ҚОҢЫРАУ ҮНІН САҒЫНДЫҚ: ҚАШЫҚТАН ОҚУ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ?

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1871
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Бұл оқу түрі оқытуды басқару және өз бетімен білім алу бойынша жүзеге асады.

Ақпараттық технология дамыған кезеңде өмір сүріп жатқандықтан оқушыларымыз да жаңа технологияларды барынша тиімді пайдаланып келеді. Саналы тәрбие, сапалы білім алып жүрген мектеп оқушыларының қашықтан оқу кезінде компьютерлік сауаттылықтары артқанын байқадық. Жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалауды азаматтық борышы екенін сезінген олар көптеген интернет-платформаны колданып, өздеріне қажетті ақпаратты өз бетінше алуды үйренді. Өз бетімен атқарылған жұмыстар баланы жауаптылыққа, өзін-өзі дамытуға тәрбиелейді.

Мемлекет тарапынан оқушыларға арналған түрлі білім беру интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды орындауға зор мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасап келеді.

Осындай ақпараттық технологиялардың көмегі арқылы оқушыларымыз жан-жақты дамып, жаңа ақпараттық технологиялардың тілін жетік меңгергенін үлкен жетістік деп бағалағанымыз жөн. Қысқасы, қашықтан оқудың да өзіндік пайдалы тұстары бар. Алайда алтын ұя мектеп табалдырығын аттап, сыңғырлаған күміс қоңыраудың дауысын естіп, сыныпта дәстүрлі сабақ өткізуді ешқандай да білім беру формасына алмастыра алмайтыныз анық. Күміс қоңыраудың үнін сағындық.

Бірақ әлемді жайлаған індет салдарынан қашықтан оқуға міндеттіміз. Ұлағатты ұстаздар қауымы қашықтан оқыту жүйесінде оқушыларға білім беруде түрлі тәсілді қолдану үстінде. Сондықтан да қашықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз керек. Қазіргі білім беру ресурстарының болуы материалды зерттеуді ұйымдастыруда және оның дамуын бақылауда мұғалімнің міндеттерін жеңілдетуге арналған. Тек дұрыс материалды таңдап, оқушылармен байланысын жоғалтпау аса маңызды.

Қорыта келе айтарым, қашықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін өте жоғары. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалім мен окушылар әлемдік ақпараттармен байланысуға, білімдерін онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады.

Лаура АБДРАИМОВА,

"Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі" КММ №2 орта мектептің математика пəні мұғалімі

Сурет - ғаламтордан