МӘУЛЕН МАМЫРОВ: «ОДАҚТЫҢ ТУЫН КӨТЕРДІМ ДЕГЕН БІР ӨКІНІШ БОЛАТЫН»

Уақыты: 15.06.2021
Оқылды: 1232
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз. Біз оны жете сезіндік. Қазақстан жеке мемлекет болған кезде бөркін аспанға атпаған қазақ қалмаған шығар. Солардың арасында спортшылар да бар. 
 
Біз кеңестің құрамасында жаттықтық, кеңестің атымен сынға түстік. Сол уақыттарда өзге елдің Туы желбіреп, Әнұраны ойналғанда ішімізде бір "әттеген-ай" тұратын. Жеңісіңе қуанғаныңмен одақтың туын көтердім деген бір өкініш болатын. Кейін ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін додаға жеке дара Қазақстан Республикасы деген атпен түстік. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, мақтаныш еді. Жігеріңе жігер қосып, жеңіс тұғырында Қазақстанның Гимнін асқан тебіреніспен тыңдап, қосыла шырқадық. Міне, отыз жыл болды, спортшылар әр жеңісінде дәл мен сезінген шаттықты сезінетіні сөзсіз.
Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін өте ауыр болды. Барлық саланың тұралап қалған кезі болатын. Ауыртпалықты бастан өткерген саланың бірі – спорт еді. Спортшылар қиын кезеңдерді бастан кешірді. Жаттығу залы, кәсіби мамандар, сырт мемлекетке шығатын қаражат тапшылығы сезілді. Барлығы алғашында оңай келе салған жоқ. Әйтсе де халық болашаққа ұмтылды, жақсылық пен жаңғырудың жолы алда екенін білді. Біз спортшылар да Тәуелсіздіктің жемісіне қол жеткізетінімізге сендік. Сол үшін де талмай еңбек еттік. Қазір тәубе дейміз. Жасы отызға толған жас мемлекеттің экономикасы тұрақты, әл-ауқаты қуатты мемлекетке айналды. Осы отыз жылдың ішінде қаншама байрақты бәсекеге қатыстық. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Жеткен жетістіктің барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін. Спортшылардың барлық жағдайы жасалып, жарысқа еркін қатысты.
 Кеңес кезінде құрама сапына ену біз үшін арман еді. Ұлтымыз бөлек болғасын орта жолда сырылып қалатын кез көп еді. Талай қазақтың мықтылары кеңестің құрама командасына енбей қалды. Маңдайы жарқырап, әлемді бағындыратын майталмандардың бақытына балта шабылды. Ал қазір Жаратқанға мың шүкір дейсің. Өзің ие болып, ұлтым қазақ деп құраманың сапында еркін жүріп, әлемнің қақ төрінде Көк байрақты үлкен мақтанышпен алып жүресің. Бұдан асқан бақыт жоқ. 
Соңғы жиырма жылда спорт саласына көп көңіл бөлінді. Әлемде теңдесі жоқ спорт сарайлары бой көтерді. Күллі дүниежүзінің басын қосатын әлем, Азия чемпионаттарын өткізіп жатырмыз. Одан бөлек, түрлі форум, көрме секілді ірі басқосулар іске асты. Мұның барлығы тәуелсіз елдің еңбегі мен жемісі. Олай болса Тәуелсіздік маңдайға басқан бағымыз екенін мақтанышпен айтамын. Отыз жылдығымыз құтты болсын!

Мәулен МАМЫРОВ, 
еркін күрестен Атланта 
Олимпиадасының қола жүлдегері
Сурет ғаламтордан алынды