ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫН, ЕҢ АЛДЫМЕН, ЖАСТАР ЖЕТЕ ТҮСІНУІ ҚАЖЕТ

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 2020
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл еліміз үшін тұғырлы мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Осынау қастерлі мереке қарсаңында тағылымды тарихымызға үңіліп, оны жас ұрпаққа насихаттау басты борышымыз. «Еліміздің ертеңі – жастардың қолында» деп жиі айтамыз. Биіктікті қыранның қанатымен, даласының кеңдігін тұлпар тұяғының дүбірімен, ал өркениет жарасымын жастарының жалынымен өлшеген қазақ елі қашанда қайраты мен айбатын қалқан еткені белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, атабабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», – деп атап айтқан болатын. Заман көші ауысып, тарих тұтқасын кемел келешекке бастаған елдің санасында заңды түрде бірнеше сауал туындайды. Жасампаз елдің жастары қандай, олар нені армандайды? Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан, ширек ғасырда ширап, аз ғана уақытта қарыштап дамыған Қазақстанның болашағы кімдердің қолында?

Егемен елдің ертеңін құрайтын жасампаз жастар мәселесі қай кезде де басты назарда. Оған саясат сахнасында сабақтастықты сақтап, ел тізгінін ұстаған басшыларымыздың жастарға бағыт беріп айтқан сөздері дәлел. Бүгінде өңір жастарының басын қосып, тың идеяларға серпін беріп тұрған облысымыздағы Жастарға қызмет көрсету орталығы да Тәуелсіздіктің жемісі.

Тарихы тағылымды елдің тұғырлы мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілетін ауқымды жобалар да жастардың белсене қатысуын қажет етеді. Республикалық «Қайырымдылық марафоны» жобасы аясында «Мейірімділік керуені» ұйымдастырылмақ. Осы тұста біз өңір еріктілерімен бірге көмекті қажет ететін 30 мың отбасына қолғабыс етпекпіз. Сонымен қатар, облысымызда «Жас ғалымдар», «Жас депутаттар» және «Балалар үйі түлектерінің» қауымдастығын құрдық. Өңірдегі түрлі салада жүрген жастарды қамтуға тырысудамыз.

Республикалық «Тәуелсіздік құрдастары» жобасы аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар тағайындалады. Игі іс облысымызда да жалғасын таппақ. «Жас and Free»-IТ бағытында тың ойлары мен жаңа жобалары бар талапты жастарға таптырмас мүмкіндік. Жоба қатысушылары киберспорт, СММ, веб-дизайн, digital маркетинг, ютуб блогинг бағыттары бойынша 3 ай мерзімде оқу курстарынан өтіп, үздік 50 идея төл жобаларын жүзеге асыру үшін 500 мың теңге көлеміндегі облыс әкімінің грантына ие бола алады.

Елдар САПАРОВ,

Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Сурет - ғаламтордан