ҮЗДІКТЕР ҮКІЛЕНДІ

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 1070
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ даласы өнерпаздарға бай. Бірі жанынан ән шығарып, айналасын думанға бөлесе, екіншісі музыкалық аспапты меңгеріп, сиқырлы саз төгілтеді. Соған орай Жетісу жерінің мамандары «Жас виртуоз» атты Республикалық байқауын өткізіп, балалар мен жасөспірімдердің арасынан аспапта шебер ойнайтындарын іріктеді.

Белгілі музыка майталмандары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Басықара, Өзбекстан Республикасының халық әртісі Фарух Садықов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектебінің директоры Нұркен Әшіров, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Талдықорған балалар өнер мектебінің директоры Тұрсынхан Қарақожаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер-композитор Әли Алпысбаев болашағынан үміт күттіретін өнерпаз жастардың еңбегін бағалап, үздіктерін үкіледі. Баспасөз мәслихатында музыка мәдениетінің озық үлгілерін жаңғыртуға, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтауға, дарынды жасөспірімдердің арасындағы жаңа есімдерді анықтауға, ұлттық өнерді дамытуға, жас өнерпаздарды қолдауға арналған конкурсқа еліміздің барлық аймағынан 30-ға жуық дарынды жастың қатысқанын жеткізген мамандар оларды іріктеу орындаушылық шеберлігіне қарай жүргізілгенін атап өтті.
Тақырыпқа қатысты қойылған сұраққа жауап берген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Төлеужан Ғұмаров:
– Әр аспапқа жан бітірген өнерпаздарды төрт номинация бойынша іріктеген байқау облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен биыл бірінші рет өткізіліп отыр, – деп өнер додасының ерекшелігін таныстырып өтті. – Байқауға төрелік жасаған әділқазылар алқасы қай өнерпаздың қандай мүмкіндігі мен ерекшелігі бар екенін анықтап, нақты мәліметтерге көз жеткізді. Сол арқылы бұл байқаудың өскелең ұрпақтың келешегі мен ұлттық мәдениетке қажеттігін бағамдады. Істеріңізге сәттілік тілеймін!
Конкурсқа қатысушылардың арасынан үздік шығып, І орын алған өнерпаздар 150 мың теңгені, ІІ орын иегерлері 100 мың теңгені, ІІІ орынға лайықты деп танылған өнерпаздар 70 мың теңгені еншіледі. Бұл жасөспірімдердің музыкаға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнердің дамуына әсер етері анық.
Өнер байқауының соңы үздік шыққан өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

М. Әсетұлы