ҚОРҒАНЫСЫ ӘЛСІЗ МЕМЛЕКЕТКЕ ӘРКІМ ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ ЖАСАУЫ МҮМКІН

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1416
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі.
Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп,
өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

Бұл күндері бүкіл қазақ қоғамы мемлекеттің қорғаныс саласындағы сарбаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтауда. Әр нәрсенің өзіндік тарихы болатынын ескерер болсақ, Қазақстан қарулы күштерін қалыптастыруға еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерен екенін айтуға тиіспіз. Сол бір өліара кезеңде жаңадан ірге көтерген жас мемлекеттің қорғаныс саласын құруға Отан соғысына қатысып, Жеңіс туын Берлинде желбіреткен, Кеңес одағының батыры, генерал Сағадат Нұрмағанбетов сияқты білікті әрі тәжірибелі маманның келуін заңдылық деп қабылдаймын.

Тәуелсіздік  алған кезеңде мен Германияның Потсдам қаласында полк командирі қызметін атқарып жүрген болатынмын. Жарты әлемге жарлығын жүргізген Кеңес империясы құрдымға кеткен кезде қарулы күштерінің тағдыры да қыл үстінде тұрғаны белгілі. Осы тұста: «Енді қайтпек керек? Қайда барамыз?» – деген сауалдар әркімнің алдында тұрды. Мен үшін, әрине, тәуелсіз еліме қызмет ету қажеттігі айқын болатын. Сондықтан көп ойланбай жүктерімді жинадым да, Қазақстанға тартып кеттім.

Алматыға келгеннен кейін Сағадат Қожахметұлының қабылдауына жазылдым. Мені көре сала: «Бақытжан, мен сені танимын ғой! Бүкіл әскери қызметің жауынгерлердің ортасында өтіп келе жатқаны да маған мәлім. Дегенмен, бізге ең алдымен ұйымдастыру жұмыстарын жолға қою қажет. Сондықтан Мемлекеттік қорғаныс комитетінде біраз еңбек етуге тура келеді!» – деген болатын. Сол күннен бастап Қазақстан қарулы күштерін қалыптастыруға бір адамдай үлесімді қостым деп есептеймін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел басына түскен қиындықтарды аға ұрпақ  жақсы біледі. Өндіріс пен шаруашылықтар құлдырап, экономикамыз дағдарысқа ұшыраған алмағайып кезеңде өте үлкен қаржыны қажет ететін қорғаныс саласын дамыту оңай болмағаны белгілі. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері мен зейнеткерлер айлап жалақыларын ала алмай, жарық пен жылудың тапшылыққа айналған кезін бастан кешірдік. Соған қарамастан, еліміздің тыныштығы мен жеріміздің бүтіндігін қорғайтын қарулы күштерге лайықты көңіл бөлінді. Бұл жерде тағы да Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігін айта кету керек. Біз оның қолдауы мен қамқорлығын үнемі сезініп жүрдік.

Біраз уақыт комитетте еңбек етіп, жұмыс жолға қойылғаннан кейін Сағадат Қожахметұлы уәдесінде тұрып, мені әскери саптағы қызметіме қайтарды. Осылайша Сарыөзектегі құрамға командир болып жаңа жұмысты бастадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарулы күштерді көруге бағытталған алғашқы сапарын да осы Сарыөзектен бастап, генерал шенін де осы жерде алған болатынмын. Жер жаннаты Жетісудың киесі маған осылайша тиді деп есептеймін. Осының барлығы бүгін тарихқа айналып отыр.

Биыл біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу үстіндеміз. Ғаламдық тұрғыдан алғанда қас қағым сәт болып көрінетін осынау қысқа мерзімде қазақ елі өзінің мемлекеттігін қалыптастырып, тәуелсіздігін тұғырға қондыруда біршама жетістіктерге жеткені баршаға аян. Бұған қарулы күштер де өз үлесін қосқаны анық. Қорғанысы әлсіз мемлекетке әркім қоқан-лоққы жасауы мүмкін. Ал, біз техникалық жағынан да, жауынгерлердің әскери дайындығы тұрғысынан да кез келген агрессияға жауап қайтаруға дайын екенімізді аңғартып келеміз. Әскеріміз соңғы үлгідегі қарулармен қамтамасыз етілген. Кең байтақ Отанымызды ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен батыр бабаларымыздың рухы бүгінгі Отан қорғаушыларды ерлік істерге бастайды деп сенемін.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген сарбаздарды, офицерлер мен генералдарды, жалпы қазақ халқын айтулы мерекелерімен құттықтаймын! Кешегі күні Ауған жерінде бірге болған қандыкөйлек жауынгерлерді, отставкаға шыққан әріптестерімді, боздақтарынан айрылған ата-аналарды да Отан қорғаушылар күнімен құттықтағым келеді. Еліміздің аспаны ашық, болашағы бейбіт болғай! Ал, ол үшін сол бейбітшілікті қамтамасыз ететін қарулы күштеріміз айбынды да айдынды болуы керек!

Бақытжан ЕРТАЕВ,

генерал-лейтенант, Халық қаһарманы

Сурет ғаламтордан алынды