ҮЗДІК МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ: ЖЕРЛЕСІМІЗ ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 11.06.2021
Оқылды: 1397
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жуырда  Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру аясында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына» атты онлайн фестивалі өтті. Онда мәдениет және өнер саласы ұйымдары қызметкерлерінің шығармашылық жетістіктерін анықтау және шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған  байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 

Республика деңгейінде  ІV  рет өткен байқауға кітапхана, мәдениет үйлері және музей саласында еңбек етіп жатқан 300-ден астам мәдениет қызметкерлері қатысып, бақ сынады. Фестивальдің қорытынды кездесуіне байқау жеңімпаздары ғана шақырылып, Ақмола облысының Бурабай шипажайында демалып,  Көкшетау қаласындағы "Болашақ” сарайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен өткен жиынға қатысты. 
Марапаттау салтанаты «Rixos Burabai» қонақүйінің заманауи зәулім сарайында өтті. Сол қатарда Панфилов ауданындағы “Жауынгерлік даңқ” музейінің меңгерушісі, жерлесіміз, тарихшы Қали Ибырайымжанов музей саласы бойынша соңғы үш жылдық жұмыс нәтижесінің  көрсеткіші  бойынша «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясы бойынша  марапатталып, заттай сыйлыққа ие болды. 
Осы тұста республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалінде бақ сынаған үміткерлер мен шығармашылық ұжымдардың жетістігін саралауда қазылар алқасының төрағасы, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, «Бозоқ» музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева ханым мен Kazmuseum.kz сайтының бас редакторы, музеология магистрі Нұрсерік Жолбарыс пен ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Айбек Сыдықовтар болғанын айта кеткен жөн.   
Жеңімпаздар марапаттау рәсімінен өзге басқа да көңілді кездесулердің куәсі болды. Олар бағдарлама бойынша «Айнакөл» қонақүйінде  ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов пен Мәжіліс депутаттары Қ. Иса, Р. Думанұлы және  М. Тәжмағанбетова, өнер майталмандары                             А. Иманбаева, Ж. Сейдоллаұлының, сондай-ақ, Ақмола облыстық мәдениет басқармасы мамандарының қатысуымен өткен кездесуде мәдениет саласының жетістіктері  мен негізгі өзекті мәселелер жайында ой бөліссе, Көкшетау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін, Бурабай кентіндегі музей мен «Абылайхан” алаңындағы сал-серілер ауылын,  «Абылайханның жайлауы» және «Ботай» аспанасты ашық музейлерін аралады. Бурабай көлі, «Оқжетпес» пен «Жұмбақтас», Бөлектау сынды  табиғат таңғажайыптарын да көріп, көңілдері көтерілді. 
Қали Тұрдығазыұлының республикада топ жарып, аймағымыздың мәртебесін асырған жетістігіне ризашылығымызды білдіріп, алдағы уақытта да үлкен биіктерден көріне бер дегіміз келеді.      

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"