ЕКІ АПТАҒА СОЗЫЛҒАН САЙЫС: ҮЗДІК КОМПОЗИТОРЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 07.06.2021
Оқылды: 1341
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Елге арнау» ІІ республикалық композиторлар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Байқауың басты мақсаты – жаңа музыкалық композициялар мен әлеуметтік маңызы бар патриоттық әндердің ашылуы, отандық авторларды қолдау, халық музыкасына, Отанға қызмет етуге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.


Марапаттау салтанаты басталмас бұрын баспасөз конференциясы өтті. Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, Серік Еркімбеков, Ермұрат Үсенов, Артық Тоқсанбаев, Әли Алпысбаев сынды композиторлар және әнші Айгүл Қосанова қатысты. 

Әділқазылардың айтуынша, республиканың барлық өңірінен 4 номинация бойынша 37 өтінім келіп түскен. Іріктеу кезеңінен 19 қатысушы ақтық сынға жолдама алды. 

Мәрлен Қапашұлы екі аптаға созылған сайыстың жоғары дәрежеде өткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол бағалау кезеңіне жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен қараған әділқазы мүшелеріне алғысын білдірді. Аталмыш сайысты халықаралық деңгейге жеткізу туралы да сөз қозғалды. 

«Халық аспаптары оркестріне немесе фольклорлық-этнографиялық ансамбльге арналған шығарма» номинациясы бойынша талдықорғандық Мақсат Нұрланов, «Үздік ән» номинациясы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Толқын Қайынова, «Жетісу өлкесіне арналған ән, шығарма» номинациясы бойынша талдықорғандық Данияр Құрамысов, «Халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен жеке аспапқа арналған шығарма» номинациясы бойынша Орал қаласынан Еркін Нұрымбетов бірінші орыннан көрінді. Барлық жүлдегерлер 500 мың теңгенің сертификаты және арнайы дипломмен  марапатталды. Екінші, үшінші орыннан көрінген жүлдегерлерге сәйкесінше 150-300 мың теңгенің сертификаты табысталды. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"