ЖЕҢІС КҮНІН ЖАҚЫНДАТУҒА ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ДЕ ҮЛКЕН ҮЛЕС ҚОСТЫ

Уақыты: 05.05.2021
Оқылды: 1391
Бөлім: РУХАНИЯТ

Майдандағы Жеңіске ауылымыздағы аналарымыздың да қосқан үлесі орасан зор. Мен бүгін соғыстағы ерен ерлікті емес, ауылдағы нәзік жандардың жанқилы еңбегін сөз етпекпін.

Ауылшаруашылығында еңбек еткен ерлердің майданға тартылумен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Күнұзақ егіс басында алақандары ойылып қанағанша орақ орған аналарымыз күн-түн демей, өгіз арбаға орған астығын тиеп, арасы 250 шақырым болатын Сарыбел ауылынан Сарыөзекке тасып, жеткізген аналарымыздың еңбегін ауылымыздың ақсақалы Мырзахмет ата дәл кешегі күндей есіне алып, әңгімелеп берді.

Кеш түсе ауылдағы әйелдер бір үйге жиналып, өздерінде бар бір жапырақ нандары мен бір шақпақ қанттарын бөліп жеп, түнімен жіп иіріп, шұлық, мойынорағыш, кеудеше тоқып, майдандағы ер азаматтарға жіберіп отырған. Әбден шаршап ұйқы қысқанда өлең айтып, ұйқыларын ашқан аналарымыз-ай! Жүннен киіз басып, пима, байпақ дайындап, майданда жүрген ерлерінің қамын қамдап, талмай еңбек еткен аналар ешқашан да ұмытылмақ емес.

Сарыбел ауылында тылда еңбек еткен аналарымызды «қырық қыз» деп атаған екен. "Таң қылаң бере бір-екі сағат көз шырымын алған уақытта егіс басына жұмысқа шақырған Райыс атаның дауысы естілуші еді. Солай күн артынан күн өтіп жататын. Әр үйге келген қаралы қағаз ауылда қалған қариялар мен әйелдердің жігерін мұқалтты, жас балалар ерте есейіп, өмірдің ащы дәмін татты", - деп еске түсіреді қария.

Ауылда аздап хат танитын Әниқа есімді апа болыпты. Ол ауыл кеңесінде хатшы болып жұмыс істеген. Майданнан келген Изенаев Шәкен атамыздың осы бір хатын өмірінің соңғы күніне дейін бала-шаға, немерелеріне жатқа айтып берген екен. Назар аударайық:

Сарыбел, жерің жақсы қонысым-ай,

Тұнық су, шөбің майда тегісін-ай.

Жылжымай төрт түлік мал жатушы еді,

Шүйгін шөп тиянақты, өрісім-ай.

Сарыбел қайран жерім алыс жатыр,

Жол шеккен алыс сапар біз бір пақыр.

Сары жел кешке жақын таудан соққан,

Таза ауа шағылысып, жұпар аңқыр.

Сарыбел, мен сағындым, жалғыз тарың,

Қайтейін көп тарттым ғой түздің зарын.

Бір басым қайда жүрсе тәуекелде,

Жас еді-ау, не болады балаларым?!

Зейнехан, Асылхан мен Шекерханым,

Ойласам қозғалады ыстық қаным.

Эрнест Қожақанды ойлағанда,

Кеудемнен шыға жаздар шыбын жаным.

Жолықты Новосибирь Әбілқасым,

Егілді көргеннен соң көзден жасым.

Қарағым, түзде жылап қайтейік,

Аманат бір Аллаға ғазиз басым.

Қасымда Әзімбай мен Смағұл бар,

Жылауға үшеуінің жаны шыдар.

Қалдырған осы күнге герман жауыз,

Солардың қанын шашса, құмар шығар.

Асылхан Қожақан мен Эрнест балам,

Ағаңның сендерді ойлап көңілі алаң.

Жанарыс, сендер-дағы тілеулес бол,

Аз күнде Берлинді алып елге барам.

Майданнан келген хаттарды тыңдаған аналарымыз жанарына жас тола отырып, ары қарай еңбек етуді жалғастырған. Әбілова Малике, Абилханова Нұрихан, Әбилова Батан, Ақшалова Қалижан, Рақымжанова Күлпаш, Әбдіғапарова Әниқа, Өзбекова Күлжамила, Сатыбалдиева Ұлтуған, Шокалаева Ұлтуар, Нүсипова Бәдеш, Айтқожаева Бәйжеш, Есенова Сара, Катекова Атын, Ақанова Нүрбәтіш, Есенова Күлжамал,Есенова Сақыпжамал, Кегенбаева Шекерхан, Жұмағұлова Разихан, Қоңқаева Сарқыт, Әбілқанова Нұрихан, Сұраншиева Разипа, Бекова Күләш, Сатыбалдиева Ақүйрек, Ибрагимова Бишан, Ибраймова Ажар, Әмірова Анар, Рахымжанова Зейнеп, Бершімбекова Шарипа, Сұлтанова Биғайша, Тұрықбаева Рысжамал, Медеуқұлова Нұршахан,Кадрахунова Нұршахан, Ысқақова Зағира, Сұраншиева Зейнеп, Смайлова Ұлдахан, Құлбаева Нұрқан, Тлеужанова Ұлтуған, Шакенова Асылхан, Байпақова Күлімхан, Аманова Рәзия, Найманбаева Зақан, Дайырова Нұрғайша, Бершінбекова Рабиға, Жұмабаева Тохтарбай, Мұқажанова Зейнеп, Әбәлова Батан, Көбікова Әзима, Нұрғалиева Асыл, Ақшалова Алмажан, Аділшаева Нұрихан, Ақшалова Қалижан, Әбілова Әшімхан, Сарсенбекова Әбзелхан, Шәкенова Шекерхан, Шәкенова Асылхан есімді қаншама асыл аналар соғыс кезінде тылда тер төкті десеңізші?! Бұлардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Осындай тылда еңбек еткен, соғыс жылдарынан кейінгі қиын-қыстау кезеңде ауылда ер азаматтар арқалайтын ауыр еңбекті ауырсынбай, көше бойына электр қадаларын орнатып, отар-отар қой қырыққан аналарымыздың есімі, атқарған  еңбегі мәңгі жадымызда!

Гүлбазар СӘРСЕНБАЕВА,

Х.Көбіков атындағы орта мектептің мұғалімі

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан