СЫРТТАННЫҢ ҚАЗАСЫ: ИТТІ АРУЛАП КӨМІП, БАСЫНА БЕЛГІ ҚОЙҒАНДАР

Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 1788
Бөлім: РУХАНИЯТ

Екі қалтаны асыққа толтырып, Сабыржан екеуміз үйге келдік. Ауқаттанып алып, түстен кейінгі айқасқа тоқ барудың қамы. Ауылдың шетіндегі Арманға ағасы құлжаның сақасын әкеп беріпті дегенді естігенбіз. Бар ойымыз асығымен қоса сол сақаны қолға түсіру. Шешем аяғының ұшымен жүріп, тамағымызды берді. Ондағы ойы отағасы тынығып алсын дегені.

Әдетте әкем түскі тамағын ішкесін жарты сағат көз шырымын алатын әдеті бар. Бүгін де сол жұмыстан келгесін түскі астан кейін құс төсекте шырт ұйқыға кеткен екен. Бір ұртынанан екінші ұртына қант тыққан Сабыржан айранды сіміріп отыр. Ас келгенше қомағайланып, өліп барады. Сабыржан көршінің баласы, сыныптас досым. Көп сөйлегені болмаса, досқа берік. Асық ойнағанда алдына жан салмайды. Арасында арамдық істеп, ойында дау туғызады. Талай мәрте додадан қуып жіберсе де, амалын тауып шайқасқа қосылып алады. Бұл жолы үнсіз, қомағайланып нанды соғып отыр. Оның не үшін үнсіз отырғанын мен білем. Алдағы додаға жоспар құруда. Көз алдына тамақ емес, құлжаның сақасы елестейтіндей. Әйтеуір, жоспары «Барбароссадан» асып түспесе кем түспесі анық.

Шешемнің құйған тамағын асығыс-үсігіс ішіп отырғанда сыртқы есік ашылды. Әкемнің ағайындас ағасы Рақымберлі кіріп келді. Орта бойлы, үстіне киген әскери киімі бар, аяғындағы саптама етігі жылтырап тұр. Галифе шалбарының балағын мықтап тұрып етіктің қонышына тыққан. Өзіне әдемі жарасады. Есіктен кірмей жатып, сөйлей жөнелетін атамызда үн жоқ. Ақырын ғана шешеммен амандасты да: "Түкең қайда?" - деді.

Шешем байқұс қалбалақтап орнынан атып тұрып, түпкі бөлмеге қарай қолын нұсқап, отағасы демалып жатыр дегенді ернінің ұшымен жеткізді. Түпкі бөлме дегені болмаса қоржын там. Бір бөлмеден, екіншісіне өтеді. Бөлмелердің арасын есік емес, екі жаққа сырылып ашылатын перде ғана бөліп тұр. Етігін асығыс шешті де, Рақымберлі ата әкем жатқан бөлмеге бет алды.

Тәтті ұйқыда жатқан бауырын түртіп: «Түке, тұр, кеңсеге барайық, шал қайтыс болыпты», – деді. Әкемнің есімі Тұрғанбай болғанымен көпшілік Түке деп айтатын. Ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарғасын ба, әйтеуір нақты атамайды. Үлкендердің әңгімесіне құлақ түргенімізді байқап қалған шешем: «Әй, тұрыңдар, бар, ойнаңдар», – деп есіктен шығарып жіберді. Қандай шал екенінде шаруамыз жоқ, біз асық ойнауға тарттық.

Көптен күткен дода басталды. Сақасын қызылға бояп, жылтыратып, екі саусағымен шыр айналдырып, Арман келді. Дау шығарудың төресі Сабыржан сақаны тексерейік, ортасына қорғасын құйып әкелген шығар деп, сөзбен қағытып қалды. Басынан сөз асырмайтын Арман да: «Мен сен секілді арам емеспін, ойнасам таза ойнаймын», – деп шаңқ ете қалды. Ойынның шарты, ортаға сақамызды тастадық.

Шіркін, құлжаның сақасы, жылтырап, жұп-жұмыр, ұстасаң қолыңа жата кетеді. Аузымыздың суы құрып, бар ойымыз осыны қалай ұтсақ деп қызығып барамыз. Сабыржан қояр емес, жерден темір тауып, сақаны тексерді. Арман өзіне сенімді, салмағы ауыр құлжаның асығына қорғасын құйып жын соқтыма дегендей сыңай танытып тұр. Ақыры ойлағаны іске аспаған Сабыржан ойынды бастайық деді. Дода басталды, ұтылғандар шетінен сырғып жатыр. Екі адам жекпе-жек. Сабыржан мен Арман. Қалғанымыз асыққа қызығып та, қызғанып та тұрмыз. Ақыры даукестеніп жүріп, Арманның асығын ұтты. Жанжал осы жерде басталды. Арман құлжаның сақасын отыз асыққа бағалады. Сақа ондай тұрмайды деп, Сабыржан қызыл кеңірдек болды. Дауласып тұрғанда шешемнің үйге қайт деген дауысы естілді. Саудаласу ұзаққа созылмады. Отыз асыққа келіспеген Сабыржан ойыннан бас тартты. Сақасының құнын түсірмеген Арман үйіне қарай бет алды. Жүрісі соғыстан қайтқан солдаттай маң-маң басып, көкіректі керіп тастап кетіп барады. Сезіп-ақ тұрмын, Сабыржаның іші удай ашып барады. Келісе салайын десе, отыз асық аз асық емес, келіспейін десе сақа кетіп барады. Ертіп келген нөкерлерін соңынан шұбыртып кетіп бара жатқан Арманның соңынан айқайлады.

– Арман, сен ертең кел, ойынды жалғастырайық, – деді.

- Отыз асыққа келіссең келем, – деп, Арман артына да қарамады.

Бірінші күні құлжаның асығына қолымыз жетпей үйімізге қайттық. Кешкілік малды жайғастырып келген біздің үйдің ішінде бір үнсіздік. Төрде тұрған көкжәшік саңқылдап тұр. Барлығы соған телміріп алған. Көзілдірік кигені бар, шоқпардай галстук таққаны бар, кезек-кезек теледидардан сөз сөйлеп жатыр. Орысша болғасын оның не айтып жатқаны түсініксіз. Төрде отырған көрші апаның көзі суланып кетіпті. Арасында Брежневтің суреті жылт ете қалады. Шыдамым таусылып, шешемнен сұрауға ыңғайландым.

– Мама, не көрсетіп жатыр? - дедім.

- Тыныш, Брежнев атаң қайтыс болыпты, – деді.

Ә, бағанағы Рақымберлі атаның айтқан ақсақалы осы екен ғой. Шал қайтыс болды дегені есіме сақ ете қалды. Сол күні барлығымыз теледидарға телмірдік. Үш күн біздің үйде де қаралы күн болғандай үнсіздік пайда болды. Тыныш отырып, тамағымды ішіп, бар бітіретінім асық ату. Брежневтің өкімет адамы екенін білемін.

Бүтін Кеңес өкіметін басқаратынын алты жасар бала қайдан білсін?! Менің үйімдегі жағдай Сабыржанның үйінде де болыпты. Оларда да тыныштық, отбасымен отырып, Брежневті соңғы сапарға шығарып салған. Ауыл үлкендерінің әңгімесі Брежневтің қазасы болды. Құдды бір бір туған ағайыннан айырылғандай күн кештік. Бірақ біздің ойымыз Арманның қызыл сақасында. Ақыры қоймай жүріп, отыз асыққа бағалап ұтып алдық. Сабыржаннан асқан бақытты адам жоқ. Әшейінде ауыздыға сөз бермейтін Сабыржан қолына сақа түскесін мақтанудың не түрін тапты. Құлжаның сақасымен ауылдың бар асығын ұтты. Қолына жақсы жағып, бес жыл алдына жан салмады.

Бір күні түс ауа басы салбыраған Сабыржан үйге келді. Түрден- түр жоқ, бозарып кетіпті. Үнсіз ғана қасыма кеп отырды. Мұның мынадай түрін көрмеген мен шошып кеттім. Былайғы күні жан-жағын жайпап, маңйына соқтығысып жүретін досымда бұрынғы қалып жоқ.

– Тыныштық па, не болды, айтсаңшы? – дедім.

– Бір қиын жағдай болып тұр.

– Ол қандай қиын жағдай, сақаңнан айырылып қалдың ба? – дедім.

– Жоқ, сақам қалтамда, – деп, қолын қалтасына жүгіртті.

– Енді не?

- Сырттан өліп қалды, – деп өкіріп жіберді.

Сабыржанның Сырттан деген иті бар болатын. Кішкентай күшік кезінде ағасы Нұржан әкеп берген. Өте ақылды, Сабыржаннан бір елі қалмайтын. Иттің төресі еді. Бір жолы қой баққанда жалғыз өзі дөрбиген борсықты алған. Жарты сағат айқасып жүріп, алқымнан тістеп өлтірді. Көршілердің иттерін бұйым көрмейтін. Қартайып қалған кезі емес, неге өлді деген ой қылаң берді.

– Ол қалай өлді? – дедім. – Жоқ біреу атып тастады ма?

- Жоқ, атқан жоқ. Уланып қалыпты, – деді ол.

Итінің өліміне қайғырған Сабыржанды жұбатуға кірістім.

- Енді не істейміз, сен жылама, басқа күшік қарайық ауылдан, – деп құшағыма қыстым.

Сабыржан үн қатпады. Біраз тыныштық орнап, бір нүктеге көзін қадап отырып алды. Дәл осы сәтте бір ой санама сап ете қалды.

– Сабыржан, есіңде ме, осыдан бес жыл бұрын Брежнев атаның қайтыс болғаны.

– Иә, бірақ оның Сырттанға қандай қатысы бар? Сырттанды ол улаған жоқ қой, – деді.

– Мен оны айтайын деп тұрғаным жоқ. Сол кезде атаны қалай жерлегенін теледидардан көрсетті ғой. Сен оны көрдің бе, – дедім.

– Иә, көргем.

- Көрсең, Сырттанды да солай жерлейік.

Осы кезде тұнжырап отырған Сабыржанның маңдайы жазылып, көңілі көтеріле бастады.

– Сырттан иттің төресі. Оны құрметпен жерлеу керек, – деп білгішсіндім.

- Жүр онда, жерлеудің қамын жасайық.

Жақсы иттің аузына май салып көмеді дегенді құлағым шалып қалған. Қолыма пышақ алып, құрт-ірімшік сақтайтын сарайға зып беріп кірдім. Шешемнің жаз бойы меске салып сақтаған сары майынан бір кесім алдым. Бұл уақытта Сабыржан үйіне қарай жүгіріп кеткен еді. Артынан қолыма қысқан майды алып мен де жеттім. Алақанның қызуынан біразы еріп кетіпті. Аузы ырсиып, сілесіп жатқан Сырттанның аузына майды салдық. Жағы әбден қарысып қалыпты, әупірімдеп жүріп әзер аштық. Қораның қиын шығарып жүрген зеңбілді әкеп, Сырттанды жатқыздық. Бірақ бір нәрсе жетіспейді.

- Сабыржан, ойланшы, Брежнев атаны қалай жерледі, тағы не болып еді? - дедім.

- Көп солдаттар болған, – деді ол ойланбастан. Ә, қолына қару ұстаған солдаттар есіме келді.

- Енді бізге солдаттар керек, - дедім.

Екі адам Сырттанды жерлеуге келмейді. Тым жұпыны болып қалады. Брежневте көп адам болған. Біздің итті жерлеуге бүкіл ауыл бармайтыны белгілі. Үйдің ішіне айтсаң басыңа әңгіртаяқ ойнайтыны айдан анық. Ақыры көршінің ұсақ балаларын жинадық. Біздің сөзімізді тыңдайтын солар ғана. Бекежан мен Сейітнұр ағаның екі ұлы бар. Әдемі есімдері бар, бірақ ауыл басқаша атайды. Жаннұрды «Чіка» десе, Серікті «қара Серік» дейді. Сотқар болғанымен бізден қорқады. Өйткені, жасымыз үлкен. Екеуін әкеліп мылтықтың орына қолдарына екі таяқ ұстатық. Алдымен қалай жүру керегін үйреттік. Асықпай, аяғыңды нық басып, қолыңдағы мылтықты түзу ұстайсың дедік. Бір-екі рет көрсеткесін, қағылез балалар айтқанды бұлжытпай орындады. Бастарына баскиім кигізіп, Сырттанды сыртқа алып шықтық.

Жерлейтін жер белгілі, ескі қораның арты. Үй мен қораның арасы бар-жоғы елу метр. Бірақ біз осы аралықты жарты сағат жүрдік. Алдыда екі солдат, зеңбілге Сырттанды жатқызып біз келеміз. Ақыры, терлеп-тепшіп орынға жеттік. Сусылдаған құмдауыт жер, күрексіз қолмен қазыла береді. Төрт жақтап жүріп, Сырттанға көр қаздық. Тіземізге жетер-жетпес қазылған шұңқырға Сырттанды жатқызып, жерлеу рәсімін жасадық. Барлығы теледидардан көргендей. Топырақ салып, бас киімімізді шешіп, біраз үнсіз тұрдық. Соңынан екі қарауыл мылтықтарын аспанға көтеріп, «тақ, тақ» деген дауыс шығарды. Мылтық атылды, сап түзеп үйге қайттық.

Ертесіне Сабыржан қолына жалпақ тақтайшаны алып, үйге келді. Қара күйемен әдемілеп иттің аты-жөнін жазып алыпты. Екі жақтап жүріп, Сырттанның басына белгі қойдық. Бір апта басына барып гүл қойып тұру біздің басты міндетіміз болды. Бір күні әдетке айналып қалған еске алу рәсімін жасап тұрған Сабыржан екеумізді көрген Қаматай апа аттанды салып үйге қуып тықты.

- Қара көрінгірлер, қайдағы бір пәлені шығарып, жамандықты шақырған өңкей албастылар, – деп жер-жебірімізге жетті. Сол күннен бастап біз Сырттанды ұмыттық. Бірақ балалықтың тәтті естелігі мәңгілік санамызда қалды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан