдың бұлқынысына тоқталып тұрып, Абай ойшылдығына ауысқан мезет ой ағысының ішкі сарын серпіні баяуламаған қалпы көздеген мәресіне қарай қасқайып тарта беретін қанатты жүйріктей. Көру мен сезіну барысындағы көркемдік тұшынудың алуан сыры мен қырына бойлау үшін табиғат сыйлаған жомарттық тұлғалар туралы сөз қозғағанда алакөңілден ада алғаусыз жаратылыс иесін танытады. Ақындық өнердің екпін, ырғақ реңінің поэтикасын Сүйінбай мен Жамбыл арқылы айшықтауы қазақ  әдебиетінің бүгінге дейін түрен түспеген түкпірлеріне ынтықтыра жетелеп отырады.
Нұрлан Оразалиннің қаламгерлік танымының қарымы Төле би, Шәкәрім секілді күрделі болмыстардың қайраткерлігін анықтауға да еркін жетеді. Әсіресе Шәкәрім заманының құбылысын талдайтын тұжырымдамалық түйіндері, кезінде кім қалай аңғарғанын кім білсін, жалпы шәкәрімтану барысындағы ой белесінің шоқтықты көрінісі. Шәкәрім философиясындағы шындық айналып соқпай қоймайтын қазығымыз. Шәкәрімнің пенделік әуселеден жат тартып, кісіліктің негізін іздеудегі шартарап ойының нүктесін тап басып, шығыршығынан ұстауы жұртшылықты толғандырмай  тұрмайды. «Таза жүрек» іздеуінің ой сарсаңына тағдыр шырғалаңы қосылуының ақындық тұжырымын салмақтаған сайын Шәкәрім шығармашылығына жеңіл-желпі қарай салатын дағдыдан бір сәт алыстайтын мұғдарына іштей разы боласың да. Мұндай  қәделі шақтардың қадіріне өмір маңызына бойлауға  ақылын сарп етіп, көптеген сұраққа жауап іздеген тұлғаға қарыздар екеніңді ойлау да біле-білген кісіге басты адами парыздардың бірі.
Кішкентай халық өкілдерінің қайғы-қасіретін былай қойып, ұлттық сезінісінде еш шаруасы жоқ отаршылдық үстемдікке қарсы Алаш қайраткерлерінің бас көтеруі туралы да ой толғау кейде үйреншікті ұғымдардың  аясынан аса алмайтындай әсер беретінін несіне жасырамыз. Н. Оразалин Әлихан Бөкейханов жайлы саяси портретінде сол заманның геосаяси ахуалына барынша үңіліп, жағдаяттардағы бүкіл ойшыл ұстанымдардың иірімдерін талдауға күш жұмсаған. Ұлт басшысы дәрежесіне көтерілу күресіндегі осы тұлғаның болмысын ашу барысында әр кезеңде қағазға түсірген ойларының мысалы біраз сөзге азық болатындай қазына. Әлихан Бөкейханов егер  ағылшын я француз ұлтының өкілі болса бүкіл әлемдік есімді иеленер ой иесі екенін  пайымдайсың. Ұлт-азаттық қозғалыстың саяси алаңында біздің кей басылымдар кішкентай халыққа үлкен қанжар керек деген  Шәміл тұжырымына кезіндегі үйір мінез өзінше бір қызық ұстаным ба дейсің.
Ол уақыттарда Алаш қайраткерлерінің еңбектерінен бейхабарлықтың салдары ма, кішкентай халыққа үлкен қанжардың философиясы ешқандай қамзау бола алмайтынын аз ғана уақыттың аралығы көрсетіп берген жоқ па. Алла тағала жаратқандағы ерекшеліктен басқа атамекен рельефі мен ұлттық темпераменттің өзгешелігін ойлағаннан кейін барып, тарихи шындықтың жағдаятын сараптай бастаймыз.  «Хан баласында қазақтың хақысы бар» деген  ұстаным иесінде Алтынордалық геосаяси жағдайды жаңғыртқысы келетін  астар жатқанын аңғарамыз. Ұлтына, жұртына қызмет қылудың таңдауын білгірлікпен анықтаған ұлт басшысының әрекетін Нұрлан Оразалин елдік нысананың өлшемі арқылы анықтаған. Алаш басшысының көреген болжамдары әлі күнге дейін  көкейге қонымдылығымен құнды. Білім мен мақсаттың ара жігін ажыратып тұрып түсіндіріп, «ібілістік»  қылықтардың бас көтермей қоймайтынын ескерткен Оразалин сабырмен жүгінсе де, ендігілердің зейін салуын  өтінетін мәдениет иесі ретінде де оқырманға ой салады.
Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ оқырманы контингентінде әдебиетке деген құштарлық  құлшынысын сезінген  қалам иелерінің бақыты өз алдына, сол дәуірдегі  жарық көрген туындылардың жаңғырығы  бізге әліге дейін жетіп жатқанын әдемі аңғарған Нұрлан Оразалин Сәбит Мұқановтың шығармашылық болмысына толымды тоқталады. Жазушылық деген аса қасиетті  ұғымның халықтық кәдесіне бойлаудың құпия сырын ашудың астарында көркем құндылықтарды іріктеудің батыл пайымдарын аңдаймыз. Публицист Оразалин машығында қазақ ойының дәлдігін кестелі сөзбен жетізудің шеберлігі айқын аңғарылады. Қазақ көркем ойының әлемдік ауқымда танылуының күн тәртібінде тұрған  мәселесі мен тетігін табудың алғышарты өз алдына, ой иесінің қазақ шығармашылығындағы кезең-кезеңдегі ізденістер ерекшеліктерін бойлау мен талдау жауапкершілігінен жүрексінбей сөз арнауынан дәуірлік төрелік жасауға жуықтайтын  салмақ аңғарылады. Мұнда және күпірлікке жататындай артық-ауыс астамшылықтың жұқанасы да жоқ. Оразалин күрделі ұғымдарды қазақы ажарда жеткізсе де, оқу мен тоқудың таразысын тең ұстай алатын сабыр иесі. Қазақ тұлғаларының ұлтпен бірге жасасып, рухани серіктестікке  жараған есімдерді шеттерінен санатына салып, сараптаудың қиғылығын тікелей айналысқан адам ғана  біледі.
Жас ұлғайып, өмір екіндіге қарай ауып бара жатқан сайын қасиетті есімдерге үйірсектей берудің себебі не?  Солардың естеріне сақтап, алған әсерлері туралы баянын білгің келіп тұратын әуселенің түпкі сырын кейінгі толқын, әй сезінбейді-ау, шамасы. Мұның өзін асып, кемел тартқаннан гөрі алдыңғылар мен кейінгілер алдындағы жауапкершілікке жақындайтын ақыл тоқтатқанға ұйғарасың. Орыс ойшылдарының тілімен айтқанда, бұл шын мәнінде дұрыс әдет те шығар. Көркемдікке төрелік айтып, бағасын беруден  өткен қауіпті нәрсе жоқ. Қабылдау мен талғам ұстараның  жүзіндей мың аударылып, құбылып жатады. Әркім өз жүрегіндегі сөзін айтуға ұмтылғанымен хақылық әдепті сақтамасаң күлкілі жағдайға душар болатын да сәт кездеседі. Нұрлан Оразалин публицистикасының толғамы пенделік өзімшілдікпен ауырмаған,  тұлғатану мәселесін жүрек үнімен әдіптейтін сарабдал эстет. Сондықтан ол  жалған айтпай бар ықыласымен ақтарыла алатын қалам иесі. Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Таңжарық,  Жұбан, Ғафу Қайырбеков, Шыңғыс Айтматов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Рымғали Нұрғалиев, Сағат Әшімбаев бастаған қатарластары туралы толғамдары шығармашылық иелерінің келбеттеріне әр қырынан келу тұрғысы өзінше әңгіме, өмірдің күнделікті күрделі ағысында жадымызда жаңғыртатын ой тебіренісінің жан толқынысын сезіну әсері өзінше жатқан қансонар. Нұрлан Оразалин әр қаламгердің жүрек соғысын тыңдап барып түйін шығаратыннан бұрын уақыт, кеңістік, жағдаят секілді  шарттарды профессионалдықпен ескеріп, ерекшелікке үңілгеннің өзіндегі сөз өрімінің қызуы оқушы ықыласын шарпып тұрудан танбайды. Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер арасына дәнекерлікке жараған Нұрлан Оразалин кемерінен асып төгілетін ой толқынында артық-ауыс әсершілдікке аттап басып бармайтын сабырлы ұстам иесі ретінде қазақтың қай оқырманының да көңіл төрінен орын алары сөзсіз.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.