ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ БІЛІМ БЕРУ: ӘЛЕМДІК ТЫҒЫРЫҚТАН ҚАЛАЙ ШЫҚТЫҚ?

Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 1236
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді жаулаған індет барлық салаға салқынын тигізді. Әсіресе, білім саласына келтірген зияны көп. Десе де, тығырықтан шығудың жолын тез тауып, қашықтан оқу үлгісіне көштік. Алғашында ұстаз да, оқушы да қиналғанымен, артынан бұл үрдіске де бой үйреттік. Онлайн сабақ оқудың өзіндік жеңілдіктері мен оңтайлы болатынын қазір нақты анықтадық.

Бүгінгі ілім саласының негізгі талаптарының бірі – оқушы өзіндік жұмыспен шұғылдануы керек. Өз бетімен ізденіске көбірек мән беріп, жеке шығармашылыққа ден қою керек. Міне, осы талап та оқушыны шыңдай түсті. Мұғалім сабақты онлайн арқылы өткізіп, тапсырманы берумен қатар түсіндірме жұмысын бірге жүргізеді. Одан ары оқушы өзі ізденіп, шешу жолдарын қарайды. Дұрыс-бұрыстығын мұғалім бағыт-бағдар беру арқылы жетелеп отырады.

Осы орайда қашықтан оқыту өз жемісін заман талабына сай атқарып отыр десем болады. Қашықтан оқытудың тағы бір ерекшелігі бейнеоқулықтарды пайдалану өте жеңіл. Барлық оқушының қолында смартфон, компьютер болғандықтан мұндай сабақ үлгісі көп қиындық туғызбайды. Бастауыш сыныптың оқушылары үшін ұстаздың қасында болған көбірек пайдалы. Ал жоғары сынып үшін онлайн тиімді десек те болады. Өйткені, жоғары оқу орнына барған кезде бұл үрдіс кеңінен қолданылады.

Бүгінде сырттай оқу бөлімі жабылып, орнына қашықтан оқыту талабы енгізілген. Міне, осыған орай мектептен жоғары оқу орына барғанда қашықтан оқуға толықтай даяр болып барады. Сонымен қатар, арнайы орын талғамайды. Кез келген жерде отырып, сабаққа қатысып, ары қарай бос уақытыңды басқа шаруаларды бітіруге арнауға өте ыңғайлы. Сондықтан, онлайн сабақтың пайдасы мол.

Міне, қашықтан оқыту арқылы тағы бір оқу жылын аяқтауға жақынбыз. Қиын кезде жол таптық дегенімізбен алдағы уақытта қолданысқа енгізуге болатын формат. Тек оқушының ынта-жігерін арттыру және жалықтырып алмай, қызықты өткізу қажет. Оқушы сол арқылы мұғалімге жақындай түседі және ізденіске деген құлшынысы артады.

С.МАХАМБЕТОВА,

№2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан