Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАМБЫЛ МЕН АБАЙ КЕЗДЕСКЕН БЕ? ПРОФЕССОРДЫҢ ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 04.04.2021
Оқылды: 438
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиеті тарихын құрайтын негізгі арна – дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясы. Сол дәстүрлі арнаның қуаттылығын әлемге әйгілеген, дәлелдеген поэзия алыбы, сөз өнері арқылы әлемдік қоғам қайраткері тұғырында танылған Жамбылдың көркем шығармалардағы әдеби бейнесі де маңыздылығымен ерекшеленеді.

Жамбылдың әдеби бейнесі сомдалуы орын алған мынадай арналар: біріншісі – ақынның өзінің лирикалық-дидактикалық толғау өлеңдері мен айтыстары, дастандары; екіншісі – Жамбыл туралы жазылған естеліктер, деректі очерк-әңгімелер, киносценарийлер; үшіншісі – ол туралы жазылған лирикалық өлеңдер мен поэмалар; төртіншісі – прозалық туындылар (әңгімелер, повестер, роман, т.б.). Жамбылдың поэтикалық әдеби бейнесін сомдауда оған арналған лирикалық өлеңдер үздіксіз жырланып келеді. Бұл орайда дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясының көрнекті тұлғаларының жырларын айрықша айтамыз. Себебі, дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясы – халықтың шынайы бағалауын, көзқарасын танытатын әділ сарапшылық көзқарас көрсеткіші.

Нұрпейіс Байғанинның «Ғасырдың қарт бұлбұлы», «Ақын шабыты: Жамбыл тойына», «Жамбылға», Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл қашан келер екен», «Жамбылға көңіл айту», Нартай Бекежановтың «Жамбылдың сөзі», Үмбетәлі Кәрібаевтың «Бата аларда», «Жамбылға», «Жамбыл мен Үмбетәлінің дидарласуы», Қайып Айнабекұлының «Жамбылға», Қуат Терібаевтың «Алып ақын», Саяділ Керімбековтің «Жамбыл», Қалихан Алтынбаевтың «Жасасын, Жамбыл ата!», Көкен Шәкеевтің «Жамбыл тірі» және т.б. ондаған халық ақындарының Жамбылға арналған жырлары бар. Жамбылдың әдеби бейнесін көркем шындық поэтикасы заңдылықтарымен, романтикалық және реалистік сарындар тұтастығымен жырлауда ақындар фольклор мен әдебиеттегі дәстүрлі өрнектерді жаңғырта қолданды.

Жамбылдың эпикалық шығармалардағы әдеби бейнесінің сомдалуын құрайтын поэмалар да аз емес. Ә.Тәжібаевтың «Ақын», Қ.Аманжоловтың «Жамбыл тойына», Ж.Сыздықовтың «Жамбылға», Ғ.Ормановтың «Жамбыл ақынға ескерткіш», Т.Жароковтың «Жамбылға», Т.Молдағалиевтың «Жамбыл – жыр» және т.б. ондаған ақынның туындылары бар. 1995 жылы Жамбылдың 150 жылдық мерейтойының халықаралық көлемде тойланғаны да қазақ және әлем әдебиетіндегі Жамбыл тақырыбындағы шығармалардың мол шоғырлы сипатын танытты. Поэмалардың сюжеттік-композициялық желісінде қазақ топырағының ДАНА ОЙШЫЛ – ҚАЙРАТКЕР, АБЫЗ – АҚЫНының тарихи-әдеби тұлғасының көркем бейнесін көреміз. Қасым Аманжоловтың «Жамбыл тойында» поэмасының сюжеттік-композициялық желісінен өмір шындығына негізделген тарихи шындық тұтастығындағы романтикалық әуенді лирикалық бейнелеулерін көреміз. Поэтикалық көркем шындық жинақтаулары заңдылығы аясында ХХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында бүкіл әлемге танымал болған поэзия алыбы Жамбылдың тойы өтіп жатқан ауылына планетамыздың антикалық дәуірлерінен бергі сөз өнері алыптарының жан-жақтан ағылып келіп, дидарласып жатқан сәті романтикалық-гуманистік асқақ рухпен бейнеленуін оқимыз:

Жастық қып, шынтаққа алып Алатауды,
Келтірмей тобығынан Атырауды.
Отырды шалқып-тасып Жамбыл жырау,
Той-жабдық жасап жатты Жамбыл аулы.
Ай үзік, жұлдыз уық, Күн түндікті,
Тойға арнап Жамбыл аулы бір үй тікті.
Сол үйге кіріп жатты тойшыл халық,
Деп: «Жәке, той-думаның болсын құтты!»
Жайылып жер жаһанға тойдың даңқы,
Құмарта құлақ тікті әлем халқы.
Айбарлы Алатауға тұрды қарап,
Сүйсінген Гималай мен сонау Альпы.

Поэманың идеялық-композициялық желісіндегі лирикалық толғаныстар мен эпикалық баяндаулар тұтастығымен Жамбылдың әдеби бейнесі сомдалуын танытатын поэтикалық ерекшеліктер саралана көрінеді: біріншісі – Жамбыл ақындығының тарихи-көркемдік негіздерін құрайтын қазақтың арғы-бергі тарихындағы сөз өнері алыптары (Бұқар жырау, батыр ақын Махамбет, хакім Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Жұмағали Саин, Әлжаппар Әбішев, Ғали Орманов, Қалижан Беқхожин, т.б.) рухани мәдениеттегі үлестерімен аталған. Ал әлем құрлықтарының алыптары Гомердің, Фирдоусидің, Лахутидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Л.Толстойдың, Гогольдің, Чеховтің, Белинскийдің, Шекспирдің, Байронның, Шиллердің, Шотаның, Гётенің, Гейненің, Тарастың, Горькийдің, Маяковскийдің, Ролланның, Барбюстің, Мария Тереса Леонның, Э.Ми-Сяоның – бәрінің де Жамбыл даңқы арқылы қазақ мәдениетіне тоғысып, сабақтасып жатқан ықпалдастығы өлең өрнектерімен жырланған. Поэмадағы Жамбылдың әдеби бейнесі – мәдениеттер сұхбаты, өркениеттер үндестігі сабақтастығымен дәлелденген. Эпикалық туындының поэтикалық көркемдік сипатын танытатын басты кейіпкер Жамбылды («Алыбы асыл жырдың Жамбыл атам») және аталған әлем өркениетінің тарихи тұлғаларын даралайтын бейнелеулер көркем шындық поэтикасындағы  кешенді өрнектер сабақтастығын аңғартады:

Ортада сапырылған сары қымыз,
Қылқылдап пісіп жатыр бағланыңыз.
Күй кеулеп, үй түндігі желпілдейді,
Қосылып домбыраға сырлы қобыз.
...Қария күміс сақал, бурыл шашты,
Жасаған Жамбыл жырау тоқсан жасты.
Қолға алып ескі досы домбырасын,
Арнасы асыл жырдың тағы тасты.
Алтын жыр ақтарылып ауызынан,
Желпілдеп жер түндігі дауысынан.
Тамылжып бар табиғат тұрды тыңдап,
Көлде қаз, аспанда аққу, тауда құлан.
Жүйткіді кәрі тарлан шын көсіліп,
Ағылды асқар ойдан жыр жосылып.
Жамбылды алқақотан ортаға алып,
Шырқады барлық ақын бір қосылып.

Жамбылдың әдеби бейнесі эпикалық-прозалық шығармаларда да сомдалуда. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші кітабындағы «Қапада» тарауында Жамбылдың көркем бейнесімен ұшырасамыз. Хакім Абайдың баласы Әбіш (Әбдірахман) ауырып Алматыда жатқанда көңілін сұрай келген Жамбылдың бейнеленуі бірнеше поэтикалық тәсілмен берілген: біріншісі – Жамбылдың хакім Абайдың шығармашылығын бұрын сырттай естісе, енді Мағаш арқылы хакім Абай шығармашылығын, балаларына, халыққа жасаған ұстаздық, қайраткерлік ісін жан-жақты кеңінен танып, терең түсіне бағалағаны; екіншісі – Жамбылдың сергек ойлы, шығармашылық дарынды ерекше қабілет иесі екендігінің даралануы; Романның осы сюжеттік бөлігінде Әбіштің көңілін сұрай келген Жамбылдың одан кейін қайтыс болған Әбіштің Алматыға уақытша жерленуіне қатысқаны, Абайға көңіл айта жырлағаны қамтылған. Суреткер Мұхтар Әуезов роман-эпопеясының осы шағын сюжеттік бөлігіндегі Жамбылдың әдеби бейнесін даралауда суреткерлік поэтикалық тәсілдермен өрнектеген.

Жамбылдың тұлғасын («...ауыр, қалың қара бөрік киген орта бойлы, жауырынды мол бурыл сақалды»), бет-бейнесін («Кішілеу өткір қой көзді, қызыл-күрең жүзді Жамбыл ақын»), мінез-құлық психологиясын авторлық баяндау және роман кейіпкерлерінің қабылдау көңіл-күйлері аясында суреттеген: «Айтар сөзі тілінің ұшы емес, ернінің ұшында дегендей, төгіліп лыпып тұрған Жамбыл ақын үстел басындағы бар жұртты жадыратып, мәз қылды». Роман-эпопеяның осы сюжеттік бөлігіндегі авторлық баяндаулармен Жамбылдың Абай туындыларын тыңдағанын («...Мағашқа қадалып өтініш ете отырып, Жамбыл Абайдың көп өлеңдерін айтқызып тыңдап өтті»), хакімнің халық адам тағдырына арналған азаматтық-философиялық өлеңдерін, ән-өлеңдерін («Абай шығарған әндердің де біразын Мағаш пен Өтегелдіге кезек айттырып, көп тыңдады») тыңдаудан кейінгі әсерлерін де романтикалық сарындылығымен, реалистік шынайылығымен оқырманның көз алдына елестетеді: «Қасиет қайда, қазына қайда десем, Абайда екен ғой, мүлдем тегі! ...Елге пана, еске дана ақыл да, өнер де, өнеге де бір өзіңде тұрмай ма!». Жамбыл сөз аяғын бір ауыз өлеңмен түйген-ді:

Әкем-ау, жойқын екен Абай үні,
Далада өзгеріпті-ау жырдың түрі.
Жетісу, Алатауды таң қалдырып,
Мені келіп оятты-ау, бүгін әні.

Мағаш Жамбылды сергек, сезгіш, көреген адам деп аңғарды. Осыдан кейін ол енді өзі болып, үй-іші болып тілек етті де, түн жарымына шейін, бар жиын бір ғана Жамбылдың өз жырларын тыңдаумен болып еді».

Ал Әбіш қайтыс болғанда жерлеуден кейін қабыр басында арысты жоқтау мен халықты, алыстағы хакім Абайды жұбату сарындары тұтасқан Жамбыл жыры мен оны тыңдаушы халық көңіл-күйінің психологиялық тұтастық жағдайын көреміз. Суреткер Мұхтар Әуезов өлең сөз қуатымен жабырқаған, қайғырған адамдардың көңіл-күйін баураған Жамбылдың ақындық-азаматтық биіктігін, шығармашылық дарын қуатын былай дәлелдеген:

«...Жамбыл енді біраз ғана топтың ортасында жүдеп тұрған Мағашқа үн қатты. Әуелі аһ ұрып, жалын атты да, көзінен ыршыған ыстық жасын үлкен жүзіне ағызып тұрды. Сөйте тұра ол мұндағы дос қазақтың, бауырмал қазақтың атынан дәл осы қабырдың басында Абайға арнаған сөз бастады. Бұл сөз көңіл айтқан, жаралы жүректі жұбатқан, талай адал, дос бейілден тіл қатқан сөз еді. Аңдаған адамға, Жамбыл сөзі мұндағы халық атынан алыстағы асыл азаматқа, халық ұлына айтылған арнаулы сәлем боп шықты. Жақын сәтте жылап тынған Жамбылдың алғашқы үнінде өксіктің дірілі бар. Ең алғашқы сәтте даусы қарлыға шықты:

«Сәлем айт, барсаң, Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер
Сабырлы болсын қалайда!
Бір жұтқан судай дүниесің,
Ащысын татып күймесін.
Жапанға біткен бәйтерек,
Жалғызбын деп жүрмесін!
Кемелге келген асыл-ай...
Тасқынды Тәңір басуы-ай...
Нар көтерген ауырға,
Арқасын тоссын жасымай...»,
– деп бастаған Жамбыл сәлемі әуелі Әбішті жақсы жоқтап барды. Артынан Абайға қарай шебер оралып, оны жұбата сөйледі» (Әуезов Мұхтар. Абай жолы: роман-эпопея. Екінші кітап. 438-бет).

Жамбылдың қазіргі қазақ әдебиеті шығармаларындағы бейнеленуінде бірқатар көрнекті туындылар оқырманының ықыласын иеленуде. Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Дана Жамбыл» (әңгіме), «Бала Жамбыл» (повесть), Жұмабай Шаштайұлының «Жыр жолбарыс» (повесть) туындылары қазіргі қазақ прозасындағы Жамбылдың әдеби бейнесін сомдаудағы өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Жазушыларымыздың Жамбыл бейнесін сомдау арқылы қазақтың дәстүрлі сөз өнері мәдениетін, ата-бабалық, ұлттық діл табиғатын реалистік болмысымен ұрпақтар санасында жаңғырту мұраты жатқанын аңғарамыз.

Қазіргі қазақ әдебиетінде көрнекті прозалық тарихи-танымдық кітаптарымен жұртшылыққа танымал көрнекті жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы өзінің шығармашылық және қоғамдық-әлеуметтік қызметімен жамбылтануға мол үлес қосып келе жатыр. Жамбылтану саласында «Ұлылыққа тағзым», «Әлем келіп бас иген», «Менің пірім» атты ғылыми-зерттеу, тарихи-танымдық еңбектерімен және Жамбыл дәстүріндегі ақын-жыраулар мұраларын жинау, жариялау, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, сұхбаттар, көрмелер, т.б. саналуан жұмыстар ұйымдастырып жүрген қайраткер азаматтың қызметін халық зор ілтипатпен бағалап жүр. Жазушының «Бала Жамбыл» повесі – көркем әдебиеттегі жамбылтанудың көрнекті көрсеткіші. Повесть «Алатауға беттеген көш», «Қым-қуытта», «Қарлығаш ұя салған шаңырақ», «Ыстық жел», «Дода», «Қызыл шұбар жолбарыс» атты тараулардан тұрады. Алғашқы тарауда Жамбылдың атасы Ыстыбай, әкесі Жапа (Жабай), шешесі Ұлдан бейнеленген. Ыстыбайдың қобызшылығы, атасы Түктібайдың «Ақырзаман» күйін тартып, қоныстас болып отырған Ашықбай бидің зорлығынан және Қоқан шапқыншылығынан ығысып атамекенге («...түп атамыз – Екей. Атамекеніміз шалғыны етегіңе оралар, бұрқырап аққан мұздай өзендері бар, жерұйық Жетісудың қақ ортасы – Алатау, ұранымыз – Қарасай, тамғамыз – Айтұмар») аттануды суреттеген. Бірінші тараудың соңы атамекенге көшіп келе жатқанда Хан Жамбыл тауында дүниеге келген балаға сол тау атауы есім боп берілуімен аяқталады.

Екінші тараудан бала Жамбылдың ауылындағы тұрмыстың ортасында тіршілік қазанымен бірге қайнап, саналуан қызықты да, қайшылықтарды да көріп, өзіндік дүниетаным негіздерін қалыптастыра бастағанын оқимыз. Ауылдың жылқыларын қарауылдап тұрғанда Шу бойындағы алыстағы Ашықбай бидің жіберген қарымташы жортуылшылары айдап алып кеткен жылқылармен бірге Жамбылды да әкетеді. Кейін Нұраддин саудагер арқылы ауылына қайта оралады. Үшінші тарауда он екі ата жалайыр елінен нағашы атасы Қанадан келіп жан дүниесін кеңейтіп, қобыз бен домбыраны кезек-кезек тартып, жиені Жамбылдың табиғи дарынын-қабілетін ұштай түседі. Жанында төрт ай жатқан Қанадан нағашы атасы кетердегі бала Жамбылдың қиналысы да қазақтың ұлттық-этнографиялық, педагогикалық-психологиялық болмыс шындығы: «Егер ол кісі кетіп қалса, әкесі тағы да ақ тананың беліне жарбита мінгізіп, қой-қозы бақтырып қоятын шығар. Бұған енді кім күй үйретеді? Қобыз бен домбыраны кезек-кезек жалықпай кім тартады бұған? Түнде кімнің қойнына кіріп ұйықтайды? Атасы болса ертегі айтып, арқасын шор-шор алақанымен сипап жатып, әлдилеп ұйықтатар еді. Қонаққа барса, атының алдына мінгізіп, жанынан екі елі тастамай ертіп алар еді. Қариялар жиналған жер қандай, шіркін! Әңгіме-дүкені дүркіреп жүре береді. Шапанының шалғайын жамылып басын атасының тізесіне қойып тыңдай беретін. Қарттар әңгімесі кілең атақты абыз-билер мен елін жауға бермеген батырлар жөнінде ғой. Ұзын-сонар үзілмес шежіре, тәтті ертегі, аңыз ...Атақты Қарасай баба, Төле би, Қабан жырау ...Атасын жұрт жан-жақтан қолқалап күй тартқызар еді». Тарауда әуез, сөз өнері қасиеттері жаратылысына туа біткен бала Жамбыл халықтың аса көрнекті қайраткер тұлғалары Төле би Әлібекұлының, Бөлтірік шешен Әлменұлының ұстаздық ұлағат істерін, адамгершілік-имандылық дәстүрлерін бойына сіңіріп өсіп қалыптаса бастайды. Төртінші тарауда қатыгез, шала сауатты молданың орынсыз жазалауларына шыдамаған Жамбылдың оқудан бас тартқаны, Сүйінбай ақыннан бата алғаны, туа біткен табиғи дарыны, таланты арқылы ақындық, өнер жолындағы бағытын түзегені айқындалады. Бесінші тарауда халықтың қорғаны болған Сұраншы батырмен, ел абызы Сарыбай бимен дидарласа жүріп, азаматтық-отаншылдық, батырлық-жауынгерлік ұлағаты өнегелерімен қуаттанған Жамбыл ақындығының халыққа танымал бола бастаған оқиғалары, Жамбыл мекендеген өңірдегі халықтың екіұдай көңіл бағдарындағы (біріншісі – Қоқан хандығымен, екіншісі – Ресей патшалығымен қосылу) пікірталастар қамтылған. Алтыншы тарауда Жамбылдың Сүйінбайдың жанында болып, ел тарихындағы Өтеген, Райымбек, Қабан, Қараш батырлар, өзіне ғана көрінетін киелі қызыл жолбарыс туралы тебіреністері, толғаныстары берілген. Тарауда Тезек төренің Сүйінбайға жасаған құрмет пейілі де шынайы.

Жазушы тарихи тұлға поэзия алыбы Жамбылдың балалық шағындағы әдеби бейнесін сомдауда кейіпкердің ішкі жан ділі құбылыстарын, сыртқы қоғамдық-әлеуметтік ортамен байланысын, ата-анасының, ауылдағы адамдардың мінез-құлық психологиясын, Жетісу өлкесінің пейзаждық әсем көріністерін – бәрін де кестелі тілмен өрнектеген. Кейіпкерлердің диалогтары да, ішкі ой-толғақ-монологтары да табиғи өнернамалық-психологиялық сипатымен көрінеді. Жамбылдың ақындық өнер құдіретімен қалыптасып танылуына негіз болған ататек-әулеті мен нағашы жұрты жақтарынан дарыған қазақтың ұлттық діл болмыс сипаты дәлелденген. Повестің идеялық-композициялық желісінде қазақтың көшпелі тұрмысы, руаралық, қақтығыстар (барымта, қарымта), бақсылар өнерінің даралығы, ұлттық спорт түрі көкпар додасы, күй, өлең-жыр, дастан орындайтын, жыршылық өнер, би-шешендердің, батырлардың, ақын-жыраулардың шығармашылық және қоғамдық-әлеуметтік қызметтері және басқа саналуан мәселе қамтылған. Жазушы «Бала Жамбыл» повесінде тарихи тұлға мен уақыт оқиғалары сабақтастығын көркем шындықпен бейнелеген.

Жамбыл бейнесіне арналған алыс-жақын шетел қаламгерлерінің туындылары да бар. Тәжік-иран ақыны Гасем Лахутидың («Бағдан»), орыс ақыны Л.Пеньковскийдің («Жамбыл»), қырғыз ақыны Қалық Ақиевтің («Жамбылға»), армян ақыны А.Геворктың, Карелия ақыны И.Кутасовтың, М.Матусовскийдің өлеңдері, Павел Кузнецовтың («Бақытын тапқан адам» романы (1950), Н.Тихоновтың «Ақындар атасы» естелік әңгімесі) бар. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарынан бастап шығармалары әлем халықтарының тілдеріне аударылған Жамбылдың шығармашылық-қайраткерлік тұлғасы қазақ халқының да сөз өнері арқылы әлем өркениетіндегі тұғырнамасын биіктете түсті.

Қорыта айтқанда, ақындар бейнеленген поэзиялық туындылар, жамбылтанудағы көркем шығармалар – ұлттық сөз өнерінің маңызды көрсеткіштері. Қазақ халқының көркемдік ойлау дүниетанымын сөз өнері тарихындағы алыптар бейнесі арқылы ұрпақтарға таныту – азаматтық-отаншылдық рухты күшейтеді, эстетикалық көзқарастар жүйесін байытады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетінде де бұл үрдістің соны серпінмен жалғасатыны ақиқат.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Түркі әлемі халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты,

ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,

Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты