ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ЖАС КОМПОЗИТОРЫ

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1064
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көптеген халықаралық байқаудың жеңімпазы Нұрали Бейсеқожа тоғыз жасында Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының сол кездегі басшысы Балнұр Қыдырбектің қолынан  «Қазақстанның ең жас композиторы» атағын растайтын куәлік алды. Ол скрипка, фортепианода шебер ойнайды. Екі жүзге жуық музыка жазды. Пианист және скрипкашы есебінде талай аламанда топ жарды.  

Нұрали фортепианода төрт жасынан бастап ойнайды. Әкесі жеке бизнеспен айналысса, анасы дәрігер болып еңбек етеді. Ата-анасы музыка мамандары болмаса да, үш баласы Жаратушының құдіретімен өнерді серік етіп, сол жолда биіктерді бағындыруда. Ешкімнің нұсқауынсыз пианиноны меңгеріп алған Нұрали бес жасында анасына арнап «Анашым» атты алғашқы шығармасын жазған. Аяулы жанға арнаған әуенінен кейін жас композитордың шығармашылық жолы басталды. Бірінші сынып оқитын кезінде алғаш Алматыдағы Қазақконцерт залында «Анашым» атты шығармасын скрипкада орындап берген. Бірінші шыққанында қатты қобалжығанын да сөз арасында айтып өтті.
Өзі жазған шығармасын әуелі әкесі мен анасына, аға-інілеріне фортепианода ойнап беріп, олардың пікірімен санасады. Әуендердің  көпшілігін оңашада жазады. Ол өзіне ұнайды. Негізгі бағыты – лирика жанры. Әр туындысының өз тарихы бар. Мәселен, пандемия кезінде халықты қолдау мақсатында «Үміт сәулесі», «Шипа», «Соғыссыз әлем» туындысын жазды және ол шығармалар көпке ой салды, естігендердің жүрегін елжіретті.  Өзі бұл турасында: «Музыка әуелі композитордың жүрегінен шығу керек, сол кезде тыңдарманға жетеді. Өйткені музыка – үлкен сиқыр. Бір шығарма арқылы қаншама оқиғаны баяндауға болады. Тіпті, адамның сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімін де жеткізуге болады», – дейді. 
Қазақстан спортының тарихында есімін алтын әріппен жазып кеткен жасын ғұмыр Денис Тен дүниеден өткенде кейіпкеріміз «Аққан жұлдыз» шығармасын жазды. Дәл сол туындысы талайдың  жүрегін бір тебірентіп өтті. Үйіне арнайы телеарнадан тілшілер келіп, оларға дәл сол туындысын орындап берген. Түсірілім аяқталғаннан кейін саусағының ауырғанын анасына айтқан. Анасы дәрігерге апарып көрсеткенінде кішкентай бөбегінің сынып кеткенін айтқанда қатты таңғалған. Сынып кеткеніне қарамастан туындысын соңына дейін орындап бергеніне тәнті болған.  
Жас композитор әлем музыкасының жауһарлары Шопен, Моцарт, Бетховен, Бах, Чайков-ский және қазақтың бағына біткен Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты тұлғалардың шығармаларын сүйіп тыңдайды.  
Бүгінде ғаламтор арқылы да өнімді еңбек істеп жатыр. Өзінің орындауындағы шығармаларын сонда жүктеп отырады. Тіпті, кей шығармасының атын көрермен қойсын деп ұсыныс та айтады. Ол жөнінде өзі: «Бір тыңдарманыңнан болсын жылы пікір есту – адамды шабыттандырады. Жақсы шығарма жазуға барымды саламын, қажыр-қайратымды, ақыл-ойымды аямаймын», – дейді.  Ютуб арнасында он мыңнан астам жазылушысы бар және әр видеосының арасын суытпай жүктеп отыруды дағдыға айналдырған. Айтпақшы, бірде инстаграм желісінен Димаш Құдайбергенов көріп, жылы лебізін білдіріп, болашағына сеніммен қарайтындығын жеткізген.  
Бүгінде Нұрали Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында оқиды. Ағасы Ғаламат Бейсеқожамен бірлесіп бірнеше туынды жазды. Ағайындылар  өз өнерімен көрермен ықыласына бөленіп жүр. Ал кейіпкеріміз болашақта төрткүл дүниені аралап концерт беруді армандайды.

Серік  ҚАНТАЙ