Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАУАПТЫ ТҮЗЕТУГЕ БОЛАДЫ: БИЫЛҒЫ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Уақыты: 07.04.2021
Оқылды: 450
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай өтетіні туралы баяндады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Биылғы басты ерекшелік – Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтпек. Тест тапсыру уақыты 15 сәуір мен 30 маусым аралығын қамтиды. ҰБТ-ға қатысушылар тестілеу күнін өз бетінше таңдап, тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Тест тапсырушы енгізілген жеке ақпаратын, тапсыру тілін, пәндерін өзгерте алады. Сондай-ақ, тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады, – деді.

Тестілеуге 4 сағат уақыт беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары көрсеткіш 140 балды құрайды. Тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ, ҰБТ-ға қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Тест тапсырушылар үнемі бейнебақылауда болады.

ҰБТ электрондық форматта "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.

Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, "шпаргалка" және басқа тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады.

Тестілеу барысын қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ, ҰБТ-ның өтуін қадағалауға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады.

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мысалы, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады.

ҰБТ үш міндетті және екі таңдаулы пән тапсырмаларынан тұрады. Тестілеуге жалпы орта білім беру мекемелерінің түлектері, алдыңғы жылдардағы мектеп бітірушілер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері қатыса алады.

Тестілеу кезінде короновирустық инфекцияның таралуын болдырмау шаралары сақталады.

Бүгінгі күнге облыста компьютерлермен жабдықталған 5 пункт бар. Олар – Талдықорған қаласындағы №25 орта мектебі, Ақсу ауданындағы Е.Сиқымов атындағы орта мектебі, Қарасай ауданының Үшқоңыр орта мектебі, Еңбекшіқазақ ауданындағы Райымбек батыр атындағы орта мектеп, Панфилов ауданының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі.

Биылғы оқу жылында 17703 түлек мектеп бітіруде, 14501 оқушысы  ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Бұл қатарда «Алтын белгіге» үміткер 1671, үздік аттестатқа үміткер 1352 түлек бар.

Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75 баллға дейін ұлғайтылды. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша кемінде 65 балл, «Ауылшаруашылығы және биоресурстар», "Ветеринария"  білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

ҰБТ-ның өткізілу барысын егжей-тегжейлі баяндаған Айжан Маманқызы баспасөз мәслихаты соңында журналистер сұрағына жауап беріп, жыл сайын өтетін облыс әкімінің грантына қатысты да мәліметтермен бөлісті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы