Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 362
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген. Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-ға (1956) түседі. 1958 жылы Қытай үкіметі органдары кері шақырып алады. Кейін 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржола оралған соң, ҚазҰУ-ды бітіреді.

Оның «Жас дәурен» өлеңдер, «Қаздар қайтып барады», «Сары жайлау», «Шарайна», «Сәйгүліктер» әңгіме, повесть жинақтары, «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Атамекен» секілді романдары, «Соңғы көші» оқырман қауымға жақсы таныс. Жазушыға Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен азаттығы жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.

"Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жазушы" баспасында, Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет істеген. 1981 жылдан бастап шығармашылық жұмыста.

Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан жергілікті баспасөз беттерінде, ал "Жамал" тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын "Шұғыла" журналында жарияланған. Бір өлеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар жинағы жарық көрген. "Дарабоз", "Таңғажайып дүние" "Қылкөпір" туындылары оқырман тарапынан жоғары бағаланған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"