ЕШКІМ ӨЗГЕРТЕ АЛМАЙТЫН БІР АҚИҚАТ БАР: ҚАЗАҚ ТІЛІ - МӘҢГІЛІК ТІЛ!

Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 2176
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл – теңгесі жоқ байлық. Қай ұлтта, елде болса да қадірлі. Әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі. Ол – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы.

Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы.

Тіл құдіреті – ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.

Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап, босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасын дарыған ана тілі ғана. Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады.

Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталып қалған. «Тәрбие басы – тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық екені ақиқат.

Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз анық. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс.

Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Сонымен қатар, менің елім – көпұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны – бәріміз үшін мақтаныш. Бұл – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, дана ойларының жемісі. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі – Мәңгілік ел болып қала бермекпіз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», - деген сөздерін барша қазақстандық құптайды. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.

Қорыта келгенде, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Ақын-жазушыларымыз жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!

Гүлнұр ӘМІРҒАЛИЕВА,

№2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан