АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ЖЕТІК МЕҢГЕРУ - БҮГІНГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Уақыты: 08.04.2021
Оқылды: 1041
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі уақытта педагогтардан білім беру технологияларын жетік меңгеру талап етіледі. Соның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны дамыту, сабақта қолдану біздің басты міндетіміздің бірі саналады. Ақпараттық технологияны оқу үдерісінде қолдану мұғалімнің мүмкіндігін кеңейтеді. Қашықтан оқыту үдерісінде де біз осы ақпараттық технологияны қарқынды пайдаланудамыз.

Енді ақпараттық-коммуникативтік технология не дегенге тоқталып өтер болсақ, ақпараттық технология – қазіргі компьютерлік техника негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау ісін қамтамасыз ететін математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен қазіргі техникалық құралдар жиыны деуге болады. Ал коммуникация – ақпаратты тасымалдап жеткізу әдістері мен механизмдерін және оларды жазып, жинақтап жеткізу құрылғыларын қамтитын жалпы ұғым. Ақпараттық-коммуникативтік технология жағдайындағы жалпы оқыту үрдісінің функциялары: оқыту, тәрбиелеу, дамыту, ақпараттық болжамдау және шығармашылық қабілеттерін дамытумен анықталады.

Бүгінгі таңда Zoom платформасы арқылы өткізілетін онлайн сабақтарымызда да осы ақпараттық-коммуникативтік технологияны байыта отырып қолданудамыз. Онда оқушыларды бетпе-бет, жүзбе-жүз  көре отырып сабақ жүргізіп, кері байланыс та орната аламыз. Кері байланыс алу үшін сұрақты тест түрінде береміз, олар бізге жауап қайтарады. Ақпараттық технологияны пайдалану, әсіресе, геометрия сабағында тиімді. Берілген тапсырма бойынша балаларға сызбаларды сызу ыңғайлы. Үйге берілген тапсырмаларды орындап, мұғалімге жіберіп отыруға да өте қолайлы.

Ақпараттық-коммуникативтік технологияны сабақта пайдаланудың балалардың білім деңгейін арттыруда, оқу сапасын жақсартуда пайдасы мол. Ол арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығы, білім-білік дағдысы қалыптасады. Өз бетімен жұмыс жасау, логикалық ойлау қабілеті артады. Тақырып бойынша түрлі сызбалар салу, есептей алу үлгілері дамиды. Ол арқылы тексерудің түрлері, бағалау жүргізіледі. Сондай-ақ, Zoom платформасымен жұмыс істеу де тиімді. Оның өз тақтасы бар, ол арқылы сабақ өткізу өте ыңғайлы. Оны пайдалану арқылы  оқушылардың компьютермен жұмыс істеу машығы артады.

Бір сөзбен айтсақ, ақпараттық технологияны жете меңгеру – бүгінгі уақыт талабы. Өйткені, адамдардың мәлімет алмасып, білім алуында, қарым-қатынасында технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр.

Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін үйрету, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және оқушыны ақпараттық сауатты болып өсуге және уақыт ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу, яғни, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Демек, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырып, нәтижелі білім беруде ақпараттық-коммуникативтік технологияның тиімділігі зор.

Айгүл ШОНЕБАЕВА,

«Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектеп МДШО» КММ математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Сурет - ғаламтордан