ЖАС ҰРПАҒЫ ЖІГЕРСІЗ, РУХСЫЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕРТЕҢІ ДЕ БҰЛЫҢҒЫР

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 1156
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Білімді ұрпақ – ел болашағы. Адам бойындағы ең тамаша нәрсе – білім мен ақыл". Жүсіп БАЛАСАҒҰНИ

«Білім – инемен құдық қазғандай», - деп дана халқымыз текке айтпаған. Себебі, білім жолына жұмсалған күш-жігер, кеткен уақыт ертеңгі күнге деген мол азық болмақ. Сол үшін әрбір адам білім жолында ерінбей тер төгуі керек.

Қандай кезең болса да, жас ұрпақ білімді де білікті болуға міндетті. Себебі, елдің ертеңгі тізгінін қолдарына берік ұстап, халықты сара жолға салатын, өркениетке бастайтын – білімді ұрпақ екені анық. Ал оларға саналы тәрбие, сапалы білім беретін, әрине, ұлағатты ұстаздар қауымы. Білім ордасы саналатын мектеп қабырғасында жүрген сәттен бастап әрбір оқушы өз алдына айқын мақсат қоюы керек. Сол мақсатқа жету жолында олар тынымсыз, үздіксіз білім алуға міндетті.

ХХІ ғасыр – ақпараттың, білімнің, жаңа технологияның ғасыры. Біз қазір бұрынғыдан мүлдем өзгеше жаңа заманға қадам бастық десек, артық айтқандық болмас. Демек, білімге деген талап та жоғарылап, өзгеше сипат алды. Технология қалай қарыштаса білімге деген талап та түбегейлі өзгереді. Сондықтан да, жас ұрпақ біріншіден, ақылды, екіншіден, білімді болуы керек. Ол үшін тағы да қайталап айтамын, білім алу керек. Үнемі еңбектенген адамның ғана болашағы жарқын, келешегі кемел болады.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде ғана екенін ұмытпауымыз керек. Бүгін бой емес, ой жарыстыратын заман. Ал осындай дамыған заманда біздің мемлекетіміз көштің басын бастауға міндетті. Себебі, ұлттың ұрпағы білімсіз, жігерсіз, рухсыз болса ол мемлекеттің жетер жетістігі көп болмайтыны анық.

Әрбір елдің болашағы өз Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден бастау алады. «Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», - деген екен өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Олай болса, ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын білімді де білікті жастарды тәрбиелеу, болашақ мамандарды оқыту, оларға түзу жол көрсету біздің басты мақсатымыз екенін ұмытпайық.

Алтай БОСКОМБАЕВ,

"Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі" ММ №2 орта мектептің көркем еңбек пəні мұғалімі

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан